ДІНДЕ ВАКЦИНА САЛДЫРУҒА ҚАТЫСТЫ ЕШҚАНДАЙ ТЫЙЫМ ЖОҚ

475 көрілім

Вакцинациялау дінге қайшы дейтіндер бар. Алайда бірден кесіп айту қиын.

Екінші жыл қатарынан бүкіл әлем коронавирус пандемиясының салдарынан қатаң шектеулер режимінде өмір сүріп жатыр, одан Қазақстан да зардап шекті. Бүгінде бұрынғы өмірге тез оралуға көмектесетін жалғыз құрал – вакцинация. Кейінгі кездері бұл процедура дінге қайшы келеді деген көп қанқу сөздер пайда болды, бірақ олай емес. Қаламыздағы имамдар кезекпен вакцина салдырып жатыр. Бізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының екпе туралы пәтуасы бар. Онда екпенің бұлшық етке енетін дәрі және оның қажет екендігі туралы айтылады. Сондықтан екпе дінге қайшы келмейді. Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына аса мән беруі қажет. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп бұйырған. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты», – деген. Дана халқымыз: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», – деп шипа іздеуге үндеген. Сол үшін кез келген адам емделудің және аурудың алдын алу жолдарын қарастыруы тиіс.

Арнайы медицина мамандары қазіргі таңда әлемге қауіп төндірген коронавирус індетінің алдын алу үшін вакцинациялаудың адам денсаулығын сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдіс екенін айтуда. Ал шариғатта екпе салуға рұқсат етіледі. Өздеріңізге белгілі, әлемде және елімізде пандемиялық жағдай күн сайын күрделенуде. Жұқпалы дерттен бір отбасында бірнеше адам жан тапсыруда. Бұл жағдай екпе салдыруға қатысты оң шешім қабылдау қажеттігін көрсетіп отыр. Осы ретте халықты барынша сақтанып, денсаулығымыз бен өмірімізді сақтап қалу үшін екпе салдыруға үндейміз. Вакциналау арқылы көптеген сырқаттардан сақтануға болады. Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты.

Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік», – деді (Ахмад ибн Ханбал). Бұл хадис әрбір дерттің емі бар екенін білдіреді. Вакциналауға қатысты мынадай шарттарға мән беру қажет: Вакциналау заңды түрде әрі кәсіби мамандардың нұсқауымен жүзеге асу керек. Бұл мәселе медицинаға қатысты болғандықтан, сол саланың мамандары оны жан-жақты зерттеп, адамның денсаулығына пайдалы немесе зиянды тұстарын анықтап, оны қолдану туралы нақты шешім қабылдауы тиіс. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Нахыл» сүресі, 43-аят), – деген. Вакцина құрамында шариғатта тыйым салынған заттардың болмауы тиіс. Себебі шариғатта кез келген харам және нәжіс затпен емделуге рұқсат жоқ.

Бірақ зәрулік жағдайларда, яғни екпе қолданбаған жағдайда өміріне қауіп төнетін болса және одан басқа халал түрі табылмаса, бар екпені қолдануға рұқсат етіледі. Өйткені Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» («Бақара» сүресі, 195-аят) – деп бұйырған.

Аурудың алдын алу мақсатында вакциналау ­– мүбах (рұқсат). Мұндай вакциналау әрбір азаматтың келісімі бойынша орындалуы тиіс. Қоғамда жұқпалы аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зияны тию ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алу қажет болады.

Қолданатын вакцинаның құрамы харам заттардан және нәжіс атаулыдан таза болуы тиіс. Бірақ халал вакцина табылмаса және вакциналауға зәрулік туындаса, кәсіби мамандардың нұсқауымен қолда бар екпені қабылдауға рұқсат етіледі.

Еркебұлан ҚАРАҚҰЛОВ,

Түркістан облысының бас имамы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы