ОРАНҒАЙДЫҢ ТҮП-ТӨРКІНІ ЖЫЛАНДЫ

1  246 көрілім

Сауран ауданындағы Оранғай ауылында Мұхтар Әуезов атындағы мектептің ашылғанына 90 жыл толуына орай, әлемнің 200 данышпан жазушыларының қатарынан ойып орын алған қаламгердің құрметіне әсем ескерткіш орнатылды.

Той салтанатына алыс жақыннан осы мектептің түлектері, Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова келді.

– Қазақстанның дарынды ұрпақтарына жан-жақты білім мен тәрбие беріп келе жатқан М. Әуезов атындағы орта мектебімізге биыл 90 жыл толып отыр. 1931 жылы ресми түрде бастауыш мектеп болып ашылып, 1937 жылы қазақ және өзбек тілінде оқытылатын білім ұясына айналды. 1956 жылдан бастап білім ошағы «Оранғай» орта мектебі болып аталды. Мектеп тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі- 1967 жылы қазақтың заңғар жазушысы –Мұхтар Әуезовтің 70 жылдығына орай «М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі» болып аталды. Бұл мектеп тарихында алтын әріптермен жазылатын оқиғалардың бірі.

Мектептің жаңа ғимараты 1976 жылы Социалистік Еңбек Ері, Ленин Туы орденінің иегері, Қаз ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Қазтрансстрой тресінің бастығы М.Қазыбековтің басшылығымен салынып, пайдалануға берілді,-дейді мектеп директоры Нұрлан Қадыров.

Қазіргі таңда 660 орындық мектепте 1320 бала білім алуда. Осыған орай, Сауран ауданы адами әлеуетін дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбековаға «жасы 45-тегі оқушылары үш ауысымға шығуға сәл-ақ қалып тұрған мектептің жайы не болады?» деген сұрағымызға ол «мектепке жақын жерден 300 орындық бастауыш сыныптарға арналған мектептің сметалық жобасы жасалып, жаңа жылдан кейін құрылыс жұмыстары басталатындығын» мәлімдеді. Бұл да тойшыл қауымды одан сайын қуантып тастады.

Әсіресе, көптен бері тәжтажал індетінен қажыған қарапайым халықты жадыратып, күлкіге көміп, «Шаншар» тобы ішек сілелерін қатырды. 40 жыл мұғалімдік қызмет атқарып, оның 20 жылында директорлық еткен Фазыл ата Байметов ақсақал қазақ-өзбек араласқан мектеп ұжымының өте тату әрі ынтымақты екендігіне қызығатындығын айтады.

– Мен мына «Шаншар» тобының әсіресе Уәли мен Жүсіптің әзілдеріне риза болғандығым сонша, күлкіме шашалдым. Көптен бері бұлай күлмеген едім. Маған қатты ұнағаны –мектептің қолөнершілерінің қолынан бұйымдардың ғажап өнер туындысы болып шыққандығына қуандым. Әсіресе, мектеп залындағы Мұхтар Әуезовтің бюсті және сырттағы баудағы жаңадан бой көтерген ескерткіші әдемі. Мектепке керемет көрік беріп тұр. Оның сыртында осы мектеп қолөнершілерінің шеберханасынан шыққан бұйымдар «Мұғалімдер аллеясы», «мектептің этнографиялық мұражайына, «Құмыра» тарихи танымдық ескерткіштер кешеніне қойылды. Мен бұған дейін мұндай кешенді мәдени орталықты еш мектептен көрген емеспін. Мұның барлығы мектеп ұжымының ынтымақты тату-тәтті екендігін көрсетеді, – дейді ұлағатты ұстаз Фазыл ата Байметов.

Бір қызығы-оранғайлық шеберлер қандай құмыра жасаса да, оның сыртынан жыланның ізін немесе өзін салады екен. Мұның мәнісін жергілікті тарихшы, археолог, мектептің тарихи-этнографиялық мұражайының жетекшісі Ахметжан Ахметовтен сұрап білдік.

– Оранғай сөзі көне түрік тілінде ордалы жыландардың оралуы деген мағына береді екен. Бұл қасиетті жыландар алтын-күміс салынған құмыралардың маңына иесінен басқа жанды жолатпай, күндіз-түні түрлі пәле-жалалардан қорғайды.

Қазір шын мәнінде мұнда Күлтөбе, Мейрамтөбе, Қазтөбе, Төрткүлтөбе сынды бұрын отырықшы, диханшылық еткен халықтың шағын қорғанды мекендері бар. Осы жазда сол төбенің біріндегі құдықтан ордалы жыланның жыбырлап жатқанын көрдім. Мүмкін кезінде бір бай сонда алтын-күмісін құмыраға салып тықты ма екен деп ойлаймын. Бұл ордалы жыландардың оралуын, Түркістанның облыс орталығы ғана емес исі түркі халықтарының рухани ордасы болуына қатысты қазір ауылымызда қазақ-өзбек ұлтының ынтымағы жарасып, байлығының көбейе түсуімен байланыстырып отырмын. Мектеп оқушыларына, немерелеріме бала жастан «жылан көрсең тиіспе, басына ақ құйып шығарып сал, ол киелі жәндік» деп айтып отырамын. Сол төбелерден мектеп оқушыларының экспедициялық сапарларында жинастырған қыш құмыралар, шаруашылық құралдары, қару-жарақтардың сынықтарын тауып, осы мұражайды халыққа ұсынып отырмыз. Бұл да бір тарих,-дейді Ахметжан Ахметов.

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің ескерткішін жасау жөнінде осыдан бір жыл бұрын мектеп директоры Нұрлан Қадыров көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Ғұлам Сүлайманов, Салайдин Абдоллаев, Халмурад Бабажанов, Лазиз Атахановты жинап алып, өзара ақылдасады. «Мектептің 90 жылдығына дейін Мұхтар Әуезовтің ескерткішін жасап шығара аламыз ба?» деген сұрақты ортаға салады. Өздеріне нық сенімді шеберлер тобы құмбыл кірісіп, небәрі үш айда жазушыны тұғырға қондырады.

Мен Мұхтар Әуезов ескерткішінің ең әсемі Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы сазды-драма театр алдындағы қасқайып отырған, шашы бұйра-бұйра кескінін көз алдыма елестетінмін.

Ал, мына ескерткіште шашы жинақы, жазушы алысқа қарап, қатты ойға шомып отыр. Мұхтар Әуезов көзінің тірісінде Кеңес Одағының алысқа ұзамай, күйрейтіндігін жан-тәнімен сезінген. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің сырласы, ғұлама данышпан бабамыз «Тәуелсіздігіміздің арқасында 30 жылдағы жеткен жетістігімізді барлық саланы жайлаған сыбайлас жемқорлықтың жайлап бара жатқан жегі құртынан қалай құтыламыз?

Арыстандай ақырып, шындықты биліктің бетіне басар Алаштың арыстарынан қалайша бір түйір асыл тұқымы қалмады екен?! «Алаштың жүз қатыны ұл тапса да, бәрібір Иманжүсіп бола алмайды» деген қайғысы шынымен сұңғылалық, көріпкелдігі болды ма екен?! »,- деп қалың ойға шомып отырған секілді, қайран бабам.

– Мен бұл ескерткішті жасар алдында қатты ойландым. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ескерткіштерін жинап, салыстырып көрдім. Алматыдағы ескерткіш маған ұнамады. Себебі, бұл кісі өте сырбаз. Әрбір сөзін абайлап, ойын ширатып барып жеткізетін жазушы болған. Оның шашын бұйра-бұйра етіп жасау, енді ол кезде шығармашылық адамдардың шабытты сәтін көрсеткісі келген болуы керек. Мен олай жасамадым. Себебі, ақын-жазушылар елдің еркесі ғана емес, елдің айнасы. Жастар соларға қарап бой түзейді. Сондықтан, қолөнершілеріміз ескерткіш, бюст жасағанда барынша абай болуы керек. Ескерткіш сымбатты әрі көз тоймайтындай ғажайып, адамды ойға жетелейтін туынды болуы тиіс. Біздің қолөнершілер тобымыз осы деңгейден шыға алдық па, жоқ па, оның бағасын халық береді. Елдің барлығы ескерткіш маңында жапа-тармағай суретке түсуіне қарағанда, тұрғындарға ұнаған сияқты. Не де болса, тәуекел жасадық, – дейді қолөнершілер тобының жетекшісі Ғұлам Сүлайманов.

Менің білуімше, мектептің қолөнер пәні мұғалімдері мен жоғары сынып оқушыларының күшімен жасалған мұндай ескерткіш Қазақстанда жоқ.

Ескендір ЕРТАЙ,

«Түркістан»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы