ҚАМҚОР ДА АБЗАЛ ЖАН ЕДІ

887 көрілім

Тілеуберген Құдайбергенұлы 1942 жылы 15 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының Шорнақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Құдайберген Жиенәлиев 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралғаннан кейін 1945-1952 жылдары сол кездегі Сталин атындағы колхоздың басқарма төрағасы қызметін атқарған, елге сыйлы азамат болған. Анасы Қадиша – отбасының ұйытқысы болған өнегелі жан.

Тілеуберген Құдайбергенұлы 1948 жылы «Қызыләскер» орта мектебінің бірінші сыныбына оқуға барып, 1958 жылы аталған мектепті Алтын медальмен бітірген. Осы жылы ауыл шаруашылығы инженерлерін даярлау инcтитутына оқуға түсіп, 1963 жылы инженер-механик мамандығын алып шығады.

Сынап сынды сырғыған уақыт секілді өмірде үнемі қозғалыс, қимыл, жылжу, өрлеу үстінде өтеді. Алдын белестер, асулар, қиялар кездеседі. Биіктен-биікке адам сатылап жылжиды. Тілеуберген де тіршілік үдерісінде асқаралы асуларға өмір баспалдақтарымен өрлепті. Алғашқы еңбек жолын Түркістан аудандық «Казсельхозтехника» мекемесінде инженер-механик болып бастайды. «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» дегендей, қызмет істеп, елмен араласуының арқасында көргені, білгені көбейеді. Бірнеше жыл осы қызметте шыңдалып, қарым-қабілетін танытқан ол Кентау қаласындағы автобаза директорлығына дейін көтеріледі. 1982 жылы өзінің қыран қанатын қатайтқан ең алғашқы еңбек сатысы – Түркістан аудандық «Казсельхозтехника» мекемесіне директор болып тағайындалды. Өзі ұңғыл-шұңғылына дейін білетін саланың шаруасын өрге домалатып, абырой-бедел жинады. 1986 жылы облыстық «Казсельхозтехника» мекемесінің материалдық-техникалық базасының директорлығына жоғарылайды. Бұл қызметте де асып-саспай, сабырлы мінезімен, қажырлы еңбегімен өз міндетін абыроймен атқарды.

1994 жылы іскер азамат Түркістан ауданындағы «Ленинизм» колхозының басқарма төрағасы болып сайланып, елімізде жекешелендіру науқаны басталып, шаруашылықтар таратылғанға дейін осы қызметін ақсатпады. Бір кездері ортақ жүйеге бағынған шаруашылықтар тоз-тоз болып, елде жұмыссыздық белең ала бастаған кезде де дағдарып қалмаған тәжірибелі маман 1996 жылы құрылған Қ.А.Яссауи атындағы өндірістік кооперативке төраға болып сайланып, 2005 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін осы кооперативті басқарды. Бұрынғы жұмыс бағыты бойынша ауыл шаруашылығын қайта өркендетіп, ауыл халқының жағдайын жақсартуға, жұмыссыздықты азайтуға көп еңбек сіңірді.

2005 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып отырмаған тынымсыз, еңбекқор азамат бұрынғы колхоздың ескі гаражын иелігіне алып, шағын жиһаз дайындау цехын ұйымдастырды. Алғашқы кезде бұл цехта 6 адам жұмыс істеп бастаған болса, жыл өткен сайын сапалы бұйымға сұраныс артуына байланысты жұмыс көлемі де ұлғайып, жұмысшылар саны да арта түсті. Болашақты алыстан болжаған іскер кәсіпкер табысы артқан кәсіпорынның ауқымын кеңейте түсіп, жиһаздардың еліміздің барлық аймақтарына жеткізіліп, сауда сөрелеріне шығарылуына жағдай жасады. Бүгінгі күні 16 облыс орталықтары мен Алматы, Астана қалаларында осы кәсіпорынның жиһаздарын сататын арнайы дүкендер жұмыс істейді.

Еліміздің нарығын түгелдей дерлік жаулаған Құдайбергеновтердің жиһаз цехының өнімдері 2013 жылы республикалық «Алтын сапа» байқауына қатысып, «Іскер» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Осыған орай, арнайы сыйлыққа ие болып, сол кездегі ҚР Индустрия және даму министрі Ә.Исекешевтың Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, отандық өнім өндірушілер арасындағы облыстық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы болған ұжымның жұмысы 2015 жылы да ерекше бағаланып, кәсіпорын жиһаздары «Қазақстанда жасалған» логотипімен шығарыла бастады. Ал, 2016 жылы Шымкент, Астана қалаларында өткен байқауларда топ жарып, республикалық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, облыстық Кәсіпкерлер палатасының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының жеңімпазы атанды. Қазіргі таңда 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, сапалы өнімдерімен тұтынушылардың талғамынан шығып келе жатқан табысты кәсіпорынды Тілеубергеннің ұлы Құдірет басқарып отыр.

Еңбек ардагері Тілеуберген Құдайбергеновтің осындай ерен еңбектері жоғары бағаланып, Біріккен Ұлттар Ұйымының «Құрмет белгісі» орденімен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20, 25 жыл», «Оңтүстік Қазақстан облысына – 80 жыл» мерекелік медалдарымен марапатталды. Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Бүгінде әке ұлағатымен іскер, ізетшіл, еңбекқор болып өскен ұл-қыздарының әрбір жетістігіне көпшілік куә. Тілеуберген Құдайбергенұлы Шорнақ ауылындағы ақсақалдар алқасының төрағасы болған тұста қоғам, ел ісінен шет қалмай, жастарды имандылыққа шақырып, аталы сөзін арнап отыратын еді. Өзі де иманды істерге ұйытқы болып, ауыл-қала көлеміндегі қайырымдылық іс-шараларынан қалыс қалмайтын. Соның ішінде өз қаржысы есебінен Қосмезгіл елді-мекенінде бір мезгілде 400 жамағат намаз оқитын зәулім мешіт салып берген, ардақты ақсақалдың қадірі әрдайым биік болатын.

Тілеуберген Құдайбергенұлы Қазақстанның 25 жылдығына Қазақстанның Ардақты ардагерлер мен билер энциклопедиясыны кірген. Ол жұбайы Абад Жұмадуллақызымен 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. 2018 жылы Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазы атанды. Ардагер, елге сыйлы азамат Тілеуберген Құдайбергенұлы 2021 жылы 1-ші тамызда дүниеден өтті. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Нұры пейіштің төрінде шалқысын.

Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы мен қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы