КҮЛТӨБЕНІ ЗЕРТТЕУ – ТҮРКІСТАННЫҢ ТҮП ТАМЫРЫН ТАНУ БАЙЫПТЫ БАҒДАРЛАМАДАН БАСТАУ АЛҒАН

879 көрілім

2004 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарламаның басты мақсаттарының бірі – халықтың бай мәдени мұрасы арқылы қазақстандықтардың ұлттық сана сезімін дамыту мен бекіту, сондай-ақ әлемге еліміздің құнды ұлттық рухани қазынасын ашу болды. Ал, Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында тарихи сананы жаңғырту ұлттық бірегейлікті нығайтудың алғышарты ретінде көрсетілді.

Қазіргі кезде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаның жалғасы іспетті. Солардың бірі де бірегейі – археологиялық қазба жұмыстары.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің территориясында «Күлтөбе» атауымен ашылатын археологиялық паркке дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың пікірінше «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі айналасындағы тарихтың тылсым сырлары әлі де мол. Алдағы уақытта да жүргізілетін зерттеу жұмыстары тарих қатпарына бойлап, талай тарихи жұмбақтардың бетін аша түспек.

«…Былтырғы жылы «Күлтөбе» қалашығының өзінде жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде 13-14 ғасырларға жататын көше, сол көшенің бойындағы тұрғын үйлер мен шеберхана құрылыстарының орындары ашылды. Биылғы жылы сол құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жұмысымызды зертханада жалғастырмақпыз. Мақсатымыз ашылған құрылыс орындары мен табылған жәдігерлерді ғылыми тұрғыда зерттеп, тарихи мұраларды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне тапсыруға дайындау болмақ», дейді, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының археологы Айсұлу Ержігітова.

Осы ретте біз әуел баста музей маманы болған Айсұлу Асқарқызының археолгияға бет бұруының сырын сұраған едік. Иә, оны тарих қатпарына деген ынтызарлық пен қызығушылық археология саласына жетелепті. Бүгінде бұл мамандықтың қыр-сырына қанығып, кәсіби дәрежеге көтерілген еліміздегі археолог қыздарымыздың бірі ­де бірегейі Айсұлу Ержігітова туралы ойымызды былайша өрбіді.

АРХЕОЛОГТЫҢ ӘЛЕМІ

…1989 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтын бітірген Айсұлу Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсовод қызметіне келеді. Музейдің кіші ғылыми қызметкері, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер лауазымдарын атқарған ол бүгінде археология бөлімін басқарады. Жаңа келген жас маманға С.Алибаева, Г.Манаенко, Р.Бекталиева, Б.Байтанаев, А.Н.Грищенко, А.Рустемов секілді тәжірибелі мамандар қолдау көрсетіпті.

«Осы кісілердің көмегімен музей саласын меңгеріп, үздік маман атандым. 90-жылдары музейімізде ғылыми кеңес жұмыс істеген болатын. Ғылыми кеңесті белгілі ғалым Карл Байпақов басқарған. Кеңестің кезекті отырыстарынан кейін Карл Молдахметұлына жолығып, археологиялық қазба жұмыстарына қатысқым келетінін айттым. Әрине, ол кісі бірден келіскен жоқ. Археология саласының қиындығын, аптап ыстық, суық күндерде дала кезіп, шатырда тұруға тура келетінін айтты. Басқа да қиыншылығы мол, «әйел баласына қол емес кәсіп» деп, алған бетімнен қайтаруға тырысты. Бірақ менің археологияға аңсарым ауып, қызығушылығым бір мысқал да кеміген емес.

Арада біраз жылдар өткен соң, Карл Молдахметұлының өзі хабарласып, Ордабасы ауданындағы Бөріжар қорымында қазба жұмыстарын жүргізуге шақырды. Мен қуана келістім. Зерттеу жұмыстарын ойдағыдай атқарып, ғылыми есебімді қабылдаған соң, Карл Молдахметұлы мені Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аспирантурасына оқуға шақырды. Ол кісінің мақсаты, өңірлерде жергілікті мамандарды даярлау болатын», – деп еске алады Айсұлу археологиядағы алғашқы қадамдарын.

Ол 2004 жылы елімізде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Көне Отырарды қалпына келтіру» жобасы қолға алынып, облыстың (Сауран, Сидақ, Шойтөбе, Күлтөбе көне және ортағасыр қалалары, Бөріжар, Талтақай, Мардан Күйік қорымдары) археологиялық ескерткіштерінің ғылыми зерттеу жұмыстарына белсене қатысты. Айсұлу осы жылдары белгілі археолог ғалымдармен (Е.Смағұлов, М.Тұяқбаев, О.АЛушпенко, С.Баратов, Т.Габуев.) далалық археология жұмыстарына қатысып, үлкен тәжірибе мектебінен өтті.

2000-2002 жылдары Батыс Қазақстан облысында орналасқан ортағасырлық Жайық қалашығының зерттеу жұмыстарына қатысты. Айсұлу осы тұста көптеген республикалық, халықаралық жиындарға қатысып, өлкемізде жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулерді, жетістіктерімізді және қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттауға үлес қосты. Ресейдің Санкт-Петербург, Саратов қалалары, Әзербайжанның Нахичевань, Түрікменстанның Дашогуз қалаларында өткен ғылыми конференцияларына археолог-зерттеуші ретінде қатысты. Кейін Ә.Марғұлан атындағы археология институтының басшылығы Айсұлуға Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының Бөріжар, Сауран археологиялық отрядтарына жетекшілік етуге сенім білдірді. Қазіргі таңда Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Түркістан археологиялық экспедициясының құрамында Күлтөбе, Сауран қалашықтарының археологиялық қазба жұмыстарына қатысуда.

КҮЛТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫ 10 ЖЫЛДАН БЕРІ ЗЕРТТЕЛІП КЕЛЕДІ

«Мен қазір, ежелгі Күлтөбе қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстарына жетекші археолог ретінде қатысып келемін. Күлтөбе қалашығының ежелгі сәулет құрылыстары 2011 жылы ашылған болатын. Сол кезеңде ескерткіштің зерттеу жұмыстарын белгілі археолог, Е.Смағұлов басқарған Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Түркістан археологиялық экспедициясы жүргізген. (Археологиядағы ұстазым – Е.А.Смағұлов.) Археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ежелгі құрылыстар қаланың цитаделі екендігі, олар биік қамалдармен қоршалғандығы белгілі болды. Қаланың ең ежелгі қабаттар негізінде б.д.д. ІІ ғ. – б.д. ІІІ ғ. мерзімделеді.

Бірегей археологиялық жәдігерлері бар бұл кешен ежелгі Ясы қаласының б.д.д. ІІ ғ. – б.д. ІІІ ғ. ғұрыптық, салттық өмірін жарыққа шығарып отыр. Зерттеу барысында алынған материалдар мен зерделеу жұмыстары Ежелгі Түркістан цитаделінің сақталу жағынан да, архитектуралық-фортификациялық жағынан да маңызды ескерткіш екендігін дәлелдейді.

«Күлтөбе қала жұртының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «ERG Көмек» корпоративтік қоры мен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының арасындағы меморандумы арқылы жүзеге асырылуда. Бұл ауқымды жұмыстарды Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты іске асыруда. Жоба үш жылға, яғни 2019-2021 жылдарға жоспарланған. Жоба аясында 27 га ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Негізгі бағыттары археологиялық қазба жұмыстары және ашылған ғимараттарын қалпына келтіріп, Түркістан қаласының тарихи кезеңдері археологиялық паркі ашылмақ. Алдағы уақытта Түркістан қаласына төрткүл дүниеден келген туристер көне қаланың тарихымен тереңдей танысып, археологиялық саябақты аралап көре алатын болады», – дейді археолог бізбен әңгімесінде.

Түйін

Әр кәсіптің, әр мамандықтың өзіне тән қызығы мен қиындығы болары анық. Мына жолдар машақаты мен мехнаты мол археологтердің тыныс-тіршілігінен хабардар еткендей:

«…2013 жылы Бетпақдаладағы Таңбалы тасты зерттеу жұмыстарына жетекшілік еттім. Әуелі барлау жұмыстарын жүргіземіз ғой. Барлауға 3 көлікпен шыққан едік. Жолбастаушымыз адасып, Таңбалы тасқа жету үшін бір күн уақытымыз кетті. 12 сағат бойы жолсыз жерлерді кезіп қатты шаршадық, көп қиындыққа тап болдық. Ұшы-қиыры жоқ иен дала, аптап ыстық, таң азаннан шыққаннан көз байланар шаққа іліндік… Тіпті іштей қорқып, уайымдай бастадым, себебі экспедиция мүшелеріне жауаптымын. Экспедиция құрамындағы жігіттердің табандылығымен жолды тауып, діттеген жерге жеттік. Жұмысымыз сәтті аяқталып, алдымызға қойылған мақсатымыз орындалды. Зерттеуді абыроймен аяқтадық. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бетпақ даласындағы Таңбалы тас маңайында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу бағытындағы жоба ұтып алып, сол өңірге, сол командаммен қайта барып, көп табысқа қол жеткіздік. Ашқан ғылыми жаңалықтарымыз тарихқа қатталары анық».

Әтіргүл ТӘШІМ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы