- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Театр – мәдениет ошағы, өнер ұйытқысы. Елдің мәдениетін театрына қарап тануға болады. Театр – көне заманнан бері келе жатқан өміршең өнер. Кез келген елдің, өңірдің өз театры, өз көрермені болады. Адам өзін-өзі сақтап қалуы үшін, рухани құндылықтарына кір жақпас үшін, үнемі театрдан сабақ алып отыруға тиісті. Ал Шәкен Айманов «Театр – адамдарды туыстыратын шығармашылық отбасы» – деп зор баға берген. Демек, рухани демалыс алатын орданың әртістері адамзат пен қоғам алдындағы атқарар идеологиялық мақсаты сөзбен айтып жеткізе алмайтындай дәрежеде. Ал, өлшеусіз еңбек етіп, ұлттық руханиятқа үлес қосып жүрген мәдениет саласының қызметкерлері тиісті құрметті ала алмаса не болмақ?
2004 жылы су жаңа үйге кірдік деп қуанған актерлар бүгінде үніміз әкімдікке жетпей жатыр деп қынжылады. Р.Сейітметовтың шәкірттері үшін арнайы тұрғызылған ғимарат бүгінде әбден тозығы жеткен. Ғимарат бой көтергелі 17 жыл өтсе де, бірде-бір жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Түркістан газбен 100 пайыз қамтылды десе де, ғимараттың ішіне газ кірмек түгілі құбыры да тартылмаған. Амалдың жоғынан әртістер жылыну үшін бүгінге дейін көмір жағып күнелтуде. Жыл сайын ескі ғимараттың жылу қазандығы жарылып, әуреге салатынын айтады.
«Түркістан толық газбен қамтылды деп жаһанға жар салды. Алайда біз қызығын көрмей отырмыз. Газ түгілі құбыры да тартылмаған. Қазір қаланың ортасында газ балондарды арқалап, қыста көмір жағып отырмыз», – дейді «актерлар үйі» атанып кеткен ғимараттың тұрғындары.
Бұл жерде 17 жылдан бері 20-ға жуық әртіс отбасымен тұрады. Ғимарат маңына балалар үшін арнайы ойын алаңшалары да қарастырылмаған. Баланың қауіпсіздігі үшін қатты алаңдап, тысқа да шығара алмайтын көрінеді. Десе де, тұрғын үйдің жай-күйін айтып, 17 жылдан бері әкім-қаралардың есігін тоздырған. Алайда, бірде-бір әкім мәселені көтеріп, қолдау көрсетпеген. Түркістанға еңбегі сіңген өнер адамдары жыл сайын талап-тілегіміз ескерусіз қалып жатыр деп ренжулі.
«Түркістанға келген барлық әкімге кіріп мәселені айттық. Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев талабымызды ескерген болып, шығарып салған. Бірақ содан кейін әлі әрекет жоқ», – дейді Майра Мақұлбекова.
17 жыл Түркістанның мәдениеті үшін аянбай тер төгіп, қызмет етіп келген өнер қайраткерлері абыройымызды осы ғимарат түсіріп тұр дейді. Себебі, алыс жақтан өнердегі әріптестері, беделді қонақтар келе қалса тұрғылықты жерлеріне таңырқай қарайды екен. Соңғы жылдары қонақ шақырып, күтуден де қалған. Оған себеп сұрықсыз кейіпке ұшыраған ғимарат. Тым құрығанда осы ғимаратты жекешелендіріп берсе, әрекетімізді жасар едік дейді. Аталмыш ғимарат қалалық әкімдіктің меншігіне тиесілі болғандықтан артық қимылдауға қорқып отыр. Актерларға тиесілі ғимарат қаладағы жолаушы қатынайтын теміржол вокзалының дәл маңында. Тұрғындар тіптен бұл ғимарат бұзылып кетпес пе деген күмәнін де айтып қалды. Егер күтімсіз қалған құтты нысан түрлі жағдаймен бұзылар болса, онда далада қалып қоймаймыз ба? деген уайымын да жасырмады.
«Егер үй жеке атымызда болса, ешкімге жалтақтамай, алақан жаймай, өз күнімізді өзіміз көрер едік. Біз осы үйде тұрғанымызға 17 жыл болды, заң жүзінде пәтерімізді жеке басымызға аударып алатын уақыт болды. Бізге жекеменшік иесін тану қаулысын шығарып берсе дейміз», – дейді актерлер.
Түркістан киелі мекен. Мәдениеті мен тарихы тереңде жатқан қасиетті орда. Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін иемденген Түркістанда бетке ұстар өнер адамдары ескерусіз қалса шаһар атағына үлкен сын болмақ. Ал, қала әкімдігі осы жылдың қараша айына дейін ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүретінін айтады. Түркістанға өлшеусіз еңбегі сіңген мәдениет саласы өкілдерінің талап-тілегі ескерусіз қалмайды деген үміттеміз.
Ғалия БИСЕЙІТ