Қазақстан Республикасының жоғарғы соты сот жүйесіне қойылатын 7 басты сын туралы нақты атап өткен болатын. Соның ішінде қазіргі “судьялар – жемқор” ұғымына тоқтала кетсек.
Келесі шаралар кешенін қабылдадық.
1. Судьялардың жалақысын 2-3 есе көтердік. Осы ретте сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жазаны қатаңдаттық. Қауіпсіздік қызметін күшейттік. Антикормен өзара іс-қимылды жолға қойдық. Соңғы 3 жылда 16 судья сотталды, 50-ге жуық судья судьялық жоғары мәртебеге нұқсан келтіргені үшін жұмысынан босатылды.
Бір заңдылық бар – қылмыстық істер бойынша ақтау үкімдері көбейген сайын, парамен ұсталатын судьялар да көбеюде. Бәлкім, бұл судьяның принципшіл ұстанымына күштік құрылымдардың «өзіндік кек қайтаруы» болар. Бірақ бұдан қоғам ұтады: жазықсыздар ақталады, жемқор судьялар ұсталады. Ауыр қылмыстар бойынша ақтау үкімдерінің саны 7 есе өсті.
2. Жоғары Сот Кеңесінің ашық әрі қатаң конкурстары арқылы әділ мансаптық ілгерілету жүйесін енгіздік.
3. Судьяларды басы артық істерден босаттық. Олар сондай істерден көз ашпайтын. 20 жыл бойы істер мен материалдардың саны үздіксіз артып келді. 2018 жылы шегіне жетіп, 4,5 млн-ды құрады. Күніне 20 мың істен түсетін. Әрбір судья күніге 11 шешім қабылдайтын. Елорда мен Алматыда – күн сайын 50 іске дейін. Соттардың дәліздері құдды бір араның ұясына ұқсайтын: талапкерлер, жауапкерлер, «жанкүйерлер». Мұндай лек кезінде, әрине, жемқорлық тәуекелі жоғары.
4. Аумақаралық соттылық – жемқорлыққа қарсы құрал. 1 тамыздан бастап істер автоматты түрде бір соттың ішінде емес, елдегі барлық соттардың ішінде олардың мамандануына қарай бөлінетін болады. «Таныс-тамырды» пайдалану мүмкіндігі едәуір азаяды, демек, жемқорлық та азаяды.
