Арыстанбап кесенесіне бет алған саяхатшылар мүмкіндігі болса, қаланың Шәуілдірге шығар тұсындағы ежелгі ауыл көрінісін айшықтаған этноауылға бір тоқтап, тамашалап өткенді жөн көреді.

Қала тұрғындарының шағымына орай, «Түркістан» газеті мен «Аймақ» ақпарат агенттігінің тілшілері осыдан үш жыл бұрын салынған нысанды барып көргенде, этноауылдың қазіргі атына заты сай еместігіне куә болдық.
Жау шапқандай жайраған этноауылдың қақпасы айқара ашық. Саяхатшылар жүретін тақтай жолдардың арасына дейін арам шөптер мен қамыс қаулап өсіп кеткен. Кіре берістегі қақпаның қабырғаларының бояулары түсіп, дуалдары етпетінен құлаған.
Әрбір бағанның басындағы байрақтар құлап, жыртылып жерде жатыр. Этноауылдың шеткі жағындағы шағын ауылдың бірнеше саман үйлері жермен-жексен. Ол түгілі орталық көшемен тұп-тура баратын Хан шатырын қымтаған матасы ит талаған қайыршының киіміндей пырым-пырымы шыққан.
«Бұл кешеннің иесі кім?» деген сұрақпен қаланың бірнеше мекемелерімен хабарластық. Түркістан әкімдігінің Инфрақұры-лым және коммуникациялар бөлімі мұны «Жасыл Түркістан» мемлекеттік мекемесінің қарауында екендігін айтады. Ол «Жасыл Түркістан» мемлекеттік мекемесінің басшылығы Мәдениет бөліміне сілтеді. Мәдениет бөлімінің басшылығы оны Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің қарамағында деседі. Айналып келгенде кімнің балансында екені белгісіз. Таза иесіздікке ұшыраған этноауылдың жайраған жағдайын кім түзейді? деген мәселемен барып, Түркістан әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Ерсейіт Бұхарбаевтан сұрап білдік.
– Шәуілдір бағытына шығатын жол бойында орналасқан «Этноауыл» кешені 2020 жылы пайдалануға берілді. Оған қала бюджетінен 46 миллион теңге жұмсалды. Алайда, Ясауи кесенесі маңынан жаңадан этноауыл салынғаннан кейін бұл нысан иесіздікке ұшырады. Дегенмен, біздің қарамағымыздағы «Жасыл Түркістан» мемлекеттік мекемесі күтіп, баптау жұмыстарын атқаруы қажет еді. Жақында барып қарағанымызда шынында иесіздікке ұшырағандығын көрдік. Мұны инвестор келіп, негізгі қызметін өзгертпей, қайта дұрыстап, абаттандыру жұмыстарын жасайтын болса, бизнес жоспарын қарауға әзірміз», – дейді.

Өткен аптада қала әкімі көптеген әлеуметтік нысандарды сенімгерлік басқаруға беруге болатындығын мәлімдеген болатын. Алайда, сенімгерлік басқаруға берілген кәсіпкер немесе инвестор нысанды қараусыз қалдырса, қайтып алуға құқымыз бар деген еді. Ендеше, Шәуілдір бағдарындағы жол бойын-дағы этноауылды бұлай жау шапқандай жайратып қоюға әсте болмайды.
Иса БЕРКІМБАЙ.


