Мемлекет мүддесі үшін қызмет сапасын арттыру мақсатымен «Nur Otan» партиясы мүшелерін ел алдында електен өткізіп, жауапты міндеттерді жүктеп отырғаны белгілі. Соның ішінде былтырғы жылы өткен праймериз мәжіліс және мәслихат депутаттарын таңдауда ұтымды жоба болды деуге негіз бар. Бұл ретте партия төрағасы, Елбасы Н.Назарбаев: «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы – біз қолға алған реформалардың заңды жалғасы. Жаңа бағдарлама – аса ауқымды, бірақ нақты жоспарланған, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген мақсаттар мен бағдарлар жиынтығы», – деген болатын.
Міне, осы мақсаттағы игілікті істердің қатарын арттыру үшін мәслихат депутаттары барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, тұрғындардың әлеуетін арттыруға күш салып келеді. Соның ішінде өңірлердегі кезек күттірмейтін мәселелердің сөзбұйдаға салынбай өз шешімін табуына атсалысып жатқан халық қалаулылары бар. Атап айтсақ, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ақиқат Махмұтұлы шаһардағы бір топ тұрғынның мәселесін өз есебінен шешіп берді.
Тарқатып айтсақ, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы мен мәслихат депутаты Ақиқат Махмұтұлы Тоқаш Бокин көшесіндегі көп қабатты үйлердің тұрғындарымен жүздесіп, №29 үйдің газ құбырларының сыртқы жүйесі жүргізілмей қалып кеткеніне көз жетізген. Тұрғындардың өтініші бойынша сарқынды су жұмыстары мен үйішілік газ құбырларын жүргізу мәселелері де айтылды. Нәтижесінде Ақиқат Махмұтұлы өз қаражатынан №29 үйге газ құбырларын жүргізіп беруді азаматтық міндеті деп санап, тұрғындарға уәде берді. Алдағы уақытта осы газ саласына қатысты мәселелер туындаған жағдайда мүмкіндігінше шешуге тырысатындығын да жеткізді.
Енді аталмыш аймақтағы үй тұрғындары өздерін мазалаған мәселемен бас қатырмайтын болады. Осындайда әлеуметтік қоры мол қалталы азаматтар қарапайым халықтың осындай мәселелерін шешуден жарысқа түссе, игілікті істің мол сауабына кенелер еді. Ендеше, жақсылық жасап жарысайық!
