«ҚАЛАНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫНА БӘРІМІЗ ДЕ ЖАУАПТЫМЫЗ»

526 көрілім

Түркістан түркі дүниесінің рухани астанасы болып қана қоймай, тазалық, адами, ізгілікті қарым-қатынастар бойынша да басқа қалаларға үлгі болуы тиіс. Бәріміз үшін Әл-Фарабидің «Ізгі қаланың тұрғындары» деген еңбегінің маңызы өте зор. Осы орайда біз Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Ерсейіт Бұхарбаевпен сұхбаттасқанбыз.

– Ерсейіт Ермекұлы, «Тазалық табалдырықтан басталады» дейді халқымыз. Қаладағы саябақтар мен гүлзарларды және тағы да басқа қоғамдық орындарды санитарлық тазалау жұмыстарының жайын білсек.

– Түркістан қаласында гүлзарлар мен саябақтарды күтіп ұстауға арналған арнайы «Жасыл Түркістан» деген мекеме жұмыс жасайды. Жалпы ол мекемеде 280-ге жуық қызметші бар. Олардың басты міндеті осы қала ішін қоқыстан арылту. Жаз, күз және көктем мезгілдерінде қоқыс тазартудан бөлек, шөп ору, тал егу сол талдарды суару деген сияқты жұмыстармен де айналысады.

– Қала тұрғындарымен бірлесіп қандай іс-шаралар мен экоакциялар атқарылады?

– Бізде қала тұрғындарымен бірлесе отырып атқарылатын іс-шаралар көп. Әсіресе көктем және күз айларында қарқындылық танытамыз. «Отбасыңмен он тал ек» секілді акциялар ұйымдастырылады және қалалық сенбіліктер өткізіп жатамыз. Қала көшелеріндегі үгіт –насихат тақтайшаларын көбейту арқылы қала тұрғындарын тазалыққа шақырамыз. Біздер тек тұрғындармен ғана емес, сонымен қатар полиция басқармасымен де бірігіп жұмыс атқарамыз. Барлық алты сектордың тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, «Таза аула», «Таза көше» айдарлары бойынша кешенді жұмыстар жасап, егілген талдарды күтіп-баптау жұмыстарын тұрғындарды тартып, оларды ынталандыру жолдарын қарастырып келеміз.

Қала көшелеріне қоқыс тастау деген сияқты ұсақ тәртіп бұзушылықтар орын ала қалса, полицейлердің көмегіне жүгініп тиісті айыппұлын төлетеміз. Бірақ біз түркі дүниесінің төркіні ретінде рухани жағынан ғана емес, тәртіп, тазалық жөнінен де басқаларға үлгі болуымыз керек. Қоқысты арнайы жәшікке ғана емес, оны сорттап шыныны, металды, қағазды бөлек-бөлек контейнерге тастау арқылы «Түркістан тазалық» жұмысшыларының да қызметіне өз көмегімізді көрсетеміз.

– Қоқыс жәшіктері мен контейнерлер жеткілікті ме?

– Қазір қала тұрғындарының саны жылдан –жылға артып жатыр. Егер қала тұрғындары мен салыстырып есептейтін болсақ жетіспеушіліктер бар. Нақтырақ айтатын болсақ, әкімшілік іскерлік орталығы жағындағы тұрғын үйлерде қоқыс жәшіктерінің жетіспеушілігі бар. Жалпы ескі қала аймақтарында толығымен қамтамасыз етілді.

– «Жетіспеушілік бар» деп сөз барысында айтып қалдыңыз, солардың орны қашан толады?

– Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында деп ойлаймын. Тұрғын үйлерге халық шоғырланған сайын біздер де осы қоқыс жәшіктерін көбейтіп жатырмыз.

– Саябақтар мен қоғамдық орындарды ластау барлық облыста бар проблема. Осы мәселе біздің қалада бар ма, қаншалықты деңгейде?

– Сұхбат басында айтып өткен болатынмын. Иә, бар, бірақ жалпыға бірдей күйе жаға алмаймыз әрине. Қалаға жаны ашып, аяушылықпен де қарайтындар кездесіп жатады. Дегенмен, теріс әрекеттер жасайтындар табылады және солармен күресу мақсатында арнайы ескерту тақтайшалары орнатылған. Сол ескертулерге қарамастан өз қаласына жаны ашымай, көше тазалығына ат салыспаса да, теріс әрекеттер жасайтындармен полиция басқармасымен бірлесіп әлі күнге дейін күресіп келеміз.

– Ерсейіт мырза, қала мәдениеті –қаланың тазалығынан басталады деп жатамыз. Қаланың ортасында орналасқан «Гүлдер» саябағы бүгінде «қоқыс» саябағына айналуға сәл қалып тұр. Бұл жайында не айтасыз?

– Менің білуімше, ол жер жекеменшік фирманың атына берілген. Ал қазір ол фирма ешқандай құрылыс жұмыстарын жүргізбеуіне байланысты мемлекеттік меншікке қайтару жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінде сол жердің қазіргі иесі болып отырған мекемеге тиісті ескерту жасалды. Егер де сол жер мемлекет балансына қайтатын болса, толығымен қоқыстан арылтып қоямыз. Қазір сіздердің осы мәселеге наразылық білдіріп келіп отырғандарыңызға байланысты біздер полиция басқармасына хабарласып, сол жердің иесі атанып отырған фирманың үстіне арыз түсіреміз.

– Тазалығы мен көркемдігі астасқан рухани астана атанып жатырмыз. Рухани астананың табиғи тазалығын сақтаушылардың хал-ахуалы қалай? Мекеме қарамағында жалпы қанша жұмысшы бар?

– Жалпы Түркістан қаласы бойынша қала ішінің тазалығын қамтамасыз ететін екі мекеме бар. Ол мекемелер конкурс шешіміне қарай бекітіледі. Қазір «Түркістан жарық тазалық» және «Шымкент спец комплекс» мекемелері жұмыс атқаруда. Осы екі мекеме конкурс шешіміне орай қала тазалығына екі жақтап атсалысады.

– Қысқы маусымда қанша техника жұмыс істеуде? Биыл ауа райының күрт суытуы, қардың мол түсуі сіздерге қиындық тудырған жоқ па?

– Ешқандай қиындық тудырмады десек те болады. Себебі, әр жыл сайын алдын ала дайындықтан өтіп, техникаларды сақадай сай қылып қоямыз. Қысқы жылу беру маусымында жалпы 36 техника жұмылдырылып, 310 тонна құм мен тұз бөлінген болатын. Соның арқасында қысқы маусымнан сүрінбей шықтық десек те болады.

– Мекемелеріңіз былтырғы жыл қорытындысы бойынша қанша табыс тапты. Жалпы сіздер ақылы қызмет көрсететін шығарсыздар?

– Мекеме облыстық бюджеттен қарастырылады. Мемлекеттен қаржы алып отырғандықтан ақылы қызмет көрсетуге құқылы емеспіз. Ақылы қызмет көрсететін арнайы жекеменшік мекемелер бар.

– Қаланың көркін жақсартатын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары екені анық. Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысы шөлді аймақта орналасуына байланысты біздер бірнеше бағыттағы кешенді бағдарламалар бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз. Ең бірінші кезекте тал егу, саябақтарды көбейту және көшелерді суландыру. Осы шаруаларды игеру үшін әрине, ең әуелі су тапшылығы болмауы керек. Сол себепті, біздер «Арыс-Түркістан» каналынан және «Кентау-Қосқорған» каналдарынан арнайы арықтар арқылы су жеткіземіз. Ағымдағы жылы қала ішінде орналасқан 17 нысанның аулаларына абаттандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Осындай жұмыстар толығымен атқарылса әрине қаламыздың экологиясы жақсара түсері сөзсіз.

– Өткен жыл бойынша Түркістан облысына қанша тал егілді? Оларды күтіп-баптау жұмыстары қалай жүзеге асырылуда? Отырғызылған ағаштар мен көшеттердің күтімі қалай болып жатыр?

– Жүз мың көлемінде тал егілді. Күтіп-баптау жұмыстарымен тиісті мекемелер тұрақты айналысады. Отырғызылған ағаштар мен көшеттердің күтіміне жауапты «Жасыл Түркістан» деген мекеме бар. Ол мекемеде арнайы техникалары да, жұмысшылары да жеткілікті деңгейде. Талдарды күтіп, баптауға арнайы тыңайтқыштарды қолданып, көктем мезгілінде құрт-құмырсқалардан сақтау жұмыстары міндетті түрде атқарылады.

– Көктем тіршіліктің оянар мезгілі ғой. Бұл орайда қала аумағында қандай жүйелі жұмыстар орын алады? Жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Жоғарыда айтып өткен болатынмын. Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарына екі канал арқылы су келеді. Сол каналдан келетін сулардың арналарын тазарту алдыңғы кезекте тұр. Және екі жүз мың түпке дейін тал отырғызу жоспарымызда бар.

– Бастаған істеріңіздің игілігін көріңіздер. Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Ержан СМАҒҰЛ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы