СҮЛІКТІ СҰЛУЛЫҚ ҮШІН ДЕ САЛДЫРАДЫ

1  127 көрілім

Балтыр сыздап, буын ауырмай тұрмайтын күйбең тіршілікте инемен емдеу, шипажайларда шипалы балшыққа орану сияқты емдеу тәсілдерімен қатар, сүлікпен емдеу әдісі, ғылыми тілмен айтқанда гирудотерапия медицинасы бүгінде кеңінен танымал.

Шығыс медицинасының осы бір емдеу тәсілін өзінің дәрігерлік міндетімен қатар үйлестіре қолданып жүрген Кентау қаласының жоғары дәрежелі дәрігері, гирудолог Жұмашев Ержан.

Дәрігердің науқастарды емдеу кезінде пайдаланатын сүліктері арнайы тапсырыспен Әзірбайжан елінен Баку қаласынан тасымалданады. Сүліктер арнайы биофабрикаларда зарарсыздандырылған жағдайда өсіріледі. Осында жеткізілгеннен кейін сүліктер тұндырылған суда күніне суды бірнеше рет ауыстыру арқылы 1 айға дейін сақталады.

«Сүліктер түрлі ауруларды емдеу үшін, атап айтқанда артериалды қан қысымының жоғарылауында, буын ауруларында, варикозда, геморройда, простатитте, семіздікте, гинекологиялық ауруларда, сондай-ақ косметологияда қолданылады. Адам денесіне олар кесте бойынша қойылады. Нақты орындарды таңдау үшін алдымен ауру туралы, науқастың денсаулық жағдайы туралы өзімізге қажетті мәліметтерді жинақтаймыз. 1 кг салмаққа 1 сүліктен есептейтін болсақ, 1 сеанста 7-9 сүлік салынады. Қан сору ұзақтығы 1 сағатқа дейін жетуі мүмкін. Ең аз әсер ету уақыты 10 минут. Аш сүлік бір сорғанда 10 мл қан сорса, 7-9 сүлік 300-400 мл қан сорады, сүліктің сорған жерінен қан 5-6 сағаттан бір тәулікке дейін аға береді. Қанға сылқия тойып алған сүліктер екінші қайтара қолданылмайды. Оларды пайдаланып болғаннан кейін хлорлап жоямыз» деп денені түршіктірер жұмыс барысымен таныстырған Ержан Ысқақұлы сөз арасында науқастарының жағдайын да сұрап үлгеріп отырды.

Демек сүлік сілекейі арқылы адамның қанын тазартады, иммунитетін күшейтіп, қанның ұюына жол бермейді. Бүгінде бетін безеу басқан бозбалалар да осы сүлікпен емдеу тәсіліне жүгінсе, жақында буыны сырқыраған тоқсаннан асқан қария да келіп осы әдіспен емделіп, біраз ауруын басқан көрінеді. Жекеменшік дәріхана ісін жүргізіп, қолы қалт етсе қол астындағы фармацевттерінің науқастарға дәрі-дәрмектерді босатуын қадағалап қана қоймай, бір ауыз жылы сөзді күтіп тұратын ауруларға қалай емделу жолдарын айрықша ыждаһаттылықпен түсіндіріп, сондағы процедура кабинетінде сүлікпен емдеу тәсілін аса біліктілікпен пайдаға асырып жүрген тәжірибелі дәрігерге емделушілер дән риза.

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы