- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры М.Қабденов:
Қазір қоғамда шетелдік көліктерді заңдастыру мәселесі қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты түркістандық тұрғындардан өздерін толғандырып жүрген сауалдар редакциямызға келіп түсуде. Оқырмандарға нақты жауап ұсыну үшін «Керек кеңес» айдары аясында Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Талапұлы Қабденовпен сұхбаттасқан едік.

– Мұрат Талапұлы, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысында қанша адам көліктерін заңдастырды?
– Түркістан облысында шетелдік көлікті заңдастыру бойынша 5000-нан астам тұрғыннан өтініш келіп түсті. Нәтижесінде 1420 көлік толық тексеруден сәтті өтіп, қазақстандық нөмір иеленді. Оның ішінде 1383-і ресейлік болса, 27-сі армениялық, ал Қырғыз бен Грузия елінен 4 көліктен, Оңтүстік Корея мен Латвиядан 1 көліктен тіркелді. Қосымша айта кетерлігі, аталмыш шара 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін өткізіледі. Алғашқы тіркеуге жататын шетелдік автокөліктердің жасына және экологиялық санатына талаптар қойылмайды. Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы автоцонға барып беруге болады. Тіркеу үшін көлік иесінен өтініш, өтініш берушінің жеке куәлігі, көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлігі, көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат қажет. Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін кіргізіледі. Салыстыруды полиция органдарының криминалистері жүргізеді. Мұнда әкімшілік полиция қызметкерлері де құқықтық кеңес беріп, халыққа қызмет етеді. Тексеруден өткеннен кейін 2 күн ішінде көлікті заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығарылады. Тексеруден сәтті өткен жағдайда ұялы телефонға оң нәтиже туралы қысқа хабарлама жіберіледі. Осы талаптарды әрбір өтініш беруші есте сақтауы қажет деп ойлаймын.
– Көп адам шетелден бөлшектеніп келген көліктерін заңдастыруға ұмтылуда. Бүгінгі күнге дейін аталған мақсатта қанша адам өтініш білдірді?
– Науқан басталғалы Түркістан облысында бөлшектелген көлік иелері арызданбаған. Бұл мәселе аталған көлік иелерінің әрекетінен нәтиже бермейтінін ашып айтуымыз керек. Осы орайда автокөліктерді заңдастыруға жататын нақты шарттар белгіленгенін жеткізгім келеді. Бірінші шарт, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі керек, одан әрі іздеуде болмауы қажет, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болуы тиіс, кедендік тазартудан өту керек. Ал кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерден әкелінген көліктер өтпейді.
– Бөлшектеніп келген, шетелде тіркеуде тұрған көлік иелері облыс аумағындағы өтініш білдірушілердің шамамен қанша пайызын құрайды?
– Жоғарыда атап өткенімдей біріншіден мұндай көлік иелері арызданбаған. Осыған байланысты полицейлер көліктің бөлшектелген немесе бөлшектелмегенін біле алмайды. Сонымен бірге, бұл жағдайда жүргізуші құжат ұсынғанда ол туралы шешім арнайы жүйе арқылы қарастырылады. Сондықтан өтініш иесіне жауап та жүйенің қорытындысына соған сәйкес беріледі.
– Сонымен бірге, шетелде тіркеуде тұрған көлік иелерінің жағдайы қалай болмақ. Олар көлігін заңдастыру үшін шетел асып, сол жақтың есебінен шығарып келуі қажет пе?
– Әрине, заң талаптарына сай солай болуға тиіс. Көліктерді есептен шығарып алып келу ол көлік иелерінің міндеті. Мемлекет бөтен мемлекет азаматының атында тұрған көліктерді есептен шығара алмайды, ол құжат бойынша біреудің мүлігі болып есептеледі.
– Көлікті тіркеу үшін әрбір азамат қанша қаржы жұмсайды?
– Көлік иесі алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін – 4 313 теңге және мемлекеттік нөмір үшін – 9 660 теңге мемлекеттік төлемдерді төлейді. Содан кейін құжаттардың түпнұсқаларын АвтоЦон қызметкеріне тапсырады. Тіркеу аяқталғаннан кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты және мемлекеттік нөмірлері беріледі. Ал Түркістан облысы бойынша АвтоЦон Түркістан қаласы, Мақтаарал, Ордабасы, Сайрам және Сарыағаш аудандарында бар. Осы жерлерге келіп, шетелдік көлігіңізді заңдастыруға толық мүмкіндік бар.
М.ДӘУЛЕТОВ,
«Түркістан».