АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТІМІЗ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

456 көрілім

Биыл кеңес әскерлерінің Ауған жерін біржола тастап шыққандарына 34 жыл толып отыр. Арадан көп жыл өткенімен сұрапыл соғыс жүректерде өшпес із қалдырды. Сонау отты жылдар қазақстандық сарбаздардың жастығын жалмағаны хақ. Әйтсе де сұм соғыс, жыл өткен сайын тарихтың тұңғиығына батуда.  Елдің амандығы үшін жауға шапқан майдангерлер, сол жылдары небәрі 18 бен 20 жастағы көк өрім бозбалалар еді…

Ауған елінде  1979-1989 жылдар аралығында өткен қантөгіс қаншама жастың өмірін қиды.  Соғыс бір елдің ішкі саясатына екінші елдің араласуынан туындаған еді. Ауғандықтарға көмек ретінде Қазақстаннан 22 269 әскер соғыс алаңына аттанып,  761 боздақ опат болды.   Соғыс ешкімді аямайды, жауынгерлердің көбі майданнан  мүгедек болып жаралы күйде оралған. Тіпті із-түссіз ғайып болғандар қаншама. Ұзақ мерзімге созылған соғыста қаншама адам ауыр дертпен күресті. Жалпы саны 115308 адам жұқпалы гепатитпен, 3180 адам – іш сүзек ауруымен, 140665 адам басқа да жұқпалы аурулармен ауырды. Асқынған ауруына, жарақаттануына байланысты армиядан 11654 адам босатылды, 10751 адам мүгедек болды, оның арасында 672 адам – І топ, 4216 адам – ІІ топ, 5863 адам ІІІ топ мүгедегі болды.

АРДАГЕРЛЕР АҒЫНАН ЖАРЫЛДЫ

Асылхан Ағаділов, Ауған соғысы ардагері:

–Мен 1978 жылы Ресейдің Владивосток жерінде әскери борышымды өтеп жүрген едім. Содан 18 жасымда Ауған майданына аттандық. Бірақ бізге соғыстың мақсатын жол бойы түсіндірді. Мен соғыста аэродромды қорғау қызметін атқардым. Әр екі сағат сайын кезекпен шекараны күзеткендей қызметте болдық. Ауғандықтармен қарым-қатынасымыз жақсы болды, себебі біз оларға көмек қолын созған едік. Соғысқа 1979 жылы аттанып 1980 жылдың күзінде қайтуға мүмкіндік туды. Аман-есен  елге оралдық. Бізді Ташкентке дейін жеткізіп салды. Туған жерге тірі оралғанымызға тағдырға риза болып жеттік. Жастық жігермен кеудемізді  майдандағы от пен оққа  тосып, қан кештік.  Әлі күнге дейін соғыстағы сәттер түсіме енеді.Қаншама боздақтар көз алдымызда қаза тапты.  Қиян кескі қан майданға да етіміз үйреніп, қорқу дегенді білмеппіз. Қазір соларды есіме алсам қорқамын.

Қазіргі жастарға париоттық тәрбие жетіспейді. Жастар әскерге барып борышын өтеуі керек. Сол кездерде отан қорғау деген басты мақсат болатын, себебі бізді солай тәрбиеледі. Ал қазір соғыс ошақтарында азаматтар өз елдерін тастап қашып жатыр. Ата-бабамыз аманат етіп қалдырған ел мен жерді қорғау керек ол басты міндет. Әрбір адам патриот болуы және кез-келген жағдайға дайын тұруы қажет.

Абдусаттар Патшаханұлы, Ауған соғысы ардагері:

– Біз соғысқа бара жатқанымызды жолда бір-ақ білдік. Қазіргідей емес, ол кезде   «ешкім соғысқа барасың ба, бармайсың ба» деп сұрамайды.  «Барасың!» дейді, бітті.  «Бұйрық талқыланбайды тек орындалады» деген қағидамен бізді 1979 жылы Шымкент қаласынан тіке Украинаға алып кетті онда 4 ай қызмет еттім. Одан соң Молдавияда 2 ай жүрдім. 1980 жылы ақпанда Ауғанстанның Шындант қаласынан бір-ақ шықтым. 19 жасымда алғаш рет қолыма пулемет ұстадым. Елге 21 жасымда оралдым. Қазір соғыс ардагерімін.

Сырлыхан Байменов, Ауған соғысы ардагері:

– Ауғанстанға 1986 жылы ақпан айында аттандым. Соғыста танк жүргізушісі болдым. Ауған елі 1979 жылдары Ұлы Британияның отарындағы мемлекет еді. Ал Қазақстан КСРО-ның құрамында болды. Сонда майдан ортасында тұрып командирімнің айтқан сөзі бар еді. Осында Американың базасы орнаса онда шекаралас мемлекеттердің барлығына қауіп төнеді. Ол тұста ұлттық мәселе  сөз болған емес. Біз ұлт болып емес, біз бір әскер болып соғыстық.  Біз әскер қатарынан қалуды намыс көретін едік. Бүгінде жастардың көбі әскерге барғысы келмейді. Менің айтарым әскерге жас жігіттер баруы тиіс, ел басына күн туса қолына қару алып Отанды қорғайтын кім? Әрине ел азаматтары! Қазіргі әскерде тәртіп жоқ.  Әскердегі жас сарбаздардың  өлім-жітімі жаныма батады. Біздің дәуірде әскерде сарбаз өз-өзіне  қол жұмсапты дегенді сирек еститінбіз. Бұл жағдай біртіндеп  қоғам дертіне айналуда, бұл жақсылықтың нышаны емес.

Қалас  Рүстемұлы, соғыс ардагері:

– Мен 1986 жылы маусым айында майдан ортасынан бір-ақ шықтым. Елге 1987 жылы жаз айында оралдым. Соғыста басыма мина жарықшағы  тиіп, ауыр жараландым. Қазір ІІІ топ мүгедектігімен тіркеудемін. «100 күндік ашаршылықтан бір күндік соғыс жаман». Соғыс бізді жүрек ауруына душар етті.  Қанқұйлы соғыс  менің психологияма қатты әсер етті. Сол жылдары жаназада көзімнен жас шықпайтын. (Бүгінде  теледидардан көрген сериалдарға жүрегім шыдамайды). Биік таулардың бойымен әуеде ұшқанда құлағымыз 14 күн  бойы  естімей қалатын. Соғыста көрмегенді көрдік қой. Дегенмен соғыстың аты соғыс, намысқа тырысып борышымызға адал болдық. Соғыстың салдары әркімге әрқалай әсер еткен.

Жастарға айтарым ата-бабадан қалған байтақ жеріміз, байрағымыз бар. Тәуелсіз мемлекетпіз!  Әрбір ер азамат әскери мектептен өтуі тиіс. Біз 15 мемлекеттен жиналған сарбаздар, бір үйдің баласындай өмір сүрдік. Тіпті әлі күнге дейін араласып тұрамыз.  Еліміз тыныш болсын, соғыс болмасын!

АРДАГЕРЛЕРГЕ ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

– Мемлекет тарапынан Ауған ардагерлеріне деп жылда бір мадақтау қағазын беретіндері болмаса аса көңіл бөлгендерін көрмедім. Соғыс болған жылдары ауғаншыларға қолдау болмаған еді. Алайда ай сайын мемлекеттен берілетін 25 мың теңге сыйақысын алып отырамыз, – дейді Асылхан Ағаділов ағамыз .

«Әкем соғыстан аяғы сынып келген, бірақ ешкімге тіс жармаған,  ешкімге айтпаған соң аяқ  гипстің ішінде тұрып, бітіп кеткен. Сол кезде әкем жастықпен  намыстанып айта алмаған екен. Кезінде дәрігерден анықтама алмағандықтан  қазір оны соғыста сындырып келдім деп дәлелдей алмаймыз. Жарымжан аяқтың зардабы енді сезілуде: өз аяғынан 4-5  өлшем үлкен аяқ киім киеді. 5-ші қабатқа әкемнің балдақпен түсіп-шығуы да қиын. Осы мәселеге қатысты  мемлекет тарапынан жер үй қарастырылса екен»-, дейді ардагердің қызы Ақтолқын Ақәділова.

Сырлыхан Байменов:  «Біз соғыстан оралған бойда Ауған соғысының ардагерлері мен Ұлы отан соғысының ардагерлері тең дәрежеде болатын. 2020 жылы МӘМС жүйесін алып тастады. Ауруханаға барған кезде кезектен тыс ешкім ардагер ғой деп елемейді. Керісінше ауған соғысының жалғыз ардагері сіз емес шығарсыз деп мұқататындары да болған. Рас, нағыз соғысты көзімен көрмеген адам сені түсінбейді. Мен соғыстан жараланып келмедім. Қазір Ауған соғысының ардагері ретінде мемлекет тарапынан 21 мың теңге сыйақы алып отырмын.  Бұл, қайта  21 мың теңгеге көтерілгені ғой.  Кезінде Ұлы отан соғысы ардагерлерімен бізді теңестірген болатын, қазір статусымызды алып тастады. Соны қайта қалпына келтірсе  деген тілегіміз бар. Бұрындары қоғамдық көліктерде ақысыз жүретінбіз ал қазір ол жеңілдік те қысқартылды.    Соғыс ошағында жүріп ауырмай сау оралған адам жоқ шығар. Барлығымыз «ауған синдромының» құрбандары болдық! Ауған соғысының ардагерлеріне жылына бір реттік ем алуға жолдама беріледі, бірақ шипажайларға тек мүгедектігі бар азаматтар ғана жолдама ала алады».

Абдусаттар Патшаханұлы: «Кеңес үкіметі кезінде жақсы жеңілдіктер болатын. Дегенмен бүгінімізге де шүкір дейміз.  Көлік пен үй салығын төлемейміз. Жылына бір рет шипажайларға жолдама беріледі, алайда ауруханалар қызметі ақылы. Тіпті кезектен тыс кірмек болсаң айқайдың астында қаласың. Соғыс кезінде басымнан жарақат алдым «контузия» мидың шайқалуы деген диагноз қойылды. Бүгінде мүгедектікпен тіркеуде тұрамын. Басым ауырған сәтте соғыстың шырмауына қайта түскендей болып жаным қиналады. Адам тәні ауырса оның емі бар ғой ал жаның ауырса ше?»

«Жыл сайын ақпан айының 15-ін соғыстан қайтқан боздақтарымызға арнап, өз арамызда құран бағыштаймыз. Бұрындары кеңес үкіметі кезінде бұл күнде әкімшілік арнайы іс-шара ұйымдастырып, атап өтетін. Қазір тек өз арамызда ғана еленіп қаламыз. Ел ішінде ардагерлерді қолдаймын деген еріктілер де бар. Ауған соғысы ардагерлерінің арасында ішінара өзіміз де құран бағыштаймыз», – дейді Қалас Рүстемұлы.

ТҮЙІН

Бейбіт заманда, құрметке лайық ардагер ағаларымыздың жай-күйі ешкімді алаңдатпағаны жүректі қынжылтады. Ел басына күн туғанда  қолға қару алып, қан төккен  қаһармандарымыздың қоғамдағы алар орны ерекше дейміз-ақ. Сұрапыл соғыста қаншама әскер зардап шекті. Қантөгістен елге оралғандардың көбі күйзеліске ұшырады. Тіпті қарулы қақтығысқа қатысқандарға сатқындық жасады деген айып тағылды. Сол себепті Ауған соғысына қатысқандарды ол кездері дұрыс жұмысқа қабылдамайтын. Шынтуайтында ардагерлердің еңбегін ешкім елемеді.  Бүгінде ардагерлер арасында жұмысқа жарамсыз болып қалғандар саны өте көп. Тіпті соғыстың аяқталғанына 34 жылдың жүзі болса да, әлі күнге дейін жоқшылықта тіршілік етіп жүргендер қатары азаймай тұр. Мысалы, Асылхан аға бүгінде І топ мүгедегі. Сұм соғыс қарияның аяғын жалмаған. Бүгінде ағамыз көпқабатты үйдің 5-қабатында тұрады. Күнделікті баспалдақпен жоғары көтеріліп түсу қарияға оңай емес. Сол себепті ағамыз ешкімнің мазасын алмайын деп  төрт  қабырғаның ішінде қамаулы. Ардагердің өз атында үйі де жоқ, бүгінде 4 қызы әкесінің жанына жалау болып жүр. Осы орайда ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіп жүрміз бе деген ой келеді санаға.

Нұрсұлу  ҚУАНЫШҚЫЗЫ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы