БОЛАШАҚҚА ДЕГЕН СЕНІМ КҮШІ

618 көрілім

Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауын жатық, жасқа да, кәріге де ұғынықты тілмен баяндап берді. Жолдаудың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген тақырыбынан-ақ көп дүниені аңғаруға болады. Президенттің әрбір сөзінен болашаққа деген сенім күшін сезіне білдім. Жолдаудағы экономикалық, әлеуметтік және басқа да мәселелер орынды қозғалды. Айналып келгенде, мұның барлығы да ел бірлігін нығайта түсудің, мемлекет дамуын жүзеге асырудың белесі деп білемін.

Мем­лекетіміз осыған дейінгі жетістіктермен шектеліп қалмақ емес. Еліміз алдағы уақытта да даму­дың жаңа мүмкіндіктерін іздеуді тоқтатпайды. Әлемдік кеңістікте жалғыз өмір сүрмейміз, сондықтан дүниежүзінде қалыптасқан саясатпен санасу қажет. Президенттің Жолдауында елдің одан әрі дамуы үшін әбден ой талқысынан өтіп, уақыт тезімен түзелген нақты қадамдар ұсынылған. Әрбір Жолдау – Қазақстанды дамытуға арналған қадамның қорғаушы күші болып табылады.

Президент Жолдауда Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан қазір пандемияның зардабын тартып жатқанын, соған қарамастан бағдарымызды берік ұстанып, жоспарлы шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеуде 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдады. Ұлттық жобалар бекітілетін болды.

Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту болып табылады. Экономикамызға тікелей инвестиция тарту ісін жалғастырудың жаңа тәсілі ретінде Стратегиялық инвестициялық келісім ұғымын енгізді. Квазимемлекеттік секторды оңтайландыру үшін нақты шараларды қолға алды. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтері біріктірілді. Еншілес компаниялар екі есе азайып, олардың штат санын бір жарым есе қысқартылды. Жаңа, қуатты даму институты құрылды. Елімізде пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетіп келеді.

Мемлекет басшысы Жолдауда құқық қорғау жүйесіне де кеңінен тоқталып өтті. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі жұмысын бастады. Бұл институт мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастыратынын айтты.  Сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістері қысқартылмақ. Ішкі істер органдары да бірқатар функциядан арылды. Учаскелік инспекторлардың мәртебесі артуда. Олар құқық бұзушылықтардың алдын-алу саласында қосымша өкілеттікке ие болып отыр. Полицияның сервистік моделі пилоттық режімде бірнеше өңірде жұмысын бастады. Бұл жұмыстың табысты болуы көбіне жергілікті билік органдарының осы үдеріске қатысуына байланысты болатынын жеткізді. Олар жаңа өзгерістердің мән-маңызын түсініп, полицияға қолғабыс етулері керек екенін мәлім етті. Сонымен қатар, қылмыспен күресудің практикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмау керектігін баса айтты.

Жолдауда көтерілген мәселелер халыққа белгілі бір дәрежеде ой салды деп ойлаймын. Мәселен, Пре­зи­дент әлеуметтік салаға, қарапайым жұмысшыларды бағалауға қатысты мәселелерді айрықша атап өтті. Негізінде, Президентіміз өзінің осы Жолдауы арқылы алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді тағы бір айқындап берді. Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмалары ел бірлігін ту еткен мемлекетімізді жарқын болашаққа бастай беретініне сенімім мол.

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы