Қуатбек АЙДАРБЕКОВ:
Түркістан қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы
«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, cпорт адам денсаулығы үшін таптырмас байлық болып табылады. Салауатты өмір салтын ұстану арқылы адам баласы күні бойы өзін сергек сезініп, көңілді әрі шат-шадыман жүруіне жол ашады. Ал, бүгінде қаламыздағы спорттың дамуы мен деңгейі қалай? Осы сұрақтар төңірегінде біз бүгін волейболдан Халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Қуатбек Айдарбековпен сұхбат жүргізген болатынбыз.
– Қуатбек аға, бүгінде жалпы облыс орталығы тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстану деңгейі қай дәрежеде?
– Халқымыз ежелден денсаулықтың қадіріне жете мән беріп, оны басты байлыққа балаған. Осы тұрғыдан алғанда қала халқы 165743 мың адамды құраса, оның ішінде бүгінде жалпы 48952 адам спортпен ұдайы шұғылдануда. Ал, қала әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты 5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 12 түрінен 2196 балаға 34 жаттықтырушы сабақ беруде. Аталмыш мектептің жас жеткіншектері бүгінгі таңда жетістіктерімен қуантып, қаламыздың атын облыстық, республикалық, Халықаралық жарыстарда асқақтатып жүр. Сондай-ақ, қаламыздағы Ә.Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ-нің соңғы жылдары жеткен толағай табыстарын мақтанышпен айтуымызға болады.
– Облыс орталығы атандық, спорт саласында соған лайық қандай өзгерістер орын алғалы отыр?
– Негізінен біз 2017 жылдан бастап мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында облыста алғашқылардың бірі болып «Тарлан батырлары» және 2018 жылдан бастап «ССК Астана» спорт кешендерін ашуға қол жеткіздік. Бүгінде аталмыш спорт кешендерінде 800-ге жуық бала спортпен шұғылдануда. Бір-екі жылдың көлемінде Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп-интернаты, жоғары спорт шеберлігі мектебі, облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері, бассейні бар спорт сарайы, 7000 орынға арналған стадион, олимпиадалық резерв мектебі, теннис орталығы сияқты спорт нысандарын салу жоспарланып, оның бірқатарының құрылысы бүгінгі таңда қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, қаланың 3 жерінен спорт кешенін салу жоспарланса, демек болашақта салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың қатары көбейе түспек.
– Бөлім тарапынан қалада қандай спорттық іс-шаралар мен дәстүрлі турнирлер өткізу қолға алынған?
– Бөлімнің жылдық жоспарына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізу қолға алынған. Атап айтсақ, бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы, «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған Халықаралық турнир, баскетболдан Саттар Ерубаев жүлдесі үшін, волейболдан Орта Азия мен Қазақстан бойынша тұңғыш спорт шебері О.Жарылқаповтың жүлдесі үшін, ҚР-де еңбек сіңірген жаттықтырушы Х.Аққалиевты еске алуға арналған турнирлер, қазақ күресінен «Тайқазан» жүлдесі үшін жарыстар, сондай-ақ, кәсіби мерекелерге орай дәстүрлі түрде спорттық жарыстар ұйымдастырылуда. Жалпы облыс орталығында спорттың барлық түрінен жоғары деңгейдегі жарыстар өткізілуде. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, 102 спорттық іс-шарадан 124-ке көбейіп, оған 12884 адам қамтылды.
– «Футбол – миллиондар ойыны». Осы спорт түріне бөлек тоқталып өтсеңіз?
– Бүгінде қаламызда үлкен футболға қарағанда кіші футболға ден қойған жастар қатары артып келеді. Бұрындары қаламызда мекеме, өндіріс орындары ұдайы жұмыс істеп тұрған кезде командалар жиналып, қала біріншілігі тұрақты өтіп тұратын. Осы мәселені шешу бойынша биыл қала біріншілігін қайта қолға алдық. Бүгінгі таңда үлкен футболды ойнауға ынта білдірген командалар қатары артып отыр. Күз айында қала кубогын сарапқа салу жоспарда бар. Спортсүйер қауым жақсы біледі, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш чемпионатында жергілікті талантты футболшылардан жасақталған «Монтажник», 2003 жылы «Яссы-Рахат» командалары қазақ футболының тарихында тәп-тәуір өнер көрсеткендігін мақтанышпен айтуымызға болады. Биылдан бастап бас мердігері «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС арқылы қаламыздың әр бұрышынан 12 кіші футбол алаңы мен 6 теннис кортын салу қолға алынуда. Сондай-ақ, қаладағы Октябрь Жарылқапов атындағы орталық алаң алдағы жылдары күрделі жөндеуден өтеді. Бұл да футбол сүйер қауым үшін үлкен жаңалық. Демек, Түркістанда кіші футболмен бірге үлкен футбол қатар дамиды.
– Бекзат Саттархановтың жеткен жетістігін мысал ретінде айтсақ, соңғы жылдары облысымыздан Олимпиада чемпионы шықпағанына біраз жылдар болыпты?
– Иә, дұрыс айтасыз. Оңтүстік өңірінен 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында көркем гимнастикадан Нелли Ким чемпион атанса, араға 20 жыл салып 2000 жылы Бекзат Саттарханов айды аспанға шығарып, Олимпиада чемпионы атанды. Құдай қаласа, 2020 жылы Токио Олимпиадасында өңірімізден тағы бір Олимпиада чемпионы шықса, нұр үстіне нұр болар еді. Соңғы жылдары Дидар Хамза, Бек Нұрмаханбет, Бибарыс Әбдіғани, Нұрлан Мырзабаев тағы басқа да өрендеріміз Халықаралық жарыстарда атой салып жүр. Біздің бар үмітіміз осы спортшыларда.
– Қаламызда облыстық, республикалық жарыстарды қабылдау жағы қай деңгейде?
– Қаламыз облыс орталығы атанғалы бері көптеген ірі жарыстарды өткізуге мүмкіндік алдық. Өткен жылы қаламызда алғаш рет ересектер және жасөспірімдер арасында дойбыдан Қазақстан чемпионаты, КСРО спорт шебері және КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы Октябрь Жарылқаповтың құрметіне Қазақстан біріншілігі, сондай-ақ, зағиптар арасында спорттың 6 түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Түркістан үшін қайта түлеу кезеңі басталған болса, енді міне спортшыларымызға зор мүмкіндік пайда болды. Осы уақытқа дейін түрлі жарыстардан тасада қалып келген өрендеріміз облыс құрама командасы, тіпті Қазақстан құрама командасы сапында өз өнерлерін көрсетулеріне жол ашылды.
– Түркістаннан шыққан спорт саңлақтарына құрмет қай деңгейде?
– «Әруақ аттаған оңбайды» дейді дана халқымыз. Сондықтан, Түркістан топырағынан шыққан спорт майталмандарына құрмет қашан да басты назарда болмақ. Атап айтсақ, Әбдісалан Нұрмаханов, Хаис Аққалиев, Октябрь Жарылқапов, Бекзат Саттархановтарға арнап ескерткіштер орнатылып, көше аттары берілген. Ал, жыл сайын дәстүрлі жарыстар өткізу арқылы жас буын ағаларының өмір жолымен танысып, өздерін жігерлендіріп келеді.
– Мерекеге орай айтар қандай тілегіңіз бар?
– Ел үмітін ақтап, көк туымызды көкте желбіретуді мақсат еткен барша спортшыларды, ардагер спортшыларды, жаттықтырушыларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің абыройын асқақтататын спортшыларымыз қатары көбейе берсін.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Райымжан ӘЛІБАЕВ,
«Түркістан».