ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ДАМУЫ ҚОҒАМНЫҢ ҚАЛАУЫНА ТӘУЕЛДІ МЕ?

558 көрілім

Әлемдік сарапшылар 5G технологиясы өмірге енгеннен бастап керемет мүмкіндіктер мен жаңалықтар алып келгендігін айтады. Тіпті ірі телефон компаниялары 5G интернетін бірден қолда­ныс­­қа енгізіп үлгерді. Бұл жүйенің артықшылығы – 4G-ден мың есеге дейін жыл­да­мырақ. Мәселен, қолданушы толық метражды фильмді ап-анық күйінде бірнеше секундта-ақ жүктей алады. Сондай-ақ, цифрланған заманауи бизнеске жаңа айналым алып келе алатынымен ерекшеленеді. Тізбектей берсек, жаңа мобильді жүйе барлық салаға оң ықпал ете алатын болып тұр. Осы мүмкіндікті ескерді ме, 2021 жылы Түркістан еліміздегі 5G желісіне қосылған санаулы қалалардың біріне айналды. Алайда, іске қосылғанына екі жыл асса да жоғарыда аталған «керемет өзгерістер» рухани шаһардың интернет қолданысына анау айтқандай өзгеріс әкелмеді. Себебі қаланың өзінде байланыс желісі нашар аймақтар бар. Әлде біз  бесінші ұрпақ технологиясын дұрыс пайдалана алмай отырмыз ба? Осы сұрақ төңірегінде толық тарқатып көрелік.

Әлемдік ғалымдар енді адамзаттың барлық салада жұмысы жеңілдейтінін айтып, мобильді қызметтің жаңа инновациялық әлемге қадам басқанын хабарлады. Жаңа мүмкіндікті әлем елдері ішінен ойланбастан бірінші болып іске қосқан АҚШ пен Оңтүстік Корея болатын. Ал 2019 жылы Қазақстан АҚШ, Оңтүстік Корея, Швейцария және Эстониямен бірге жаңа желіні енгізуді пилоттауға көшкен әлем елдерінің ондығына кіреді. Араға екі жыл салып, дәл осы жоба түркі әлемінің рухани астанасы атанып кеткен – Түркістанға да жетті. Интернет 5G технологиялары 4G технологиясымен салыстырғанда жоғары өткізу қабілетімен ерекшеленеді. 4G желісіндегі ең жоғары жылдамдық секундына бір гигабит болса, 5G үшін 20 гигабитқа дейін жетеді. Жалпақ тілмен түсіндірер болсақ, бұл – жоғары сапалы фильмді жиырма есе жылдам жүктеуге болады деген сөз.

«БӘРІ БОС СӨЗ»

Алайда бұл тұжырымды Сұлтан Еділ есімді қала тұрғыны бос сандыраққа балайды. Себебі ол өзі тұратын аймақта 10 жылдан бері интернет жүйесінде ешқандай өзгерістің болмағанын айтады.

– Осының бәрі бос сөз екенін барлығы біліп тұр ғой. Р.Аюповтың кезінде 5G қосылды деп жар салды. Бірақ сол уақыттан бері не өзгерді? Мәселен мен, Түркістан қаласына жақын Қарашық аумағында 10 жылдан бері тұрамын. Шыны керек, он жылдан бері интернет жүйесінде ешқандай жылжу, өзгеріс болған жоқ. 5G түгілі байланыс шыққанына қуанамыз. Бәріміздің қолымызда соңғы үлгідегі смартфон, гаджет. Бірақ қарапайым интернеттің өзі дұрыс ұстамайды. Менің бүгінге дейін түсіне алмай келе жатқаным, неге 5G желісін іске қоспастан бұрын, өңірдегі интернет жүйесінің сапасын дұрыстамайды? Тіпті соңғы уақытта интернет жылдамдығы одан сайын төмендеп кетті. Осының бәріне сауатты жауап бере алатын маман бар ма? Болса халыққа түсіндірсін, айтсын. Тіпті осы мәселе төңірегінде кімге барып шағымдану қажеттігін білмейді екенмін, – дейді, қала тұрғыны.

Ал жоғарыдағы тұрғынның базынасына Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқарма басшысының міндетін атқарушы Мағжан Мырзасеитов жауап берді. Ол интернет желісінің бәсеңдеп кеткенін қолданушылардың артқанымен байланыстырады.

– Интернет жылдамдығы төмендеп кетті деген болмайды. 5G-дің өзі бөлек жүйе. Ол басқа желілердің жылдамдығына әсер ете алмайды. Ал неге 4G төмендеп кетті деген сұраққа келер болсақ,  күннен күнге желілерге деген сұраныстың жоғарылағанымен түсіндіруге болады. Мысалы бұрын ұялы байланысты қолданушылар саны салыстырмалы түрде аз болған. Ал қазір күннен- күнге қолданушылар саны артуда. Ал қолданушылардың көптігі интернет желісінің жылдамдығын азайтады. Дәл осы мәселе бізде қазір қаралуда. Керекті жерлерге арнайы станциялар орнаттық. Ал 5G-ге келер болсақ, смартфон сатып алардан бұрын, кез келген компания өздері ұсынады. Мысалы Samsung компаниясынан смартфон алдыңыз делік. Оларға 5G ұстауы қажет десеңіз, компания сол желілік жүйені орнатып беруге тырысады немесе 5G қосыла алатын смартфонды ұсынады – дейді, Мағжан Мырзасеитов.

Әрине бұл тек бір жақты саралау. Себебі жаңа технологияның пайда­сы­мен қатар зияны да ілесе жүрмек. Мәселен жоғарыда сала басшысы атап өткендей стансалар орнатылуда. Ал қала ішінде онсызда 5G-ге көшу үшін стансалар жиі ор­натылған.

5G ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ШУ: ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

Ал, дәрігерлер антенна са­нының артуы адам ағзасына зиян тигізетінін айтуда. Жылдам жұмыс іс­тейтін электромагниттік желінің тол­қындары адам денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Дәрі­­герлердің сөзінше, дене аталған толқындарға бейім­делгенімен, бас ауруы, қан қысымы мен жүрек соғысы жиілейді екен. Тіпті шетелдік ғалымдар 5G базалық стансасының  әсері қатерлі ісік ауруларына алып келетінін дәлелдеген. Бүгінде бұл шулы тақырыпқа байланысты көзқарас екіге бөлінді. Ғалымдар технологияның ең озық түрін белсенді қолдануды насихаттаса, енді бірі адам денсаулығына қауіпті екенін ескертіп әлек. Алайда IT мамандары бұл мобильді жүйе жаңалығын жақсы қабылдады. Себебі, олар технологияның ілгерілеуіне едәуір септігін тигізеді деген ойда. Мысалы IT маманы Ғасыр Құралбай жаңа мүмкіндікті барынша пайдалану керектігін айтады.

«5G (generation) дегеніміз, аты айтып тұрғандай жаңа технология. Адамдардың барлығы жаңа технологияның сигналды толқындарынан қорқуда. Мұны ғылыми тілде «радиофобия» деп атайды. Яғни толқындар адамның денесіне өтеді, зиян келтіреді деген сияқты түсінікте. Бұл мәселе кезінде, дамыған елдердің барлығында басты тақырыпқа айналған. Тіпті, халық наразылық танытып, шерулерге де шықты. Ал шын мәнінде, біз қолданатын тұрмыстық технологиялардың барлығы сигналды толқын тарқатады. Кез келген технологиялық жүйе қолданысқа енбестен бұрын денсаулық сақтау ұйымының алдынан өтетіні белгілі. Дамыған елдердің барлығы қазір 5G стансаларын орнатып қойған. Қателеспесем, Қытайдың өзінде 2 млн базалық точкасы бар. Енді әрі қарай өзіңіз пайымдай беріңіз. Ал Қытай бұл қозғалысты «ғылым саласындағы жаңашыл нәтиже» деп насихаттайды. Технологияға деген идеология дұрыс болғандықтан, халық та түсінеді. Кез келген жаңа жүйенің тарихын алып қарасақ, қарсы шығатын белгілі тарап болатыны анық. Біз ол көзқарасқа құлақ асып, нәтиже көре алмайтынымыз анық. Себебі ертең 5G іске қосу керек пе деп ойланып жүргенде 6G шығады. Сондықтан көштен қалмай, заман талабына ілесу маңызды. Сосын халық арасында «ауылдық жерлерде 3G-дің өзі ұстамайды, неменеге 5G-ге бас ауыртасыңдар?» деген пікір бар. Алайда 3G-дің антенасын орнатқанша бірден 5G стансаларын іске қосқан дұрыс. Сосын технологияға деген насихатты күшейту керек. Себебі, халық кез келген жаңа жүйенің тиімді тұсын мүмкіндігінше пайдаланып қалуы шарт. Ал ол үшін дұрыс месседж қалыптасуы, жүйелі идеология қажет. Бұл салада әлі көп зерттеулер болатыны анық»,  – дейді, Ғасыр Құралбай.

Бүгінде, Түркістан қаласында 9 локация бойынша 5G мобильді интернеті іске қосылған. Олар: Әуежай, Экобазар, «Түркістан-арена» алаңы, Конгресс холл, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, гүлдер паркі, «RIXOS» қонақ үйі, «Керуен сарай» кешені және Халықаралық туризм және меймандостық университеті. Ал Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқарма деректеріне сүйенсек, алдағы уақытта Кентау, Арыс қалаларымен аудан орталықтарын бесінші буынды 5G мобильді интернетін қосу жоспарланған.

2024 жылы әлемде 5G-ге қосылған гаджеттер саны 2 мил­лиардқа жетеді деген болжам бар. Демек, біз қаласақ та, қаламасақ та базалық стансалар құрылып, технология ілгерілей беретіні анық.

Ғалия  БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы