- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
«Біз түркістандықтармыз!» айдарының қонағы түркістандық танымал асаба Бекболат Шекербек мырзамен емен-жарқын, еркін сұхбат құрған едік.
– Әңгімені өзіңізбен танысудан бастасақ. Балалық шағыңыз қайда өтті? Мектепте қандай оқушы болдыңыз?
– Мен Түркістан, қазіргі “Бекзат” мөлтекауданында дүниеге келдім. Қазір сол қарашаңырақта ата-анамның қолында тұрып жатырмын. Үш перзенттің әкесімін. Мектепте сабақты аса жақсы оқымадым. Алайда осы өнерге жақын болдым. Әнші бола алмасам да, атамнан дарыған сөз өнерімен 2015 жылы асабалыққа келген едім. Бес жыл таңдамай той басқардым. 2020 жылы кіші қажылыққа барып келгеннен кейін, тек арақ-шарапсыз жерде жүрейін деген шешімге келдім.
– Карантин кезінде той біршама тоқтап қалғандай болды. Ұзақ үзілістерден кейін тойға оралу қалай болды? Есіңізде қалған тойдағы қызықтармен бөліссеңіз?
– Карантинде де той үзілген жоқ. Бәріміз тойхананың артқы есігінен кіріп, заң қызметкерлерінен қашып жүріп тойды өткіздік қой. Карантиннің қызған шағында да құдалық, жиын-тойларды басқардық. Сондай бір тойдың кезінде мынадай бір қызық есімде қалыпты. Тойды енді бастап жатқанда тойхана даяшысы жүгіріп келіп жарықты өшіріп тастады да бәрі сыртқа қашып кетті. Полиция қызметкерлері келгенін бірден түсіндік. Сол сәтте құдалардың қасында таныстырып тұрғам, содан мен де құда құсап отыра кеттім. Өйткені заң бойынша асабаға айыппұл салынады. Тойларда осындай түрлі қызықтар боп тұрады.

– Дәстүрдің озығы мен тозығы бар дейді. Сол сөзімізге тұздық болсын. Қазіргі қазақ тойына қандай өзгерістер енгенін қалар едіңіз?
– Ең біріншіден, қазақтың тойы ішімдіксіз өтсе деймін. Арақ-шарап атамыздан қалған ас емес қой, бауырым. Жетпіс жыл кеңестің боданында болғанда бізге кіріп кеткен зиянды нәрселер ғой. Мұсылман болу әсте-әсте демекші осылай ақырындап көш түзеле береді деп ойлаймын. Ең бірінші талабым, мақсатым, тілегім, дұғам да қазақтың тойы арақ-шарапсыз өтсе, оның өзі үлкен жетістік. Той арақ-шарапсыз өтсе тойдағы небір дарақылықтардан да арылар едік. Рухани астанамыз Түркістан арақ-шарапсыз қала болады деген әңгіме бар. Ақсақалдар алқасының қолға алуымен нақты жүйеленіп орындалғанын қалаймын. Тазалыққа, имандылыққа жететін құндылық жоқ!
– Үздік өнерпаздар арасында 2022 жылдың қорытынды жиыны өткен еді. Сол жиында жылдың үздік асабасы атандыңыз. Сіздің тек халал той, яғни арақ-шарапсыз той басқаратыныңызды ел біледі. Бұл тұжырымға келуге қандай жағдай әсер етті?
– Қазақстандағы нөмірі бірінші беташаршы, мықты асаба Бағзат есімді ағам бар. Сол кісі бес уақыт намазға келуіме, Умра қажылығына баруыма себеп болды. Содан кейін өзім де халал той басқарайын, таза жүріп, таза тұрайын деген тұжырымға келдім. Бағзат ағама айтар алғысым зор.
– Өз бойыңыздағы ұнамсыз үш қасиетті атасаңыз?
-Бойымдағы ұнамсыз қасиеттердің бірі – еріншектік. Баршамыздың бойымызда бар жағымсыз қасиет қой. Екіншісі – ұйқы. Тойда жүрген соң үйге кеш қайтамыз. Содан түске дейін ұйықтап қалатыным бар. Сондай ұнамсыз қасиеттерден арылуға шама келгенше әрекет жасап жүрмін. Мұсылман адам күн көтерілгенде ұйықтап жатпайды. Мұсылманның бір күні бір күніне ұқсамауы керек дейді ғой. Шама келгенше бүгінгі күнімді ертеңгі күнге ұқсатпауға ниетім бар.
– Ал ұнамды үш қасиетіңіз?
– Ұнамды әлде ұнамсыз екенін өзім де білмеймін. Қолымда бар нәрсені өзгеге бергім кеп тұрады. Рия боп кетпесін. Жүректегіні Алла білуші ғой. Өзімде жоқ болса да, осы адамда болсыншы деген тілегім бар. Қазақ «кең болсаң, кем болмайсың» деп бекер айтпаған.
– Түркістандағы үздік үш асаба деп кімдерді айтар едіңіздер?
– Түркістан қаласында аузымен құс тістеген,су төгілмес жорғадай сөзге жүйрік асабалар көп. Солардың ішінде ең біріншісі Бағзат аға, екіншісі Ораз , үшінші Олжас ағаларым. Тағы да жас болса да бас боп жүрген Олжас деген ағамды қосқым келеді. Сол кісілердің өнерін мойындаймын.
-Сіздің жадыңызда жаңғырып тұратын үш қанатты сөз:
“Кімнің бай болғысы келмейді дейсің, Құдайы қаламайды,
Кімнің батыр болғысы келмейді дейсің, жүрегі дауаламайды.”
“Жақсы адамдар сөз тыңдаса шырынын іздейді, жаман адамдар сөз тыңдаса шірігін іздейді.”
“Кедейліктің әуресі тойдырып тамақ жегізбейді, байдың да әуресі бар тойдым тәубе дегізбейді.” Не деген керемет сөздер,ә? Сөз қадірін өз қадірім деп білетін, бірауыз сөзге тоқтаған мәрт қазақтың ұрпағымыз ғой. Әрқайсымыз сөздің қадіріне жетсек қой…
– Сіздің түсінігіңіздегі отбасылық құндылық дегеніміз не? Отбасында қандай әкесіз? Қандай жарсыз?
– Отбасы құндылығы ауқымды тақырып. Отбасың бар болса сен барсың. Отбасыңда үлгілі әке болсаң сен барсың, үлгі бола алмасаң не болғаның? Әке деген биік тұлға ғой. Тұлға әке болу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұрындары аналарымыз : «әкең келе жатыр», «әкеңе айтамын» деген бір-ақ ауыз сөзбен ұрпағын тәрбиелеген. Баламыз басқаға емес, әкесіне еліктесе, әкем сияқты болсам деп өссе жақсы деп ойлаймын. Ұрпақ тәрбиесінде ер мен әйелдің рөлі өте зор. Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің дейді. Біз ұрпағымызға үлгі-өнеге болуымыз керек. Ғалымдар айтады: Ер мен әйел қол мен көз сияқты. Қол ауырса, көз жылайды. Көз жыласа, қол оны міндетті түрде сүртеді. Тағы бір ғалымдар былай айтады: Ер мен әйел ошақ пен отын сияқты. Әйел ошақ болса, еркек отын екен. Егер ошақ мықты болса отынды маздатып жағады екен. Егер ошақ нашар болса отынды бықсытып жаға алмайды екен. Кейбір еркектердің үйден қашатыны содан екен. Әйелім жаман, күйеуім жаман дей берсек, ешкім бізге жақсы жарын әкеп бермейді. Адам қашан барға шүкір, қанағат, сабыр қылса, сол кезде баянды да бақытты ғұмыр кешеді.
– Бекболат Шекербектің хоббиі қандай екен?
– Ән айтқанды жақсы көремін. Ән мен сөздің естісін зерделей білген қазақпыз ғой. «Әннің де естісі бар, есері бар». Күйдім, сүйдім деген жеңіл әндер емес, адамға дұрыс ой салатын , мағыналы-мәнді әндер жаздырсам деген ниеттемін. Осы жылдан бастап әншілікті де қолға алсам деген ойым бар. Әуесқойлық өнерімді кәсібилікке көтерсем, асабалықты доғарсам ба деймін. Өйткені асаба болсаң бір той басқарасың, әнші болсаң төрт тойға кіресің. (Осы жерде күлді).
– Елдің алғысына бөленіп жүрсіз. Жалпы, түздегі Бекболат пен үйдегі Бекболаттың бейнесін қалай суреттейсіз?
– Үйде де, түзде де бір Бекболатпын. Үйде қандай болсаң сыртта да солай болу керек. Сыртта қандайсың үйде де солай болу керек. Сыртта жарқырап, үйде түнеріп жүруге болмайды. Шама келгенше екіжүзділіктен ада болу керек. Қазір кейбір замандастарым әйеліне “шәй қойшы” деуге шамасы келмейді, бірақ ата-анасына “әй, қойшы” деуге шамасы келеді. Алланың разылығы ата-ананың разылығында. Үйдегі ата-анамыздың көзі тірісінде разылығын алуға талпынайық. Өмірден өткен соң құрандатып, ұрандатып, мың кісінің басын қосып үлкен ас берсең де, тірісінде қадіріне жеткендей болмайды екен. Сол аяулы жандардың қас-қабағына қарайтын перзент болуды жазсын. Жастарға соны насихат еткім келеді.
– Жерлестерге айтар тілегіңізді білсек.
– Қадірлі түркістандықтар, сіздерге ең бірінші иман байлығын тілеймін. Отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Бірлігіміз арта берсін. Сөзімнің соңын қызылордалық айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанханның жырымен аяқтағанды жөн көремін:
Кеудеңде жаның барын да,
Бауырлық таныт бауырға.
Өзектен теуіп өзгені,
Өзімшілдікпен ауырма.
Өмірден талай пенде өтер,
Мен де өтем, сен де, ол да өтер.
Бұл жалған – қамшы сабындай,
Сыйласа алмасақ сол бекер.
Досыңның көңілін жығарсың,
Туыстың ісін сынарсың.
Қадірін білмей жүргенде,
Қабірін қазып жыларсың.
Көнбейді уақыт ыңғайға,
Келмейді қайтып жыл да, ай да.
Жанталасқанша жан-жақпен,
Жан тапсыратын күнді ойла.
Бақида барлық бабамыз,
Біздер де сонда барамыз.
Суық жер қойнына алғанша,
Суымасыншы арамыз!
– Салиқалы да сүбелі сұхбатыңызға рахмет, аға. Ісіңізге береке мен табыс тілеймін. Қазақтың тойы бітпесін!
Азамат ӘЛІБЕК ,
«Түркістан».