АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК: КІМГЕ ЖӘНЕ ҚАНША ТӨЛЕНЕДІ?

1  551 көрілім

Атаулы әлеуметтік көмек көрсету – қаланың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудегі басым бағыттың бірі. Биылғы 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тағайындау механизмі белгілі. Атап айтқанда:

Біріншіден, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі бір адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-дан 70%-ға дейін, яғни 14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін арттырылды.

Екіншіден, ай сайын аз қамтылған отбасының әрбір баласына күнкөріс деңгейінің 70%-ы мөлшерінде кепілдендірілген көмек (20789 теңге) көрсетіледі. Отбасының ересек мүшелері үшін атаулы әлеуметтік көмек критерийімен адам басына шаққандағы орташа табыстың арасындағы айырма ретінде тағайындалады. (20789 теңге немесе күнкөріс деңгейінің 70% (29698 теңге).

Үшіншіден, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасылар мен «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төс белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ мүгедектігі бойынша балаларға берілетін жәрдемақылар,студеннтер шәкіртақысы алып тасталды.

Төртіншіден, сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы АӘК тағайындау рәсімі жеңілдетілді. Барлық қажетті құжаттар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен сұратылады.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек отбасыларға екі түрде көрсетіледі – шартсыз және шартты ақшалай көмек.

Жеке тоқталар болсақ, шартсыз ақшалай көмек – бұл отбасының еңбекке жарамды мүшелері объективті себептермен жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын отбасыларға 6 айға тағайындалатын көмек. Олар – зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғалар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, 7 жасқа дейінгі балалар мен мүгедек баланы күтумен айналысатын тұлғалар. Сондықтан, шартсыз тағайындалған отбасына ай сайын атаулы әлеуметтік көмек төленеді.

Ал, шартты ақшалай көмек – бұл 12 айға тағайындалатын атаулы көмек, оны төлеу үшін міндетті шарт – әлеуметтік келісім-шарт жасасу және отбасының еңбекке жарамды мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу. Әлеуметтік келісім-шарт алушы мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу туралы тараптардың құқықтары мен міндеттері.

Әлеуметтік келісім-шартқа қол қоя отырып, тараптар өзара жауапкершілікті мойындарына алады: жұмыспен қамту орталығы тарапынан жұмыспен қамту шараларын қарастырып, отбасының еңбекке жарамды мүшелеріне жұмысқа орналасуға көмек беріледі, қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі. Осылайша, отбасының кедейлік жағдайынан шығу мүмкіндігі ынталандырылады. Әлеуметтік келісімшарт талаптарын орындамау отбасының еңбекке жарамды мүшелеріне төлемді тоқтату үшін негіз болып табылады.

Түркістан қаласы тұрғындарына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында «Атаулы әлеуметтік көмек – әлеуметтік тұрақтылықты сақтау» айлығын өткізу іс-шара жоспары ( 2019 жылдың 5 тамыз-5 қыркүйек аралығы) бекітіліп, жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек мәселесі туындаған сұрақтар бойынша қала тұрғындары 8-725-33-7-10-17, 8-707-418-01-75 «сенім телефоны» арқылы сағат 9.00-19.00 хабарласып, тиісті жауаптарын алуға болады.

Нұрбибі БУРИБАЕВА,

қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы