- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Биылғы 2021-2022 оқу жылының бітуіне де санаулы уақыт қалды. Осы орайда Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің мәліметінше, бүгінде аталмыш бөлімге қарасты жалпы білім беретін 33 мектепті 1952 оқушы бітіргелі отыр. Нақтырақ айтсақ, қазақ бөлімінен – 1199 оқушы, орыс бөлімінен – 294 оқушы, өзбек бөлімінен 459 оқушы алтын ұя мектебімен, құрметті ұстаздарымен қоштаспақ. Олардың арасында 70 оқушы «Алтын белгіге» үміткер ретінде ұсынылса, 155 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Ал 1484 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге грант негізінде оқуға түсуге өтініш білдірген.
Сондай-ақ биыл оқушылардың ҰБТ-дан қиындықсыз өтуі үшін көптеген қосымша шаралардың қабылданғанын қуана жеткізгіміз келеді, бұл олардың бойындағы қорқыныш пен үрейлерінің сәл де болса басылуына көмек береді. Айта кетейік:
1.ҰБТ электронды форматқа көшірілді. Орнатылған камералар, прокторинг және трансляция жүйесі түлектерге кедергі келтірмейді. Себебі бұл шара ҰБТ-ның әділ және ашық өтуі үшін енгізілген.
2.ҰБТ жылына бір рет емес, 4 рет өткізілді. Ол түлектердің күйзелісін азайтып, университетке түсуіне бірнеше мүмкіндік берілу мақсатында жасалған.
3.Ерекше қажеттіліктері бар балаларға да арнайы жағдай жасалды. Биылдан бастап оларға тапсырмаларды орындау үшін қосымша 40 минут бөлінді. Сондай-ақ, тапсырмалар суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз берілді.
4.Енді тест тапсырушыларға калькуляторларды тұрақты түрде пайдалануға рұқсат етіледі.
5.Биыл ҰБТ ұпайлары ғана емес, сонымен қатар, әр пән бойынша нәтижелердің тақырыптық талдауы беріледі. Бұл түлектердің әлсіз тұстарын талдауға және білімдерін жетілдіруге көмектеседі.
6.Президенттің қолдауының арқасында грантқа түсуге мүмкіндік артып отыр. Биыл қосымша 15 мың грант бөлініп, стипендия мөлшері 15% өсті.
7.Биылғы жылы грант негізінде оқуға түсуге ниет білдіргендер екі рет ҰБТ тапсыра алады. Ең жоғары жинаған ұпайының сертификатымен грантқа конкурсқа қатысуға өтініш береді.
«Бәрін айт та, бірін айт», биыл түлектерді қандай мамандық иесі болу қызықтырды екен? Бұл жөнінде Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мемлекеттік білім беру гранттары бойынша ауыл квотасының 35 пайызға көбейтілетінін мәлімдеген болатын.
«Биыл біз ауыл квотасын 35 пайызға дейін арттырамыз. Осылайша квота тағы 5 пайызға өседі. Үкіметке тиісті ұсыныс енгізілді», – деген Қ.Ерғалиевтің сөзі көп жастардың жаңаша шешімдер қабылдайтынына тың серпін беретіндей. Себебі вице-министрдің айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша ауыл квотасы көп жағдайда игерілмей жатады. Оны жыл сайынғы статистика да растап отыр. Өйткені мектеп түлектері ондай мамандықтарға құжат тапсырмайды деп алаңдаушылық білдірді вице-министр.
Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға арнайы гранттар қарастырылған, ол үшін «Білім туралы» Заңға өзгерістер енгізілді, енді көп балалы отбасылардан шыққан балаларға – гранттардың 5%, толық емес отбасылардан шыққан балаларға – 1%, физикалық мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасылардан шыққан балаларға – 1% бөлінуі көзделген.
Қазіргі таңда біз техникалық мамандықтарға сұраныстың артып келе жатқанын байқаймыз, бұл туралы президентіміз Қ.Тоқаев та айтты, сондықтан 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыстың 70%-ын (қазір 45%) металлургия, IT, құрылыс, инженерия және қызмет көрсету сияқты бағыттар құрайтын болады.
Міне, әзірге Білім және ғылым министрлігі осындай жаңалықтарымен бөлісіп отыр. Дегенмен, жарқын болашақ үшін балаларға бар жағдайдың жасалып жатқаны аңғарылады. Олимпиадаларға, түрлі зияткерлік ойындарға, сайыстарға қатысуға орасан зор мүмкіндіктер берілген. Ең бастысы, жақсы оқып, белсенділік танытып алға қарай нық сеніммен ұмтылсаң ештеңеден ұтылмайтының анық. Ендеше, алдағы ҰБТ сынағынан сәтті өтуіңе тілектестігімізді білдіреміз, құрметті талапкер!
Әзірлеген: Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.