ТҰРМЫСЫ ТӨМЕН ОТБАСЫЛАР ГАЗСЫЗ ОТЫР

439 көрілім

Түркістандық тұрмысы төмен отбасылар иіссезгіш дабылқаққышты орнатпағандықтан көгілдір отынды пайдалана алмай отыр.

Естеріңізде болса, осыдан бірер ай бұрын құзырлы мекеме қалада екі аптаға газ болмайтындығын хабарлаған еді. Алайда, екі айға жуық уақыт өтсе де, көптеген тұрғын үйлерге әлі газ берілмеген. Бұған басты себеп- иіссезгіш дабылқаққыштың орнатылмауы. Сауран мөлтек ауданы 46-үй тұрғындардың айтуынша, қондырғыны орнатуға қалталары көтермейді. Тұрғындарға бірнеше компания өкілдері келіп, газды қосып беруге өз бағалары мен қызметтерін ұсынған. Газды қосудың орташа ақысы -6 мың теңге, иіссезгіш дабылқаққышты орнату құны -11 мың теңге тұрады.

Қоғам белсендісі, зейнеткер Қарлығаш Сейітжапбарованың айтуынша, №46 үйде тұратын адамдардың арасында тұрмысы төмен, жалғызілікті, әлеуметтік жағдайы осы газды қосып алуға да жетпей отырғандары бар.

Мәселен, №38 пәтер тұрғыны Нағима Бошанова «Орион» компаниясымен келісім шартқа отырып, газды қостырып алғандығын алайда, иіссезгіш дабылқаққышты он мың теңгеге қостырып алуға мүмкіндігі жоқтығын айтып отыр. №36 пәтер тұрғыны Айсұлу Сүлейменова өзі екінші топ мүгедегі болса, баласы Жалғас Нұрманұлы 1-топ мүгедегі. Азық-түлік те, киім-кешек те қымбаттаған мына кезеңде тапқаны қапқанына жетпей отырғандығын баяндап мұңаяды. №47 пәтер тұрғыны Зухра Каримова болса, үшінші топ мүгедегі ретінде 35 мың теңге жәрдемақы алады екен. Оны баласы екеуінің тамағы мен дәрі-дәрмегіне де жеткізе алмай отырған көрінеді.

Осы мәселе бойынша, Сауран мөлтек ауданының әкімі Өсербай Аппазовпен хабарласқанымызда, тұрғындардың газды қайта қосу үшін иіссезгіш дабылқаққыш қондырғысын орнату міндетті екендігін айтады. Себебі, ол пәтер иелерінің ғана емес, көршілерінің де қауіпсіздігі үшін қажет құрал болып табылады.

Өткен жыл соңында құзырлы органдар мен лауазымды басшылар қала түгелдей 100 пайыз көлемінде көгілдір отынға қосылды деп жар салды. Бірақ жер үйдегі қала тұрғындарының кейбірі құжаттарының түгел әрі заңды болмауына байланысты әлі күнге дейін емен есіктерді жағалаумен жүр. Енді бірқатары газ орнататын компаниялардың бағаларымен келісе алмай дағдарулы. Былтыр бір отбасы түгелдей қырылып қалған ең арзан Иран пешін алғысы келмей, қымбат жылу қазандығына қолы жетпей сансыраулы. Осыған байланысты қала тұрғындарына пәтерлерін, жер үйлерін газға қосу үшін қандай шаралар жасауы керек екендігін түсіндіріп беретін бір мекеме болмай отыр. Көптеген газ орнататын компаниялар Шымкенттен қатынайды. Бүкіл құжаттарды да тексеруден өткізетін шымкенттік компания. «Қазтрансгаз Аймақ» компаниясы бірқатар шаруашылық әрекеттерін жүргізуді бәсекелес ортаға шығарған. Ал, жекеменшік компаниялар «алғашқы қар түскенде, бүрсеңдеп, жүгіріп өздерің келесіңдер» деп қалаған бағасын қойып, жылы кеңседегі, жайлы креслода қайқайып отыр.

«Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» қазақ елінің намысты арда ұлдары, қолында билігі бар елге тұтқа ерлер, жаны жомарт жайсаң жандар, кең пейілді меценаттар көңілі жарым, кедейшіліктің қамытын кигендерге көптеп, көмектеп қол ұшын созар деген үміттеміз.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы