- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Қазір жұмыс істеймін,кәсібімді дөңгелетем,
баспаналы болам деген адамға мүмкіндіктер жетерлік. Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жасалған. Солардың бірі – Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы.
Дәл осы бағдарлама барысын түркістандықтарға егжей-тегжейлі түсіндіріп беру үшін Павлодар облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінен бір топ маман келді. Мақсаты – Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының үшінші бағыты: халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша «Оңтүстіктен солтүстікке» бағдарламасын халыққа түсіндіру. Делегация мүшелері қатарында Павлрдар облысы, Тереңкөл ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры А.Мұқанов, ауылдық округінің әкімі Р.Есембаев және көші-қон бөлімі басшысы М.Есембаева бар.
Делегация мүшелері бағдарламаға қатысушыларға және оның отбасы мүшелеріне жеке-жеке бір реттік 204 мыңнан астам қаржы берілетінін айтты. Сондай-ақ, 12 ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге көмек беріледі екен.
Жиында Павлодар облысы, Тереңкөл ауданы, Октябрьское ауылы туралы анықтама берілді. Аталмыш ауыл Ертіс өзенінің бойында орналасқандықтан қоныстанушылар үшін жағалау аймағындағы жерлерді өсімдік шаруашылығын дамыту үшін мүмкіндік зор.
Ал, Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімі басшысы Меруерт Сейтбекқызы Оңтүстіктен Солтүстікке көшіп барған тұрғындар 5 жыл бойы облыстық әкімдіктің арнайы бақылауында болатынын, отбасы мүшелерінің кем дегенде біреуін тұрақты жұмыспен қамтуға көмектесетіндерін айтты.
«Жасыратыны жоқ, Оңтүстіктен көшіп барған халықтың ішінде өңірге сіңісе алмай, «туған жерімді сағындым» деп қайта кетіп қалатындары да жетерлік. Оңтүстіктен көшіп барғандар 5 жыл бойы біздің бақылауымызда болады. Мерзім аяқталғаннан кейін әрқайсымен жеке хабарласып, ары қарай қандай жоспары бар екенін сұраймыз. Қоныс аударғысы келетін барлық адамға жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесеміз», – дейді көші-қон бөлімі басшысы.
Павлодардан келген делегация мүшелеріне қала әкімінің кеңесшісі Аңсарбек Абдикулов сапардың қаншалықты маңызды екеніне тоқталып, алғысын білдірді.
Ғалия БИСЕЙІТ