«ПАРАСАТ»САЯБАҒЫ СӘУЛЕТ ӨНЕРІНІҢ «МОЛАСЫНА» АЙНАЛҒАН

512 көрілім

Өткен аптада әкімнің журналистермен кездесуінде Асқар Мырзахметов орнатқан Ясауи хикметтерінің қайда кеткендігін сұраған едік. Әкім оны орнатуға жер іздеп жатқандығын айтып, қысқа қайырды. Елдің айтуынша, хикметтер Оралман шағын ауданындағы «Парасат» саябағында күн астында жатыр екен. Дүйсенбіде көзбен көруге бардық. «Парасат» саябағы тозып кеткен. Батыс облыстарында құрғақшылықтан қынадай қырылса, Қамбар атаның түліктеріне Түркістанда не жау келді? Қорымның нақ төрінде жасыл түсті сегіз пырақ жамбастай құлаған. Ол аз болса, қаланың ғажайып өнер ордаларының сәнін келтірер алып домбыралар күн астында қақтаулы. Тойдың сәнін келтірер неше түрлі гүл шоқтары аяққа таптаулы.

Мұның ішінде Ясауи хикметтерінің тұғыры бар да, өзі жоқ. Саябақты көкжелектендіретін «Жасыл Түркістан» мекемесінің бригадирі Ермұхамед Шәмен хикметтерді «Түркістан су» мекемесінің басшылығы алып кеткендігін айтты. «Түркістан су» мекемесінің мәдени мұраларға не қатысы бар? Оған мәдениет бөлімі иелік етпеуші ме еді?

Ясауи бабамыздың қолды болған хикметтерін іздеп «Түркістан су» ЖШС-іне хабарластық. Олар «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына өткізгендерін хабарлады. Музейдің су жаңа директоры Мәулен Садықбек жазбаша хатпен шығуымызды өтінді. Бәрінен бұрын біздің көңіліміздің орныққаны Ясауи хикметтерінің сенімді қолда екендігі. Оны орнатуға Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің бас офисінің алдындағы саябағы таптырмайтын жай. Себебі, сырттан келген ғалымдар Ясауи хикметтерінен сусындаса, университеттің студенттері де флешмобтар, Ясауи оқуларын өткізуіне әбден болады.

Бір қызығы хикметтерді іздеп жүріп, «Парасат» саябағына барған сапарымызда сұмдық жайлардың куәсі болдық. Баскетболға арналған спорт алаңының орындықтары қираған. Дүңгіршектердің шынысы тас-талқан. Баскетбол торының артындағы қалқаншасы да тесілген. Барлық жарықшамдар шағылған. Жол бойындағылары жапырылып қалған. Бүкіл құрал-жабдықтарды осыншалықты қатігездікпен қиратқандар, Түркістанның түлеуіне қарсы ниеттілер ме дерсің?

Осыдан үш күн бұрын ғана көгалдандыру жұмыстарын бастаған «Жасыл Түркістан» мекемесінің бригадирі Ермұхамед Шәмен мұнда қарауға қолдары тие бермейтінін, адам жетіспейтінін айтады. Кешкі мезгілде «Парасат» саябағын ешкім қадағаламайды.

Бұл «Парасат» саябағын 2019 жылдан бері «Жасыл Түркістан» ММ күтіп баптайды екен. Қазіргі жағдайынан осы кәсіпорынның үстінен қарайтын Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар» бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрамбек Момбеков: «Парасат» саябағындағы футбол, баскетбол алаңдары 2019 жылы салынды. Қазіргі жағдайынан хабардармыз. Жақында жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында сметалық құжаттары жасалуда. Содан кейін сенімгерлік басқаруға беріледі. Оның қаулысын әзірледік», – дейді.

Әбден иесіздікке ұшыраған саябақты көргенде қала әкімінің осындай мекемелерді сенімгерлік басқаруға беруінің шынайы мәнісін жете түсіндік.

Қорыта айтқанда хикметтерді іздеп жүріп кезіккен екінші мәселеміз яғни қаланың көрікті орындарындағы сәулет өнерінің «қорымына» айналған «Парасат» саябағының бүгінгі хәлі мүшкіл. Ал, құнды мұралардың көшін бастайтын мәрмәр тастан қашалған Ясауи хикметтерінің қолдан қолға өтіп, тағдыр тәлкегіне түсуінің себебін білу үшін басылым бетінде сұрау хат жолдауды жөн санадық.

Иса БЕРКІМБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы