ӨҢІРДЕГІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖІТІ ҚАДАҒАЛАНАДЫ

1  485 көрілім

«Қазақстанда жемқорлық, нақты айтқанда пара беру, пара алу деген жаман әдетке айналып кетті. Бұл өте қауіпті ауру. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болып қалуы мүмкін. Жемқорлықтың кесірінен алып империялар, мемлекеттер құлағанын біз тарихтан білеміз. Жемқорлық – бұл өте қауіпті үрдіс. Сондықтан оның тамырына балта шауып, түбегейлі жою қажет».
Қасым-Жомарт Тоқаев,
ҚР Президенті.

Бүгін Түркістан қаласы әкімдігінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғанижан Асанұлының төрағалығымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері» атты кездесу өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Жандос Баирханов және аппарат қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ аппарат жанындағы мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысты.


Мемлекет басшысының 13-маусымдағы шешімімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта құрылған болатын. Бүгінгі күні агенттіктің басты миссиясы – Қазақстан халқының игілігі үшін жемқорлықты жою. Адалдық, парасаттылық, әділеттілік және сенім сынды құндылықтарды негізі етіп алған департамент, бүгінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді мақсат тұтқан.
«Баршамыз киелі Түркістанда қызмет етіп жатырмыз. Рухани шаһардың атына кір келтірмейік. Сіз бен бізге жүктелген жауапкершілік жоғары. Қоғам сеніп тапсырған қызметімізді абыроймен атқарып, Түркістанның жандануына, адалдықтың нағыз ордасына айналдыруға бар күшімізді салайық», – деді департамент басшысының бірінші орынбасары Ғанижан Асанұлы.


Осы мақсатта, «Түркістан – адалдық алаңы» жобасы 1 қаңтардан бастап өз жұмысын бастаған болатын. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, қоғам арасында сыбайлас жемқорлықты қабылдамау мәдениетін қалыптастыру және қоғамның билік институттарына сенімін арттыру аясында нәтижелі істерді жандандыруда.


Статистикаға сүйенер болсақ, 2018 жылы облысымызда тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны 82-ні құраған. Соның ішінде Түркістан қаласы 17 қылмыс санымен көш бастап тұр. Дегенмен, жыл санап қоғамның ауыр дерті саналатын қылмыстар саны өткен жылдарға қарағанда 2018 жылы біршама төмендегенін айта кеткеніміз жөн. Жалпы, атаулы қылмыстар көбінесе шағын және орта кәсіпкерлік, жер телімдерін беру, мемлекеттік кірістер, білім беру, жер қатынастары, құрылыс, тұрғын үй салаларында жиі орын алған. Департамент тарапынан қаншама түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де мектептердегі жөндеу жұмыстарына, тестілеуге қаржы жинау бойынша түсетін арыз-шағымдар саны азаймай тұр. Айта кетейік, қызмет бабын асыра пайдаланып, пара алған шенділер темір тордың ар жағына тоғытылған.
Назар салыңыз, қызмет бабында сыйлық берген де, сыйлық алған да – жазаланады!
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы