Халқымыздың «Ару» деген әдемі сөзі жас талғамайтын секілді көрінеді маған. Мұқағали ақынның:
«Арулар – асыл жандар,
Шуақ боп шашылғандар,
Құшақ боп ашылғандар,
Арулар – асыл жандар», – деген тебіреністі жыр жолдары да біздің мәңгі жас көңіліміздің сырын шертіп тұрғандай.
Осынау әдемі теңеу табиғат – ананың түрленіп, жайнаған шағында, көктемнің шуақты күнінде дүниеге келген төрт қақпалы Түркістанның тумасы, Түркістан медицина колледжінің еңбек ардагері, ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Патима Алтайқызы Утегенованы көрген сайын ойыма оралады. Тіпті, жәй ғана ару емес, «Ай сәулелі ару» десек те жарасым табатын секілді. Әлдеқашан әже атанып, алты қырдан ассадағы, оның көздің жауын алатын қырмызы қызғалдағындай көз тартар көркіне, сырлы аяқтай сымбатына кез келген жан қызыққандай. Тек келісті келбеті ғана емес, парасат-пайымы, терең білімі, ұлттық өнеріміз бен әдебиетімізге құштарлығы, қоғамдық істердің ортасында жүретін белсенділігі әріптестерінің алдындағы абырой-беделін асқақтата түсетіні анық.
Колледждің мәдени өміріндегі бірде-бір іс-шара Патима Алтайқызының араласуынсыз өтпейді десек артық айтпаспыз. Әнді де салады, өлеңді де оқиды. Жаны – ақын, көңілі – күй. Сондықтан да іскер басшы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Ғалымжан Бимурзаев басқарып отырған Түркістан жоғары медицина колледжінің ұйымшыл ұжымы «сегіз қырлы, бір сырлы», өнегелі де өнерлі апайларын ерекше қадірлеп, қастерлейді. Ол орынды да, заңды да. Өйткені, жұмыс десе «Ішкен асын жерге қоятын» Патима Алтайқызының осынау өз саласында таңдаулы оқу орнымен өмірін қоса өрілгеніне жарты ғасырға жуық уақыт болыпты. Жер-ана бусанып, тіршілікке жан біте бастаған ару көктемнің 11 наурызында 1959 жылы киелі де қасиетті Түркістан топырағында, ішкі істер бөлімінің қызметкері Алтай Әзізбекұлы мен аудандық тұтынушылар одағының сауда қызметкері, ақ адал еңбегі үшін қоғам және мемлекет қайраткері Күләш Шынболатқызы Утегеновтер шаңырағында дүниеге келген Патима Алтайқызы 1973 жылы Түркістан медицина училищесінің фельдшерлік факультетін тәмәмдап, кейіннен осында жұмысқа орналасқан күннен бастап бұл құт мекен туған ұясына айналған еді. «Дарақ бір жерде көгереді», – дейді дана халқымыз.
Патима Утегенова да өзі білім алған алтын ұясында табан аудармай еңбек етіп келеді. Ізденді. Шынықты. Шыңдалды. Бүгінгі таңда өскелең жас ұрпақ үлгі тұтар, өнеге алар ардагер, ақылшы. Қай жағынан болсын «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен» аяулы ана. Ел басқарған ардақты азамат, ҚР «Құрметті құрылысшысы», «Түркістан қаласының Құрметті азаматы», өкінішке орай, 2020-шы жылдың 9-шы шілдесінде кенеттен дүниеден өткен Алдамұратов Әбдімәлік Әбіләкімұлы екеуі бес перзент сүйіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Оларға тағылымды тәрбие, терең білім берді. Немерелерді де шариғат шапағатымен, ұлттық құндылықтарымыздың ғибратымен тәрбиелеуде. Үлкен қызы Айнұры – Түркістан жоғары медицина колледжінде қызмет істейді. Бауыржаны – Шардара аудандық ауруханасының бас дәрігері, Бақытжаны – «Базис – А» корпорациясының өндірістік істер жөніндегі директорының орынбасары. Келіндері Гүлбану мен Бағдат та аяулы аналарының қас – қабағына қарап, шаңырақтың берекелі тіршілігіне ұйытқы болып жүр. Алайда, әулетінің тірегі, отбасының ұстыны Әбдімәлік Әбіләкімұлының орны ойсырап тұр.
Бүгінгідей қуанышты күні құшақ-құшақ гүлін алып жарқырап кіріп келетін Мәкеңнің орны оңайлықпен тола да қоймас. Дегенмен, осындай ауыр қайғының өзінен ұрпағына өнеге берер қадам жасап, «ерім менің – пірім менің» деп құдай қосқан қосағы туралы естелік кітап шығарған Патима Алтайқызының тектілігіне қалайша бас имессіз?! Өте күрделі кәсіп саналатын құрылыс саласының майталманы, мемлекеттік қызметтерде де талай биіктерді бағындырған, қанаттас жатқан қос қала – Түркістан мен Кентаудың әкімнің орынбасарлығы лауазымына дейін көтерілген іскер басшы, айнымас дос, асқар таудай әке, адал жар Әбдімәлік Әбіләкімұлы туралы замандастары Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген естелік – жинақта тебірене айтқан еді.
Кез – келген жанның қолынан келе бермес бұл істі көпшілік Патима Алтайқызының өмірлік жарына қойған рухани ескерткіші деп бағалады. Ағы мен қарасы алма – кезек араласып жата-тын пәни дүниеде Әбдімәлік бауыры-мыз туралы айтпай кетуге дәтіміз шы-дамады. Ал, бүгінгі күні қасиетті жасқа қадам басып отырған Патима ханымға айтарымыз, ай сәулесіндей аппақ жүзіңізден күлкі кетпесін!
Өмірдің ағы мен қарасы,
Алмасқан кездерде таласып.
Үміттің шырағын жақсыншы,
Балалар келіндер жарасып.
Сіз үшін дәл бүгін ерек күн.
Жүректе соғады өрекпи.
Жеткізген осындай бақытқа,
Аллаға мың шүкір дегейсіз!
Роза НАРЫМБЕТОВА.