«ТҮРКІСТАН-АРЕНАДА» ЕУРОПАНЫҢ ҮЗДІК КОМАНДАЛАРЫ БАҚ СЫНАЙДЫ

2  182 көрілім

Биыл футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында түркістандық «Томирис-Тұран» командасы жоғары нәтиже көрсетіп, күміс жүлдегер атанды. Биыл ғана құрылған бұрымды аяқдопшыларымыздың бір жыл ішіндегі жетістігі мақтауға тұрарлық іс.

Тарқатып айтсақ, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тікелей тапсырмасының аясында облыстық футбол федерациясының президенті Хаким Көшқалиевтің бастамасымен дене шынықтыру және спорт басқармасының «Тұран» спорт ойын түрлері клубы жанынан құрылған «Томирис-Тұран» командасы маусым бойы 20 ойын өткізіп, 42 ұпаймен турнир кестесінде екінші орынға қол жеткізді. Сөйтіп, додаға биыл ғана қосылғанына қарамастан, 2022 жылы футболдан әйелдер арасындағы УЕФА Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайтын болды. Осындай жоғары жетістікке жеткен «Томирис-Тұранның» бұл жетістігі қандай мақтауға болса да лайық. Алғашқы қадамында ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсеткен арулар ұжымының жұлдыздай жарқырар сәті әлі алда деп сенеміз.

Еуропа ұлттық қауымдастықтарының әйелдер футболы рейтингінде Қазақстан тоғызыншы орында тұр. Соның арқасында Еуропаның элиталық турнирінде еліміздің намысын екі команда қорғайды. Біріншісі, Қазақстан чемпионы – шымкенттік «БИІК-Шымкент» және чемпионаттың күміс жүлдегері – түркістандық «Томирис-Тұран». Естеріңізге сала кетейік, 2021/22 маусымынан бастап әйелдер арасындағы УЕФА Чемпиондар лигасы жаңа форматта өтеді. Командалар алғашқы турдан бастап Чемпиондар жолы мен Лига жолында бірнеше топқа бөлінеді. Екі жолдың да іріктеу кезеңі бірдей. Бірінші кезеңде командалар шағын турнирлер форматында жарысады, оның жеңімпаздары топтан шығады. Екінші айналымда командалар жұптасып, бір-бірімен өз алаңында және сыртта ойнайды. Қазақстандық екі команда да жарысқа алғашқы турдан бастап қатысады. Айта кетейік, ел біріншілігінде жоғары нәтижеге қол жеткізген команда ойыншыларының 70 пайызын жергілікті жастар құрайды. Ал, Қазақстан ұлттық құрама командасы сапында «Томирис-Тұранның» 11 аруы өнер көрсетеді.

Ендеше, келесі жылы түркістандық футболсүйер қауым Еуропаның үздік командаларының ойынын тамашалайтын күн алыс емес. Осы жолда «Томирис-Тұран» командасына сәттілік тілейміз!

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы