- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 1-сәуірден бастап тағайындала бастағанын газетіміздің өткен сандарында жария еткен едік. Толық оқыған болсаңыздар, онда кім, қалай және қанша уақытта ие болатыны жайлы ақпарат беріп, халық дүрліккен сол істі түсіндіруге тырысқанбыз. Дегенмен, тұрғындар арасындағы түрлі қауесет басылар емес. Яғни, олар «АӘК-ге көршімнен бұрын тапсырсам да, көршім менен бұрын алып қойды» деп бір-біріне мұңын шағуда. Бір емес, бірнеше рет естідік. АӘК шынында жағдайы төмен, отбасында адам саны көп, әрбіріне шаққанда кірісі 20 789 теңгеге жетпейтін отбасыға беріледі. Алайда, жағдайы сіз бен бізден тәуір тұрғындар да алып, 21 мың теңгенің шарапатын көріп жатқанға ұқсайды. Осыған байланысты, @turkistan_gazeti парақшамызға сауал жолдап, аталған әрекеттердің қаншалықты шындыққа жанасатынын білу үшін ондағы көпшілік пікіріне құлақ түрдік.
Желіде пікір жазғандардың кейбірі аталмыш жәрдемақыға әлі қол жеткізе алмағандарын айтса, енді бірі әлгі көмектің адам алалап беріліп жатқанымен байланыстырады. Қысқасы мұнда да әділдік жоқ дегенге саяды. Демек, комиссия төрағасы жұмысты тездету үшін ақы сұрайды деген де, сол көк қағазды алу үшін ерлі-зайыптылар ажырасып жатыр деген сыбыстар да шындыққа тура келіп тұр. Мұны тұрғындардың аузынан естідік те. Бірақ, ресми түрде мағлұмат беруін сұрағанда, көбісі бастартып жатты. Сондықтан, мәселені нақты астын сызып айтуға бара алмаймыз. Жасырып қайтеміз, көпшілік арасындағы сыбыстардан «құр қолға бата жүрмейді» деген нақыл мұқтаждар санасынан мықтап орын алғандай. Егер шын мәнінде осы жағдай қалыптасса, жетіскен екенбіз.
Жалпы, атаулы әлеуметтік көмек мәселесі қала әкімінің халықпен кездесулерінде жиі қойылатын сұрақ. Базынасын айтқан жандар осы мәселенің жіті тексерілгенін қалайды.
Мәселен, С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатында қала әкімімен өткен кездесуде «21 мыңның жағдайын айтайын деп келдім» деген тұрғын С.Бурханова 25-сәуірде құжат тапсырғанын жеткізіп, сөзін былайша өрбітті:
– Жұмыспен қамту орталығына күнде барамын. Ертең кел, мына күні кел деп қайтарып жібереді. 2 балам бар, күйеуім жұмысқа жарамсыз. Өзім үй шаруасындамын. Баспанамыз да жоқ. Бүгін сізбен кездесуге кешігіп келдім. Өйткені, жәрдемақы тағайындалғанын білу үшін барғанымда, құжатым кері қайтарылыпты. Неге олай болды? Сәуірден бері құжат құшақтап жүргенімде тапқаным осы болды ма? Әлде әкімшілікке барып, жағдайымды айтқаным әсер етті ме?, – деп төтесінен жолдады.
«Әкімшліктің еш қатысы жоқ, сіз барды екен деп алып тастай алмайды», – деген шаһар басшысы Рашид Абатұлы бұл сауалға кеңінен жауап беріп өтті. Бұл ретте біз сіздерге қуанышты жаңалық айтқымыз келеді. Себебі, АӘК – әкімнің басты назарында. Тіпті, шаһар басшысы осы мәселені өзі байқап, бағамдап, көз жеткізу үшін қарапайым тұрғын ретінде халықты жұмыспен қамту орталығына барып, олқылықтарды өз көзімен көрген. Астында көлігі, отырған зәулім үйі бар адамдардың мұқтаж ретінде алғаны және сол үшін ажырасып жатқаны да белгілі екен: «Мен пәленшенің туысымын. Маған ақша берсең шығарып беремін» дейді сыртта жүрген адамдар. Оның барлығы «алаяқтар». Оны өз көзіммен көрдім. Ең бастысы – ниетіміз дұрыс болуы керек. Шын мәнінде мұқтаж жандардың барлығы алады. Сеніңіз-дер»,- деп қала әкімі басу айтты.
Шынында әр жерді жағалап, табанын тоздырған жалдамалы пәтерде тұратын ана ол ақыны алу үшін бұдан артық не істерін, кімнен қолдау күтерін білмейді. Тек бұл қаржыны нағыз мұқтаж жандар алса деген бір ғана ниеті бар.
Ал, қала прокуроры Руслан Абдраимов заңнан аттағандар заңмен қудаланатынын баса айтты. Екі қабатты үйін көрсетпей, тұрғылықты мекен-жайын ауыстырғандар тыныш жер басып жүрген жоқ. Тіпті, осы мәселе бойынша бүгінде үш азаматтың үстінен тексеру жүруде. «Мемлекетті алдап кетемін деп біреуіңіз ойламаңыз. Оңай жолмен алған қаржы міндетті түрде қаралады. Әрбірінің ізі бар. Ақша нағыз мұқтаж жанның қолына тиеді!», – деп бұл істі бақылауда ұстап отырғанын білдірді.
Бүгінде АӘК алушылар көп, ал оған жауапты мамандар, тіркейтін қызметкерлер саны аз. Есеп бойынша Түркістан қаласында жалпы 36 мыңға жуық (нақты емес) отбасыға АӘК берілуі керек. Бүгінгі күнге дейін 20 мың азамат құжат өткізсе, 11 мыңнан астам отбасының құжаттары қаралған.
P.S: Ендеше, әлеуметтік жағдайы төмен, екі тиынның басын құрап, ішіп-жерін әрең тауып отырған отбасыларға АӘК жылдам тағайындалса деген тілегіміз бар. Ал, жағдайы жақсы, отбасын асырауға табысы жететін, бірақ «қаржы бөлінеді» десе, кез кел-ген құйтырқы әрекетке барып жатқан отбасылардың жүрегінде иман және адал еңбек иелерінен болуын тілейміз. Ал, жауапты мамандар әрбір отбасы-ның кіріс табысын аса назарға салып, комиссия мүшелері әрбір үйді ерекше бақылап тағайындаса деген тұрғындар атынан айтар өтінішіміз бар.
Жанерке ЕРЛАНҚЫЗЫ