- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түп – тамыры сонау ғасырлар қойнауында жатқан Есімханның ескі жолы, Қасымханның қасқа жолы, Әз-Тәукенің Жеті жарғысынан тарқатылатын елдіктің дәстүрлі құқық бастауларының елдігіміздің тарихындағы алатын орны ерекше. Өткен мыңжылдықтың алғашқы ширегінде Алаш өкіметінің конституциялық дербес мемлекет құруға бағытталған жобалары да маңызын жоғалтқан жоқ. Кезінде кеңес өкіметінің құрамында әкімшілік-әміршілдік жүйенің шылауында болғанымен, Қазақстан басқа да одақтас мемлекеттермен бірге ұлттық республика мүддесін көздеген Ата Заңын тұжырымдады. Сөйтіп, 1927, 1937, 1978 жылдары Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстанның Конституциялары қабылданды.
Өзінің жеке аумағы мен шекарасы бар еліміз ата-бабаларымыз армандаған ұлы мақсатқа ғасырлар тоғысындағы саяси өзгерістер кезінде бекем қол жеткізді. 1995 жылғы 30 тамызда бүкіл халықтық референдуммен қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз мемлекетіміздің халықаралық қауымдастыққа батыл енуіне лайықты құқықтық негіз жасады. Қазақстан Конституциясы – тек құқықтық қана емес, белгілі бір дәрежеде мемлекеттің идеологиялық негізі. Елбасы Н.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей, онда Қазақстанның ұлттық идеясы айқын көрініс тапқан. Қолданыстағы Конституция мемлекет пен қоғамда демократиялық қайта өзгерістердің кең қанат жаюына мүмкіндік беріп, жеке тұлғаның әлеуетін еркін пайдалануына, елде дамыған нарықтың берік орнығуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Өз қызметін тікелей Конституция мен заңдарға ғана сүйене отырып жүзеге асыратын еліміздің сот жүйесі қоғаммен бірге өркендеп, даму үстінде.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына орай, бүгінде сот жүйесіне айрықша сенім артылып, зор мүмкіндіктер жасалуда. Бұл өмір заңымен дәлелденген. Республика Конституциясы атқарушы органдардың қызметі мен ұйымдастыру жүйесін реттеуде де ілгері қадамдар жасады. Конституцияның негізінде ел Үкіметі, Елбасы мен Парламенттің Ата Заңда бекітілген өкілеттіктері шеңберіндегі өзара қатынастары нәтижесінде құрылады. Нақтылап айтсақ, Президент, Үкімет басшысы – Премьер-министрді тағайындау үшін ең алдымен Парламент депутаттарының келісімін алуы тиіс. Ата Заңымыз Қазақстан Үкіметінің мәртебесі мен өкілеттіктерін жаңаша айқындау жолында Үкіметті атқару органдарының жүйесін басқаратын, олардың қызметіне жетекшілік жасап, басқарушылық шешімдерді дербес қабылдай отырып, экономика мен әлеуметтік саладағы іс жағдайына толық жауапкершілікті мойнына алатын жағдайға жеткізді.
Қазіргі уақытта біртұтас соттар жүйесіне кіретін мамандандырылған ауданаралық экономикалық, қылмыстық, жасөспірімдер ісі және әкімшілік соттар өз қызметтерін атқаруда. Болашақта мамандандырылған соттардың басқа да нысандарын құру жоспарлануда. Ерекше айта кетерлік жайт,
Конституцияда алқабилер соты институтының бекітілуі. Бұл институттың маңызы тек қана сот жүйесін жетілдіру үшін емес, сонымен қатар, қоғамдық тәрбие мен құқықтық сана-сезімді нығайту, азаматтық қоғам құру үшін де зор. Заң нормасы – қағазға түсірілген жүріс-тұрыс ережесі, ал оны қолданушы кәсіби маман – судья әрқашанда онда бекітілген шарттардан асып кетпеуі тиіс.
Яғни: «Заң – мылқау судья да, судья – сөйлейтін заң», ал, адамдық фактор әрқашанда ортасында. Конституцияның 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқын көрсетілуі осының нақты дәлелі болмақ. Ел Конституциясының демократиялық қоғамның негізгі міндеттеріне сәйкес келетіндігінің әлемде танылу себебі деп Ата Заңымыздың бүгінгі заманның барлық көкейкесті мәселелерін толық қамтығанын және құқықтарымызға, мемлекет құрылысына толық түсінік бере алатынын айта аламыз.
А.ИРЖАНОВ,
Түркістан қалалық сотының судьясы