Түркістан облыстық ССТ ОРМБЖСМ спортшылары Словакияның Братислава қаласында байдарка мен каноэда спортынан жастар арасындағы ірі халықаралық жарысқа қатысып, Полат Тұребеков пен Антон Сергеев каноэ-екілікте 500 метр қашықтықта күміс жүлдеге, каноэ-екілікте 1000 және 200 метр қашықтықта екі қола жүлдеге ие болды. Жарысқа 15 елдің және Еуропаның ең мықты 13 клубының таңдаулы 300 спортшысы қатысты.
Байдарка мен каноэдан жастар арасындағы халықаралық регата – бұл келешекте ірі додаларға, оның ішінде Олимпиада ойындарына жүлделерге таласатын жас дарындарды табу мақсатымен өткізілетін дәстүрлі жарыс. Қазақстан құрамасы сапында осы екі спортшы жүлдегер атанды. Оларды сайысқа каноэда есу бойынша Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Е.Кеңесов пен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы С.Сергеев даярлады.