ЖАҢА ҚОҒАМҒА АЛҒЫШАРТ ЖАСАЛДЫ

408 көрілім

5-маусым республикалық референдум күні. Күн жексенбі болса да халық ертемен референдум учаскелеріне қарай ағылды. Отанымыздың Елтаңбасы мен Мемлекеттік Туы қойылған арнайы бөлмеде жұртшылық өз таңдауларын білдіріп жатты. Біз де өз дауысымызды беріп бүгінгі күннің қорытындысын білуге асықтық. Кешкі уақыт 20:00-де учаскелерде дауыс беру аяқталып, Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында аудандық-аумақтық референдум комиссиясының ресми мәлімдемесін алғашқылардың бірі болып естуге тырыстық. Уақыт 23:50-де көптен күткен мәлімет қолымызға тиді. Біз елді елең еткізер ақпаратпен бірге Сауран аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Оразбек Әміреевпен сұхбаттасып та үлгердік.

– Референдум өткізу еліміз үшін үлкен маңызды оқиға. Ал, оның ішіндегі тақырыбы, күн тәртібіндегі мәселесі қазақстандықтар үшін аса маңызды. Осы саяси оқиғаға елдің дайындығы қалай болды деп ойлайсыз?

– Шынында да, қаңтар оқиғасынан кейін ел үлкен бір түбегейлі өзгерістерді күтіп жүрді. Сол күн туды. Президентіміз Ата заңымызға өзгерістер енгізу мәселесін зиялы қауыммен, қоғам белсенділерімен кеңесе, ақылдаса отырып бүкіл халықтық талқылауға салды. 5-маусым күні референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Міне, сол күннен бастап елде үлкен қозғалыс күшейді. Конституциямыздағы 99 бабқа 33 өзгеріс енгізілетін болды. Халық белсенділері, қолдаушы саяси партиялар, қозғалыстар мен қоғамдық бірлестіктер жұрт арасында қызу талқылаулар ұйымдастырды, пікірлер қалыптастырды, түсінік жұмыстарын жүргізді. Сауран ауданындағы 11 қоғамдық бірлестік мүшелері арнайы құрылған штаб төңірегінде топтасып елдің болашағы, референдумның әкелетін өзгерістері жайлы кеңінен әңгіме етті. Жалпы, ауданымыздың белсенді сайлау құқығы бар азаматтары бұл мәселеден құр алақан қалмады. Осындай бұқаралық сипат алған науқанда «Аманат» партиясы үгіт-насихат жұмыстарын жеткілікті, пәрменді ұйымдастыра білді. Ол жайында өздеріңіз кеңінен жаздыңыздар. Ақсақалдар алқасы, ардагерлер кеңесі, әйелдер мен әжелер кеңестері де аталмыш шарадан тыс қалмады. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары түрлі форматта басқосулар өткізілді. Екі-үш адамның басы қосылса алда болатын қоғамдағы өзгерістер, референдум жайы әңгіме болып жатты.

Жергілікті ақпарат құралдары, интернет-ресурстар референдум алдында Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайлы түрлі ақпараттар беріп жатты. Сонымен қатар, көшелерге, елді-мекендерге, халық көп шоғыраланатын жайларға арнайы стендтер, тақталар орнатылды. Жалпы, референдум алдындағы үгіт толыққанды жүргізілді десе болады. Оның нәтижесін бүгін өздеріңіз байқап отырсыздар.

– Оған өздеріңіз де атсалысқан боларсыздар?

– Қазақстан Республикасының қарапайым азаматы ретінде өз ой-пікірімді білдірдім. Бүгін таңертең өз учаскеме барып дауысымды бердім. Аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы ретінде референдумды қалай өткізу заңдылығын түсіндірумен айналыстық. Президент Жарлығы шыққанннан кейінгі күні Орталық референдум комиссиясы тиісті қаулы қабылдады. Аталмыш іс-шара өткізілгенге дейінгі күнтізбелік жоспарды бекітті. Біздер де соның негізінде жоспар жасап, оны ақпарат құралдарына жария еттік. Аудан көлеміндегі дауыс берушілер саны нақтыланды, учаскелік референдум комиссиясының құрамы қайта қаралды. Тиісті қаралған қаржы шеңберінде 39 референдум учаскелеріне қажетті керек-жарақтар жеткізілді. Мәселенің маңыздылығы өте үлкен, ауқымды болғасын Орталық референдум комиссияның төрағасы Нұрлан Әбдіров облысымызға келіп арнайы семинар өткізді. Облыстық референдум комиссиясында маңызды шаруаның сапалы өтуіне мән берді. Бірнеше мәрте басқосулар ұйымдастырды. Аумақтық референдум комиссиясының 7, ауылдық округтердегі 261 учаскелік комиссия мүшелері «Референдум туралы» заң бойынша тест тапсырды. Әріптестерім референдумды сауатты, әрі әділ өткізді деп есептеймін.

– Референдумға халықтың қатысуы қалай болды?

– Жергілікті атқарушы билік деректер базасынан 47 мың 554 дауыс берушінің тізімін берді. Заңнамада көрсетілгендей аумақтық референдум комиссиясы 1 пайыздық көрсеткішпен 48 мың 029 бюллетенді референдум учаскелеріне жеткізді. Әрине, оған дейін құжаттардың сақталуы бойынша алдын-ала тиісті шаралар жүргізілген болатын. Ішкі істер, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау бөлімдері сияқты құрылымдар қажетті қызметтерін өз дәрежесінде жеткілікті түрде көрсете білді. Жеті учаскеде сервистік орталықтар іске қосылды. Учаскелер тиісті байланыс қондырғыларымен, интернет жүйесімен қамтамасыз етілді.

Әр екі сағат сайын алынып отырған мәліметтер елді-мекендердегі дауыс берушілердің жартысынан көбі түске дейін өз учаскелеріне ұйымшылдықпен келгендігін көрсетті. Одан кейін сәл саябырсу байқалғанымен кешкі мерзімге қарай қайта көтерілді. Міне, қорытынды шешімді жаңа ғана шығардық. Жоғарыда айтылған 47 мың 554 адамның 39 мың 562-сі дауыс беруге қатысты. Оның ішінде сырттан арнайы дауыс беру құжаттарымен келіп, өз таңдауларын білдірушілер мен кеше, бүгін 18 жасқа толушылар да бар.

Нақты қорытынды бойынша референдумға қатысушылардың 32,026-сы Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды толық қолдайтындығын білдірді. Саурандықтар осылайша өз таңдауларын жасады.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруге қатысуы туралы айтып өтсеңіз.

– Алдын-ала анықталғандай аудан бойынша 133 төсекте жатулы, өзімен-өзі қимыл жасау, тірегінен айрылған азаматтар бар екен. Олардың бәріне учаскелік комиссиялары барынша жағдай жасай білді. Яғни, референдум учаскелеріне тыс жерде дауыс беруге мүмкіндік туғызды.

Зағиптар мен саңырауларға арнайы кабиналар ұйымдастырылып, оларға керекті құрал-жабдықтар алынды. Арамыздағы ондай мүмкіндігі шектеулі жандарға толық мүмкіндіктер қарастырылды десе де болады.

– Байқаушылар мен бақылаушыларда көп болған шығар?

– «Референдум туралы» заң бойынша әр қоғамдық бірлестіктерден бір-бір өкілдердің қатысуына мүмкіндік туғызылды. Аудан көлеміндегі 39 референдум учаскесіне барлығы 76 өкіл қатысты. Ал, шет елден, өзге де құрылымдардан байқаушылар болған жоқ. Бұл жолы да референдум барысына «Аманат» партиясы өз өкілдерін тыңғылықты дайындай білгендігін айта кетуіміз керек. Олардың пікірінше референдум өткізілген жайларда ешқандай заң бұзушылықтар, дау-дамайлар байқалмады

– Сұхбатыңызға рақмет!

Жазира ЖАҚСЫБЕК, ХҚТУ-нің 3-курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы