ДҮРБЕЛЕҢ ТУДЫРҒАН ТЕЛЕФОН ҚОҢЫРАУЫ НЕМЕСЕ АЛАЯҚТАРДАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ

1  142 көрілім

Бұл мақаланы егжей-тегжейлі жазуыма мына бір жағдай себеп болды. Басқаларға сабақ болсын, сақ болсын деген оймен баршаңызбен бөлісіп отырмын.

Шыбынның ызыңы естілмейтін кабинеттегі тыныштықты жанымдағы әріптесімнің телефон қоңырауы бұзды. Реңі күрт өзгеріп, сасқалақтаған құрбымнан маза кетті. «Жағдайды түсінбей тұрмын, сен де сөйлесші» деп телефонның дауыс күшейткішін қосып қойды. Сөйтсем ар жағынан банк қызметкері звондап, «сіз 800 мың теңге несие алып, қол қойғалы тұрғаныңызды растайсыз ба?» деп сұрап тұр екен. Бұл «қандай несие, мен ештеңе алайын деп тұрған жоқпын, өзімнің несиемнің бітуіне екі ай ғана қалды, күн санап жүрмін» деп дызылдап әлек. «Онда сіздің атыңыздан несие рәсімдеп жатқанын мәлімдейміз» деді ар жағында орыс жігіті салмақты дауыспен. «Не дейді?!» құрбымнан әбден маза кетті. Анда-санда ашуланғанда беті нарттай болып қызаратыны бар еді. «Сіз саспаңыз, өзіңізді ұстаңыз, біз клиенттеріміздің қауіпсіздігін әрдайым бақылауда ұстап отырамыз. Сіз біреуге жақын арада куәлігіңіздің көшірмесін немесе ЖСН жайлы мәлімет берген бе едіңіз? Алаяқтар біраз мәліметтеріңізге қол жеткізіпті. Сіз қазір «App Store» қосымшасына кіріп, менің айтқандарымды басып отыру арқылы, қазір сіздің атыңыздан алайын деп отырған несиені алдырмай қайтарудың алдын аласыз!». Банктің қауіпсіздік бөлімінде істейтін орыс жігітінің дауысы нық сенімді, сауатты. Тап қазір тағдырың сол жігіттің қолында тұрғандай дерсің!

Сонымен Құдай қақты ма, аталған қосымшаның тізбегін телефоннан айту арқылы мүдірмей басып келе жатып, тағы бір код қажет болып, ол кодты тек құрбымның баласы біледі екен де, оған хабарлассақ ол да ұмытып қалыпты. Ары қарай банк қызметкері күттірместен банкке барып, өзімізге тиесілі қаражатты тез арада шешіп алуға кеңес берді. Бір таң қаларлығы, банк қызметкерімін деген жігіттің ар жағында полициялардың дыбыс сигналдары естіледі, мұның өзі әлгі жігіттің қауіпсіздік комитетінде қызмет ететінін дәлелдеп тұрғандай психологиялық әсерін тигізеді. Демек, сіз түрлі құралдармен қорқытып тұрған қудың құрсауында қалай қалып қойғаныңызды білмей қаларыңыз сөзсіз.

Жұмыстан сұранып, ары қарай банкке безілдеп жеткенше тоқтаусыз телефон соғып, «ешқандай құқық қорғау органдарына хабарламауды, олай асығыс еткен жағдайда алаяқты үркітіп, операцияның күл-талқанын шығаруыңыз мүмкін, барған соң өзіңізді барынша ұстап, ешнәрсе білдірмей, мен берген сенімді нөмірге аудару арқылы қаражатыңызды сақтап қала аласыз…» деген кеңесін берген «жанашыр» жігіттің жетегімен банкке жеттік. Жеткенімізді айттық. Банктің алдында кібіртіктеп, қайда кірерімізді, кімге сенерімізді білмей, расында қаржылық сауаттылығымыз мүлдем жоқ екенін сонда анық мойындадық… Уайымдамаңыздар, одан соң банкке кіріп, шотымызды тексертіп, мән-жайға көзіміз жетіп, дабыра болған даудың басы басылғандай болды. Ал, қайта-қайта телефон соққан жігіттер бірдеңені сезгендей телефонды көтермей, тым-тырыс күйі қалды…

Расында, арамызда біз сияқты келеңсіз жағдайға тап болған қаншама клиенттер бар екен? Мұндай жағдайда не істеу керек? Алдауға түспес үшін алдын алу шаралары қандай? Осы секілді сұрақтардың жауабын білу үшін Түркістан қаласы Халық Банк менеджері Жамила Мамбетовадан анық-қанығын сұрауды жөн көрдік.

«Соңғы кезде телефонмен хабарласып, алдайтын алаяқтар өте көбейіп кетті. Олар түрлі айла-әдістер арқылы телефонға келген пин-кодты, смс арқылы келетін сандарды білуге әрекет етеді. Технология қаншалықты қарқынды дамыса, алаяқтық жолмен жасалатын құйтырқы әрекеттер де азаяр емес. Неше түрлі хакерлер құпия ақпаратқа қол жеткізіп, кез-келген қаржы операциясын оңай жасай алатын болды. Мұндайда клиенттерімізге барынша сақ болуға, ешқандай жағдайда кодты айтуға болмайтынын ескертеміз. Тіпті код келгенде, хабарламаның өзіне «банк қызметкеріне де айтпаңыз» деп ескерту жасалған емес пе?

Сондай-ақ, егер сізге банктен хабарласса, сөйлесуді тоқтатып, өз бетіңізбен банктің ресми байланыс орталығына хабарласып, жағдайды анықтаңыз. Сізге қоңырау шалғанда оларға қарсы сұрақ қойып, аты-жөнін, қызметін және басқа деректерін сұрап алыңыз. Сұрақты бірнеше рет қойсаңыз, олардың жаңылысу жағдайлары кездесіп жатады.

Және де телефон арқылы ешкімге картаның реквизиттерін, жеке басыңыздың деректерін бермеңіз. Сонымен қатар, байқағанымыздай, қоңырау шалушылардың көбісі орыс тілінде хабарласады. Бұл олардың Ресейден екенін білдіреді. Егер Қазақстан банктерінен болса, орталықта міндетті түрде қазақ тілді операторлар отырар еді. Немесе олар қазақ тілді операторлар желіде бос емес еді деген желеуді де айтып үлгереді. Сондықтан олармен қазақ тілінде сөйлесуге кеңес береміз. Бұл да бір сақтықтың жолы деп ойлаймыз. Қысқасы, күдік тудырған қоңырауларды тоқтатып, сөйлеспей қойсаңыз жеткілікті.

Иә, «сақтықта қорлық жоқ» деген атам қазақтың әрбір дана сөзі ұрпағына ғасырлар бойы сабақ болып келе жатқанын осындайда ұмытпағанымыз жөн. Абай болыңыздар, өз қауіпсіздігіңіз өз қолыңызда. Алаяқтарға алданбай, нарық заманында қаржылық сауаттылығыңызды да біршама арттырып алсаңыз артық болмасы анық.

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы