Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің өкімімен Түркістан қаласы аумағындағы коммуналдық меншіктегі көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерлеріндегі азаматтардың заңсыз орналасуын, құйылмалы газ құтысын пайдалануды, ішкі жылу жүйелеріне өзгерістер енгізілуді және коммуналдық пәтерлердің жалдау ақыларын мерзімінде төлеуін зерделеу мақсатында жұмысшы топ құрамына өзгерістер енгізілді.
Өкімнің орындалуы Түркістан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жүктелді. Өкімнің орындалуын қадағалау қала әкімінің орынбасары Жандос Тасовқа жүктелді.
Осыған орай, жаңадан құрылған жұмысшы топ өкілдері бірінші мөлтек ауданы 10В үйіне арнайы рейд жасады. Рейд құрамына салық, полиция, төтенше жағдайлар және Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары кірді. Осы жұмысшы топтың мүшелері аталмыш үйдің пәтерлерін аралау барысында бірқатар кемшіліктердің барын анықтады. Бірнеше пәтер иелерінің коммуналдық меншіктегі үйді екінші адамдарға жалға беру фактілері орын алғандығы байқалды. Осыған байланысты қорытынды шығарылып, заң аясында шара қолданылатын болады. Рейд барысында төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері тұрғындарға құйылмалы газ құтысын пайдаланудың заңсыздығын түсіндірді. Рейд жұмыстары жалғасын табады.
Ескендір ЕРТАЙ