- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Әлеуметтің күнделікті жиі тұтынатын, маңызды азық-түлік өнімдерінің бірі – ет. «Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе креді» дейді халқымыз. Елдің сүйсініп жейтін азығы ет – көпшілікке қолжетімді ме? Түркістан тұрғындары етті қайдан алады? Оның сапасы қандай? Ет өнімдері сапасы толық бақылаудан өткізуге жауапты орындардың мүмкіндігі қаншалықты? Базардағы мал бағасы тұрақты ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
«АРЫҚ, АУРУ МАЛ ЕТІ САТЫЛМАЙДЫ»
Құлмаханбет Сарманов, Түркістан аумақтық ветеринариялық инспекциясының бас маманы:
«Етті кәсіпкерлер мал базарынан алады. Қалыптасқан тәртіп бойынша, мал базарына мал сатуға келген азаматтардан базар әкімшілігі арнайы құжатты талап етеді. Малдың тіркеліп, сырғаланып, ауру еместігін растап қол қойған тұрғылықты жердің мал дәрігерінің қолымен, мөрімен расталған анықтамамен базарға кіреді. Мал сатып алған кәсіпкер оны қаладағы мал сою бекетінде союға тиіс. Бүгінде, қалада заңды тіркелген, лицензиясы бар, санитарлық талаптарға сай екі мал сою бекеті жұмыс істейді. Қаладағы бүкіл ет дүкендері мен базарға тарайтын ет өнімдері осы «Нұр Әсем» және «Насат» деп аталатын мал сою бекеттерінен (бірі Сауран ауданына қарасты) шығады. Яғни, кәсіпкерлер базардан алған малдарын осында сойғызады. Бұл бекеттерде арнайы ветеринарлық зертхана, мал дәрігері жұмыс істейді. Кәсіпкер бұл орындарға (Форма-1) малдың құжатын тапсырып, сол жерден органептикалық зертханалық тексеруден өткен соң арнайы (Форма-2) анықтамасын алады. Қасаптар (кәсіпкер) осы құжатпен ғана өздерінің алып келген тушаларын орталық базардың ет өнімдері салонына кіргізе алады. Жалпы, ет өнімдері бізде тұтынушыға ұсынылып, ет дүкендері мен базар сөрелеріне шығарылардан алдын міндетті түрде толыққанды зертханалық бақылаудан өтеді. Кәсіпкердің сатуға әкелген мал еттері «Қуаныш»ЖШС Ветеринарлық сараптама зертханасында тексеруден өткізіледі. Зертхана меңгерушісі Бибайша Ордабаева, ветеринарлық дәрігер Ақжүніс Сұлтанбекова бастаған ұжым малдың бауырынан, басынан арнайы сынамалар алып зертханалық сараптама жасап барып, мөр басып береді. Сонан соң ғана сөреге, сатылымға шығарылады. Қысқасы ауру малдың еті біздің базарға кіргізілмейді. Сатылмайды. Арық малдың еті сатылмайды. Әрине, оған арнайы шектеу жоқ, бірақ қасапшылар арық малдың еті өтпейтінін өздері де біледі. Мүмкіндігінше жақсы, семіз малдың етін табуға тырысады».
«ЖЕМШӨП ҚЫМБАТ. МАЛ ШЕТКЕ КЕТІП ЖАТЫР»
Бауыржан Қалжанов, ет өнімдерін сатушы, кәсіпкер:
– Қасапшылықпен, ет нарығында кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніме біраз жыл болды. Малды мал бордақылау кешендерінен, шаруашылықтардан жеке қоралардан, қай жерден тиімді түседі сол жерлерден сатып ала береміз. Базарда мал бағасы тұрақты емес. Соған қарамастан қазір соңғы 1-1,5 жыл көлемінде біздің орталық базарда ет бағасы тұрақты деуге болады. Жылқы еті 2500, сиыр – 2400, қой еті – 2300 теңгенің айналасында. Еттің бағасын елдегі малдың бағасы реттейді. Жалпы, семіз, етті малын шаруа арзанға бергісі келмейді. Оларды да түсінуге болады: жайылым тар жылдан жылға, жемшөп қымбат, – дейді кәсіпкер.
Төлбасы Жанатаев, кәсіпкер:
«Мал бізге іргедегі ауылдардан, Отырар, Ордабасы аудандары шаруаларынан, кейде Қаратау өңірінен де келеді. Мал бағасы осындай уақытта, көктемгі кездерде көтеріңкі болады. Аяқта жүрген (қыстан шыққан) мал пышаққа ілінерліктей қоңды емес әлі, байлауда тұрған малдың бағасы жемшөпке байланысты болады. Жем-шөп бағасы шарықтап кетті, білесіздер. Мал бағып жүрген шаруалардың айтуынша мал бағу оңай емес, күннен күнге қиындап барады. Мал бағатын қойшы қат көрінеді. Айлығын, шайлығын береміз десе де (200 мыңға дейін) бүгінде мал бағуға қызықпайды көп адам. Қойшы тұрақтамайтын болды, деп шағынады шаруалар. Екіншіден, көрші Қызылорда облысы бізден мал тасиды. Ол ештеңе емес. Шекара ашылғалы бері көрші Қырғызстан, Өзбекстан (әсіресе Өзбекстан) тірі малды қатты алатын болды соңғы уақытта. Сойып алып кететіндері де бар. (Етті экспортқа шығармаймыз деп бірақ кеденге кеңшілік берді де шетке тасу бел алуда). Осы секілді елдік мәселелер жергілікті нарыққа әсерін тигізуде. Осы кәсіппен айналысқаныма көп жыл болды. Біз енді мұның қыр-сырын әбден білеміз ғой. Жылдағы көктемгі «дефицитке» өзіміз артық мал ұстап отырамыз. Болмаса сататын ет таппай қаламыз. Тұрақты клиенттеріміз бар, тойхана, мейрамахана, кәуапханалар бар бізбен қоян-қолтық жұмыс істеп отырған. Енді жазға қарай мал арзандауы керек. Даланың малы пышаққа ілініп қалады ғой».
Семіржан ҚАЛЫМБЕТОВ, «Қуаныш» сауда орталығы «Ет-сүт өнімдері» павильонының меңгерушісі:
«Жалпы, «Қуаныш» базары ет өнімдері сауда сөрелерінде 70-80-дей кәсіпкер халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 65-70 кәсіпкер тұрақты ет саудасымен айналысады. Бұл базардан басқа қалада 60-тан астам ет дүкендері мен дүңгіршектері бар. Ет жыл бойы тұрақты саудаланатын өнім. Тек қыстағы жілік маусымында аздап саябырсығаны болмаса басқа уақытта күнделікті сауда жүреді. Той маусымында, басқа уақытта да кәсіпкерлеріміз мейрамаханалармен тұрақты жұмыс істейді. Біздің Қаратау, Түркістан-Отырар алқабы шөбі шүйгін, малы қоңды, еті дәмді өңір болғандықтан біздің етімізге сұраныс жоғары. Алматы, Астана, Тараз, Қызылорда қалаларына тұрақты ет жөнелтетін кәсіпкерлер де бар».
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының деректеріне қарасақ, мал шарушылығында ілгерілеушілік жоқ емес секілді. Мал басы өскен. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша облыста өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы жануарларының төмендегі түрлері бойынша өсу үрдісі байқалады: қой – 5 43,9 мың бас немесе +1,2 %-ға, жылқы – 393,8 мың бас немесе +3,0 %-ға, түйе – 37,3 мың бас немесе +1,8 %-ға, құс – 2 158,8 мың бас. МІҚ (сиыр) – 0,5 % немесе 1233,4 мың басқа, ешкі басы -3,3 % немесе 351,3 мың басқа, шошқа басы -23,2 %-ға кеміп, 4,9 мың басқа дейін азайды. (МІҚ – сиыр 544,4 басқа немесе +3,7%-ға) өскен.
Ет өндірісі – 1,9% немесе 56,2 мың тоннаға дейін (соның ішінде 28,1 мың тонна сиыр еті, 16,3 мың тонна қой мен ешкі еті, 0,6 тонна шошқа еті, 7,8 мың тонна жылқы еті және 3,9 мың тонна құс еті өндірілді) өндірілді.
Мал бордақылау бойынша да ілгерілеу байқалады. Басқарма деректеріне сәйкес: 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша өңірде 1000 бастан басталатын жалпы қуаттылығы 39,0 мың басқа арналған 22 бордақылау алаңы, оның ішінде 5000 бастан басталатын 2 бордақылау алаңы жұмыс істейді («Қайып ата» ЖШС, Қазығұрт ауданы – 7000 басқа арналған, «Нұрым Груп» ЖШС, Сайрам ауданы – 10 000 басқа мал орны).
Облыста биылғы(2022) жылы қосымша жалпы қуаттылығы 15,0 мың тоннаны құрайтын 10 мал бордақылау алаңын ашу жоспарлануда.
ТҮЙІН
Ет бағасы өзге өңірлермен салыстырмалы түрде қарасақ тұрақты. Десек те, баға баршаның қалтасына қонымды дей алмаймыз. Етті қолы жеткен жейтін заман болды.
«Түркістан» ӘКК» АҚ-ның тұрақтандыру қоры әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімдерін аздау болса да арзан бағамен ұсынып жүр. Бірақ, бұл 19-дың ішінде ет өнімі жоқ болатын. Осы айда жергілікті бюджеттен Тұрақтандыру қорына қосымша 1 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылған. Мәслихатта мақұлданып, аталған қаржы көлемі тікелей тауар өндірушілерге «Айналым схемасы» бойынша жеңілдетілген қарыз беру арқылы шешілсе, тізімге сиыр еті де қосылатын болады. Бұл өз кезегінде, ет бағасын тұрақтандыруға септігін тигізеді», – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов. Иә, ақпан айынан бері сөз болып келе жатқан 1 млрд теңгенің «жырына» нүкте қойылар күнде таяды. Ел игілігіне жарар жақсылықтан үміттіміз, оң болсын дейміз, әрине. Айтпақшы, ет жеп жүрсіз бе, ағайын?
Әтіргүл ТӘШІМ, журналист.