ӘЙЕЛ БАСТАҒАН КӨШ ОҢБАЙ МА?

1  501 көрілім

Әйел бастаған көш оңбас… Ертеден қазақ санасында қалыптасқан бұл ұғым қазірге дейін даулы тақырыптардың бірі. Оның үстіне жиырма бірінші ғасырда, әлемнің дамуы шегінен асып, әйелдер мен еркектердің арасында тең құқылы дәреже орнап, феминизм секілді терминдер тілімізден орын алып жатқан уақытта бұл сөздің айналасында шешілмеген мәселелер өте көп.  Тарихтан белгілі болғандай әйел адамдардың билікке отыруы немесе билікке араласуы сирек кездеседі. Көп жағдайда нәзік жандылар үй жұмысына икемді болғандықтан, оларды ошақ қасынан алыстатпаған. Бұл дегеніміз олардың сол тіршіліктен басқаға икемі жоқ дегені ме, әлде билікке тек еркек кіндіктер араласуы керек деген қатып қалған принцип пе?

 «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» қазақ әйелінің кешегі келбеті мен қазіргі қоғамдағы рөлін саралай отырып, осы сауалға жан-жақты жауап іздемекпіз. Сонымен,  “әйел бастаған көш оңа ма, жоқ па?” бұл жайында тарих не дейді?!

Клеопатра патшайымның есімін білмейтін адам әлемде кем де кем. Бағзыдан бері аты әйгілі патшайым туралы жазылған, айтылған деректер өте көп. Оның сұлулығы жайлы да, өзіне жасаған күтімі, ел басқару процессі жайлы да деректер адам таңқаларлықтай етіп жазылған, қарап тұрсаң бір әйел адамның соншалықты мықтылығына, шеберлігіне қарап басыңды июге болады. Тура осындай біздің даламыздан шыққан дана да даңқты батыр қыздың бірі – Томирис патшайым болған. Томирис ханша (б.д.д. 570-520 жж.) – әлемдегі ең атақты әйел патшалардың бірі екені даусыз. Парсының әйгілі патшасы Кіреукенің(Кир) әскерін Тұмар ханшаның тас-талқан еткені аңызға бергісіз ақиқат. Томиристің намысшылдығы, өзінің әйел екеніне қарамастан, ар – намысын қорғай білуі, елінің біреудің етегіндегі құл мен күң болып кетпеуін қалағандығы әйел адамның әлсіз, нәзік жанды екендігіне тағы бір қарсы пікір деп түсінемін. Ал француздардың ұлттық батыры, жүзжылдық соғыс (1337 — 1453) кезінде француз халқының ағылшындарға қарсы азаттық күресін басқарған қолбасшы Жанна Д’Арктың көзсіз батырлығын кез келген адам қайталай алмайтыны анық.

Әлем тарихындағы елеулі есімдердің ішінде «Орлеан қызының» қаншалықты құрметті екенін тарих дәлелдеді. Әйел бастаған көштің құрдымға кетпейтініне тағы бір мысал – II Елизавета.  II Елизавета – әлем тарихының тірі аңызы. Әлем халқы оны әлі күнге дейін британдық империяның нышаны ретінде қабылдайды.  Жетпіс жыл бойы ағылшын билігін мызғымас мығым етіп ұстаған жанның ерлігіне қайран қалмасқа амал жоқ. Төл тарихымызда да ерлігі мен өрлігі қатар танылған қазақ қыздары жетерлік. Бір шаңырақ қана емес, бүтін бір ұлттың тұтқасы болған қазақ қыздары жайлы қалай айтсақ та жарасады. Ел басына күн туған замандарда ерлермен қатар майданға түскен нәзік жанды арулар да қаншама… Әлия, Мәншүк, Ләззат, Хиуаз Доспанова секілді батыр апаларымыздың да ерлігі тарих беттерінен ойып тұрып орын алған. Әйел адамның жаны нәзік көрінуі мүмкін, алайда мәселе олар үшін ең қымбат нәрсеге келіп тірелетін болса, тау қопаруда олар үшін қиын дүние болмайды.

Абай атамыз жиырма тоғызыншы қара сөзінде қазақтың бірнеше мақалын сынай келе: «Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек» – деп ой қорытады.  Жалпы айтқанда, әйел адамдардың қоғамдағы, тарихтағы орны қашан да айрықша. Жоғарыда келтірген аз-кем ақпарымыздан соны ұғуға болады. Қай салада да нәзік жандылардың көш бастайтынына күмән келтіру ақылға кереғар ұғым. «Жүрегімді жарар болды-ау жасын ән… Әлем-Әйел!Құзырыңа бас ұрам» деп ақындар жырына арқау еткен әйелдер әлемнің тірегі екенін естен шығармауымыз керек.

Жаннұр МҰСАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы