«ПАРАСАТ МАЙДАНЫНДА» МАЙДА ӘҢГІМЕ АЙТЫЛМАСА

482 көрілім

«Парасат майданында» майда әңгіме айтылмаса немесе бөлім басшылары өзі шешетін істі әкімге сілтегенін қашан қояды?

Түркістан қаласында «Парасат» пікірталас клубының алғашқы отырысы өтті. Естеріңізде болса жыл басында Сайрам ауданында «Парасат» пікірталас клубы жұмыс істейтінін, онда жергілікті басшылар халықпен тұрақты кездесіп, ең өзекті проблемаларды талқылау көзделген. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осы тәжірибені барлық аудан, қалада жүзеге асыруды тапсырып еді. Соның нәтижесі Түркістан қаласында көрініс тауып отыр.

Сол отырыста алғаш сөз алған қала әкімі Н.Тұрашбеков шаһардың инфрақұрылымын жетілдіру барысында атқарылып жатқан жұмыстармен алдағы межелі міндеттерді атады. Сонымен бірге, осы салаға жауапты орынбасарлары және мекеме басшыларына баяндама жасатты.

Ұққанымыз, мәселе көп. Оны шешу үшін атқарылатын жұмыстарды үш кезеңге бөліп отырғанын жеткізді. Бірінші, кезек күттірмейтін. Екінші, таяу арада шешілуі тиіс. Үшінші, шұғыл шешім қабылдауға жатпайтын бірақ, маңыздылығы артпаса жойылмайтын мәселелер.

Осы тірліктерді өз кезегімен іске асыруға қала халқы түсіністікпен қарауы керек. Барлығын бір мезетте шешу мүмкін емес. Осындай пікірді алға тартқан билік өкілдері жиналғандарға аталған ойларын түсіндіруге тырысты. Енді әлгі үш кезеңді біз түсіндіріп көрейік. Кезек күттірмейтін жұмыстардың қатарына жататындар мыналар:

Ауыз сумен қаланы 100 пайыз қамту; Жобадан тыс қалып, табиғи газға қол жеткізе алмай отырған абоненттерге газ тарту; Тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамту; Топырақ жолдардың мәселесін 100 пайыз шешу; Балалар санының артуына байланысты мектептердегі үш ауысым мәселесінің алдын алу және тұрғындардың сұранысына сай мектеп балабақша салу; Жолаушы тасымалы үшін қоғамдық көліктердің сапасы мен бағытын арттыру; Тазалықты бір ізге келтіру мен жасыл желек алқаптарының санын ұлғайту секілді қолайлы климат қалыптастыру мақсатындағы тағысын тағы жобалар.

Бұл күн тәртібіндегі өзектілігі жойылмайтын, толғағы жетіп тұрған мәселелер. Келесі шешімін күткен тірліктер шаһардың бас жоспарына негізделген жобаларды іске асыру. Тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту үшін шағын және орта бизнесті дамыту, өнеркәсіп орындарын көптеп ашу мақсатында инвестиция тарту, сервистік қызметті жетілдіру секілді өзге де кешенді шаралар қарастырылған.

Ал, үшінші кезеңнің еншісінде алғашқы екіліктен маңызды елдің ынтымақ-бірлігі мен мәдени тұрмыстық ұстанымдарды қалыптастыру секілді көзге көрінбейтін идеологиялық жұмыстардың менмұндалап тұрғанын баса айтуымыз қажет. Кездесу барысында атқарушы органның тарапынан бұл жұмыстардың қазіргі күні қаз қатар атқарылып келе жатқанын, тек істің жүйелі жүргізілуі үшін осылай кезең-кезеңге бөлініп қарастырылғанын аңғардық.

Десе де басқосуға жиналғандар қаланың әр аймағында атқарылып жатқан жұмыстарда кездесіп жатқан кедергілер мен мердігерлердің тиянақсыз тірліктерін сөз етіп оның ішінде ұсақ мәселелерді кезектесе тұрып айтып, жиынның негізгі уақытын алды десек болады. Осыған қарап, тиісті салалардың халықпен кері байланыс орнатудағы жауапкершілігін арттыруға барынша күш салу керек екен-ау деген ойға келдік. Әйтпесе, зиялылар бас қосқан келелі кеңесте көше сыпырушының айлығын сөз етіп, мердігердің құрылыс материалына қарауыл іздеуге әкім араласып, оны шешуге атсалысса бөлім басшылары мен мамандардың кімге керегі бар?

Кездесудің деңгейі осылай болды деуден аулақпыз. Тұрғындар арасынан сөз алған Түркістан облысының Әділет заң кеңесшілері палатасының төрағасы, қалалық «ардагерлер кеңесінің» пленум мүшесі Б.Әжеков мемлекет есебінен атқарылып жатқан жұмыстарға бақылау өз деңгейінде болмай сапасыз тірліктердің саны артпаса кемімей тұрғанын, сол үшін әкімге осы бағыттағы жұмыстарды барынша ширатуды ұсынды.

Сонымен бірге, Түркістан мәртебесінің түп қазығы – Қ.А.Ясауи кесенесінің алдында туристерді ақпараттандыру құралдары көңіл көншітпейтінін сөз еткен қалалық өзбек этно-мәдени орталығының жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы Т.Сейтмұратов қария айдың күннің аманында кесенені тұрғызған Әмір Темірдің есімі емес, соңғы жылдары ғимаратты ағымдағы жөндеуден өткізген құрылысшылардың есімі тасқа қашалып жазулы тұрғанын ашына жеткізді.

Міне, осылайша өрбіген «Парасат» пікір сайыс клубының көңілге демеу болар тұстары осы. Ендігі отырыс идеологиялық жұмыстардың төңірегінде өрбімек. Ой қосып, пікір білдіремін десеңіз игілігі мол істерге жол ашатын құнды ойларыңызды қорыта жүріңіз, қадірлі оқырман.

М.ДӘУЛЕТОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы