Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айта келе, жаңа кірген Барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялады. Шын мәнінде балалардың әр күні мереке болуы тиіс. Оларға қауіпсіз өмір сыйлау, соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, білім мен тәрбие беру кез келген адамның міндеті.
Ал, осыдан жетпіс жеті жыл бұрын бүлдіршін балалар жасына қарамастан Ұлы Отан Соғысының алдыңғы шептегі жауынгерлері де бола алды. Соғысқа 300 мыңнан астам бала қатысты, алайда кішкентай батырлардың көпшілігі ордендер мен медальдарсыз, аты аталмаған күйі қалды. Әрине, біз сұм соғысты көрген жоқпыз. Тек түрлі БАҚ, әдебиеттерден оқып, фильмдерден көріп қана соғыстың сұрықсыз бейнесін көз алдымызға елестетеміз. Дегенмен, осындай жағдайларға қарамастан жасөспірім балалар өз елінің бостандығы үшін күресе білді.
Ал, қазір бейбіт аспан астында берекелі өмір кешіп жатқан кемел елге айналып келеміз. Сондықтан да өскелең ұрпағымыздың саналы, білімді, идеологиясы мықты болып өсулері үшін әрбір ересек өз үлесін қосу керек.
Д.ТАУАСАРОВА, «Ұлы Дала Елі» орталығының қызметкері.