ОЛИМП ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРАТЫН СПОРТШЫЛАР ДАЙЫНДАУҒА КҮШ САЛЫП КЕЛЕМІЗ

1  536 көрілім

Дәурен ТӘҢІРБЕРГЕНОВ:

Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Түркістан облыстық Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты

Тамылжыған тамыз айының үшінші жексенбісінде елімізде спортшылар мерекесі аталып өтеді. Осы айтулы күн қарсаңында облыстық Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Дәурен Тәңірбергеновпен аз-кем тілдесіп, аталған спорт мектебінің бүгінгі жай-күйін білдік.

Аталмыш спорт мектебі Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойының қарсаңында, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаевтың шешімімен Түркістан қаласында олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдер кешенді мамандандырылған спорт мектебі болып ашылған. Оған Кентау қаласы бөлімшелері және Түркістан қаласына жақын орналасқан ауылдық жерлер қосылды.

Осы жылдар ішінде атауы төрт рет өзгеріп, 2018 жылы қыркүйектің 18 жұлдызынан бастап Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Түркістан облыстық Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық қазыналық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталды.

Қазіргі таңда мектепте спорттың 11 түрінен спортшылар тұрақты түрде жаттығып келеді. Ал, он бөлім жас спортшыларды шыңдауда аянбай еңбек етуде. Атап айтсақ, бокс, дзюдо, таеквандо, еркін, грек-рим, қазақ күрестері, сонымен бірге самбо, тоғызқұмалақ, футбол және жүзумен айналысады. Сонымен қатар, мектепте барлығы 106 қызметкер, 53 жаттықтырушы, 26 әкімшілік, 27 шаруашылық қызметкерлер қызмет етуде. Олардың 4-і – ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушылар қатарында. Бүгінде бұл мекемеде 942 спортшы жаттықса, 312-сі қосалқы топта жаттығады. Спортшылар спорттың 10 түрімен тұрақты түрде шұғылдануда. Олардың арасында 5 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 56 ҚР спорт шеберін айтуға болады.

Бұл спорт мектебінің шәкірттері әлемдік додаларда атой салып жүргенін көзі қарақты көрерменге біздің басылым ізін суытпай жеткізуде. Ал, енді биылғы жеткен жетістіктеріне тоқталсақ, сәуір айында бокстан Тайландта өткен ересектер арасында Азия чемпионатында 81 келі салмақ дәрежесінде Бек Нұрмағанбет барлық қарсыластарынан басым түсіп, жеңімпаз атанса, Тайпейде жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен Азия чемпионатында 81 келі салмақ дәрежесінде Айдар Арапов жеңіс тұғырынан көрінді. Жастар арасында 100 келіде белдескен жас спортшымыз Бибарыс Әбдіғани Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Иордания мемлекеті Амман қаласында өткен таеквондодан жастар арасында Азия чемпионатында 52 келі салмақта Балнұр Спабек қола жүлдені иемденді.

 Ташкентте өткен дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында Азия кубогінде 81 келі салмақ дәрежесінде Айдар Арапов күміс жүлдені иемденді. Аталған спортшымыз Алматыда өткен дзюдо күресінен жасөспірімдер және жастар арасында Азия кубогінде өз салмақ дәрежесінде тағы да жеңіспен оралды. Осы жарыста 90 келіде Рауан Назымханов күміс жүлдегер, жастар арасында 100 келіде Бибарыс Әбдіғани және 73 келі салмақта Бексұлтан Бүйсенов жеңімпаз атанса, Кемелбек Молдаш күміс жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар, ҚР чемпионаттарында 16 жеңімпаз, 17 күміс, 11 қола жүлдегер, ҚР спартакиадаларында 2 жеңімпаз, 6 күміс, 7 қола жүлдегер, Халықаралық рейтингтік жарыстарда 1 жеңімпаз, 4 күміс, 3 қола жүлдегерлері дайындалғанын мақтанышпен айтуымыз керек. Осы тұрғыда жоғарыда айтылған жеңісті жолды жалғаған спортшыларымыз әлі де талай биік белестерді бағындырарына сеніміміз мол. Сонымен бірге, келер жылы төрт жылдықтың басты бәсекесі Токио олимиадасына да түркістандық спортшылардың олимп жолдамасына қол жеткізіп, дүбірлі додада еліміздің Әнұранын шарықтатар сәт тусын деген ой түйдік. Оған бұл мектептің мүмкіндігі де бар. Көп ұзамай ол жаңалықтармен де бөлісетін боламыз.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы