ТҮРКИЯ САПАРЫ: ЖАҢА ЖОБАЛАРҒА ЖОЛ АШЫЛМАҚ

1  041 көрілім

Түркістан деген бір сөздің бойында мыңдаған жыл мен миллиондаған халықтың тарихы тұр. Ол − бір кезде тұтас Еуразия құрлығына әмірін жүргізген империялар мен бүгінгі отыздан аса ұлттың түп негізін еске салатын ұғым.

Көк түріктер тайпалық одағын құрып, 552-603 жылдарда Азиядағы ең ірі мемлекет болған − Түрік қағанаты мен бүгінгі түркі халықтарының, сондай-ақ, Түркістан атауының арасындағы мағыналық байланыста бірнеше ғасырлық уақыттың табы бар. Барлық салада көптеген жетістіктерге жетіп, заманға сай дамып жатқан Түркия Республикасында түгел түркіні топтастыратын үлкен идеялар да, атқарылған істер де жетерлік. Сондықтан түркі жұрты өзара тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты нығайту – ең үлкен бастамалардың бірі болмақ.

Осы ойды жүзеге асыру мақсатын қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлының ұйымдастыруымен «Түркістан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы» бағыттарының негізінде тарихи шаһардан Түркия Республикасына 24-28 тамыз аралығында делегация барып келді. Бауырлас елдегі сапардың барысымен бөліскен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Жандос Тасов, басқару жүйесінде тәжірибе алмасқанын айтады.

– Түркияның Стамбул қаласы 39 ауданға бөлінеді екен. Біз соның төртеуінде болдық. Табан тіреген төрт аймақта тарихи нысандар көп шоғырланған. Сондай-ақ әкімшілік қалай құрылған, басқару жүйесіндегі өзгешеліктер, туризм саласы бойынша қалай жұмыс істеп жатқандығы жайлы біршама мағлұмат алып, көзімізбен көріп қайттық. Түркиядан бізге ұнағаны, әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары. Оларда да АӘК секілді бағдарлама бар екен. Алайда, алынған ақшаны тек әкімшілікке бекітілген әлеуметтік дүкендерде жаратуға, сонымен қатар, қаржы азық-түлікке бөлінсе соны алуға ғана қолдана алады екен. Бұл мемлекет тарапынан ұсынылған қаржының мақсатты түрде жұмсалуына көп ықпал ететінін түсіндік – дейді, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары.

Түркістандық делегация өкілдері сапардың алғашқы күнін Үскүдір қаласынан бастаған. Нәтижесінде дамыған ел қатарына жататын мемлекеттің атқарылып жатқан жұмыстарына қанық болып, тәжірибе алмасуға мол мүмкіндіктер қарастырылды. Атап айтқанда, ең бірінші күні Ушкудар әкімшілігінің әлеуметтік жобаларымен таныстыру жұмыстары ұйымдастырылып, ондағы үйде отырған әйелдердің қолөнер бұйымдарының өндірісі және әкімшілік жанынан дүкен ұйымдастырылып, сатылымы арқылы напақа табу жолдары көрсетілген. Даун синдромына шалдыққан мүгедек азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында әлеуметтік кафе ұйымдастырылуы туралы сөз қозғалған.

Одан кейін, Бейкөз, Эюпсултан, Зейтунбурни сынды аудан әкімдерімен кездесіп, екі жақ бір-бірімен тәжірибе алмасқан. Мысалы Бейкөз қалашығында 109 байланыс орталығы секілді тұрғындармен тікелей жұмыс жасайтын кішігірім мекеме жұмыс жасайды екен. Бірақ олардың ауқымы көп бағытта қамты-майтын болып тұр. Осы сала бойынша Түркістан біздің топ мүшелері оларға біраз ұсыныстарын айтып, қалада жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша тәжірибе жүр-гізуді ұсынған екен. Қарсы тарап та атал-ған ұсынысты пайдалы санап, қолданысқа енгізуге асыққан. Ал Түркістан қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы Түркиядағы сапар екі елге де пайдалы тәжірибе алмасу және жаңадан түрленген Түркістанды таныстыруға зор мүмкіндік болғанын айтады.

– Түркиядағы сапар барысында мені таңғалдырғаны – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғаммен байланыстыру идеологиясы болды. Әлеуметтік сала бойынша да көптеген мықты жобалар қарастырылған екен. Мысалы мүмкіндігі шектеулі азаматтар әкімдіктің жанынан ашылған түрлі кәсіптік орталықтарда жұмысқа тартылған. Тағы бір қызығы, ол жақта қайрымдылық акциялары ақша таратпайтындығы. Оның орнына азық-түлік, керекті бұйымдар немесе тұрмысқа қажетті заттар берілетін болып тұр. Одан бөлек, ТDBB ұйымының яғни, Түркиядағы түркі тілдес ұлттардан құрылған ортаның жұмыстарымен толық таныстық – дейді, Мақсат Асылбекұлы.

Ал Түркістан қаласының мәслихат депутаты Нұрсұлтан Жүсіпбаев Түркиядағы сапар өзіне жақсы әсер қалдырғанын, әкімшілік басқару жүйесінде түртіп аларлық дүниенің көптігін айтты.

– Бізге таңсық дүние болғанымен, Түркиядағы әр әкімдіктің жеке балансына тиесілі кәсіп жүргізу тәсілі маған қатты ұнады. Мәселен Үскүдір әкімдігі көпбалалы аналарға арнайы дүкен ашып қойған. Оның ішінде аналардың өз қолдарымен тоқыған бұйымдары мен жасаған заттары сатылымда тұр. Бұл үрдіс «балық берме, қармақ бер» деген аталы сөзге негізделіп тұрғандай. Біз болған төрт аудан әкімдігінің ғимараты жанынан түрлі әлеуметтік нысандар ашылған. Сол нысандарда жұмыс жасайтын қызметкерлердің барлығы мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Осы кәсіптен келетін ақша қызметкерлерге жалақы есебінде берілсе, қалған бөлігі мемлекет қоржынына түседі екен. Бұл меніңше, халықты жаппай еңбекке баулудың ең тиімді тәсілі – дейді, депутат Нұрсұлтан Жүсіпбаев.

Тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік берген сапарда 4 аудан басшыларына Түркістан қаласы әкімі Нұрбол Тұрашбековтің атынан жазылған арнайы құттықтау хаты мен ынтымақтастық меморандум құру мақсатында қалаға арнайы шақырту табысталған. Сондай-ақ ағымдағы жыл «Яссауи фестивалі» жобасында Түркістан төрінде қайта жолығуға уағдаласқан. Делегация мүшелері қарыштап дамып келе жатқан Түркістанның одан әрі өркендеуіне түрік жұртының ықыласы оң екендігін айтады. Туризм саласы бойынша Түркиялық әріптестердің тәжірибесін негізге ала отырып, әрдайым жұмыстарды бірлесе атқаруға келісім жасалған.

Демек алдағы уақытта Ұлы дала елінің бүгінгі келбетінен тұтас Түркістан әлемін көретіндей өзгерістер, мол тәжірибе мен қозғалыстар болады деген үміттеміз.

Ғалия БИСЕЙІТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы