Әшірбек Сығай! Қара сөздің хас шебері, сөйлесе қызыл тілдің шешені. Бұл өңірде оны білмейтін адам кемде-кем. Хантағының тумасы, халықтың еркесі. Жанын жаннатқа беріп, мына қым-қуыт тіршіліктен демалып, дамылдап жатқанына да биыл сегізінші жыл. Ел сағынады, аңсайды. Жымия күліп, нұрлы жүзімен айналасына шуақ шашар келісті келбетін, әзіл-қалжыңға, жеңіл оспаққа тояттатқан тәтті кездерін іздейді. Отырған жері думан, шалқыған көңіл… бір өзі – бір театр дерсің. Кім-кімді де бет-жүзіне қарамай шырпып өтетін, айтар ойы жасындай, шынның жүзінен де қаймықпайтын нағыз талант иесі еді. Қазір шындықты шырқырата айтар адамдар да қалмай барады. Өңкей жылмаң қаққан жарамсақ жалпақшешейлер. Әшағаң еске түскенде, шегендей түртер парасатты ойларын санаңнан жүгірткенде, осыны бір ойлайсың.

Ілгеріде театрдың талғампаз жұрты сөз өнерінің сары баласына – Әшірбек сыншыға сыншы ретінде сыйластықпен ғана қарайтын, қазір оны көкіректері қарс айырыла, көздерінен аққан жасты жиі сүртіп, қатты қамыға еске алатын болған. Қазір кең байтақ өлкеміздің әр тұсында Әшағаңа көше аттары беріліп жатыр. Жуырда Түркістанда да сырбаз сыншыға мектеп атауы берілді. Естелік кітаптар шығарылып, фильмдер де түсірілуде. Осылайша өзге жұрт сара сыншының ерен еңбегін, елге тигізген шарапатын биікке көтеруге тырысып-ақ жатыр. Сығайдың есімі естіле қалса, «жерлесіміз ғой» деп иіп, теледидардан шыға келгенде, «бұл жолы не дер екен, енді кімді сойып салар екен?» деп айыздары қанып отыратын бұл өңір, енді асыл бейнесі әлі арамызда екен ғой, рухы өлмейді екен ғой деп шүкіршілік етуде.
Әшағаңның қасында інісі боп еріп көп жүрдім. Бірде байсалды кейіпке еніп, театр өнерінің тынысы жайлы ағыла сөйлеп, таланттар турасында тартымды ой қозғап жатса, енді бірде еркелеп, балаң күйге түсіп, өзіне ғана жарасымды әзіл-қалжыңға ерік беріп жататын. Онымен таңды таңға ұрып қанша әңгімелессең де жалықпайтынсың. Әңгімені әдемі айтады, образдап жеткізеді, тура оқиға ішінде жүргендей күйге енесің. Ауық-ауық үлкен демей, кіші демей желпінтіп, қағытып қоятын әзілдері де бар.
Өз басым дәл Әшекеңдей шешен адам көрген емеспін. Сахнада тұрып байсалды кейіпте байыппен әңгіме айта бастағанда зал сілтідей ұйып тыңдай қалатын. Білгірдің аты білгір. «Ылдидан салса төске озған, ертеден шапса кешке озған» жүйріктің нағыз өзі. Қамшы салдырмайтын, желмаяша желдей есіп қоя беретін. Мың кісіні ауызына қарата бипаз сөйлейтін көркем сөздің шебері Райымбек Сейтметтің өзі Әшағаңның шешендігін мойындағанын өз көзіммен талай көргем.
Жүрегінің бір жартысын туған өлкесі – Түркістан, Кентауға, өскен жері – Хантағыға арнаушы еді. Жолы түсіп осы өңірге сапарлай келсе, тау аңғарындағы Байдүсендей ескі жұртқа соқпай кетпейтін. Байқап жүрміз, Әшірбек Сығай тұлғасы ол кеткеннен кейін күннен-күнге іріленіп бара жатқан сияқты.
Рухани ұстазы әрі аға досы Райымбек Сейтмет Алматыда жүріп, 1962 жылы оқушы бала Әшірбекке: «Айналайын, Әшірбек інім! Дүниетанымыңды байыта түс. Айналаңда болып жатқан түрлі жағдайларға деген өз көзқарасыңды пысықтағайсың. Орта мектепті бітіруіңе әлі екі-үш жыл бар екен. Түбі – жолығармыз!» деп ыстық ілтипатын хат жазыпты. Осы хат Әшағаңа қамшы болып, Алматыға жетеледі. Ағасына жолықты. Екеуі өнерде қатарласа жүріп, ел ілтипатына бөлінді.
Түркістанда екі өнер қайраткерінің есімдері бүгінде қатар аталады. Сахна саңлағы атындағы театр бар, театр сыншысы атындағы мектеп бар. Ендігі тұста театр маңдайшасында «Райымбек Сейтмет атындағы театр» деп тұрған-дай, мектеп маңдайшасында «Әшірбек Сығай атындағы орта мектеп» деп жар-қырай жазылып тұрса, келер ұрпақтың да өнерден құр алақан болмай, Түркістан атын жақсы жағынан таныта беретініне кәміл сенімдіміз!
Бекжігіт СЕРДӘЛІ,
ҚР мәдениет қайраткері.