ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚ АРДАГЕРЛЕРІНІҢ АЙТАРЫ БАР

775 көрілім

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Семей сынақ алаңының жабылуының 30 жылдығына орай ядролық сынақ алаңы маңында әскери қызметін атқарған түркістандықтарды марапаттады.

Осыдан отыз жыл бұрын Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен 1949 жылдан бері қазақ топырағында 450-ден астам жер үсті жер асты ядролық сынақ өткізілген полигон өз жұмысын тоқтатты.

Түркістан облысы ядролық сынақ полигоны ардагерлері мен мүгедектері ҚБ төрағасы Құралтай Салықбаевтың айтуынша, сол жылдары Семей өңірінде әскери қызмет атқарған түркістандықтардың саны 579 болса, олардың 300-ден астамы қоғамдық бірлестік мүшелері. Олардың дәрежесі ҰОС ардагерлерімен теңестірілген соң, барлық жеңілдіктер қарастырылуда.

Қала әкімі Түркістан қаласының дамуына сүбелі үлес қосқан Семей полигоны ардагерлері Асан Жайынбаевқа «Семей полигонының жабылғанына 30-жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгісін Бекмұрза Ордабаевқа табыс етті. «Ядролық сынақ полигоны» ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің мүшелері Яша Сапаров, Мейірхан Мархашев, Дәуренбек Есімов, Зойрхан Дадажанов қала әкімінің «Алғыс хатымен марапатталды. Түркістан облысы ядролық сынақ полигоны ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің басқа да ондаған белсенділері қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Негізінде, мұндай кездесулер соңынан қала әкімі өте асығыс болмаса, бас қосуға қатысушылардың пікірін, өзекті жайларын, тұрмыстық сұраныстарын сұрап-біліп, бірге шешім қабылдауға тырысатын.

Бұл жолғы кездесуге Семей сынақ полигонының ардагерлері көптен бергі орындалмай келе жатқан мәселені шығарғысы келген болатын. Арада төрт әкім ауысқанымен әлі күнге дейін Семей полигоны ардагерлеріне Жеңіс саябағы аумағынан бір бұрыш та берілмей келеді. Жалпы саны алты жүзге жақындаған ардагерлер Ауған соғысында қаза болған боздақтарға арналған ескерткіш қасынан орын алып, оған стелла, ескерткіш орнатудың бірнеше жобасы, нобайын жасап, қала әкімінің орынбасары Жандос Тасовқа ұсынған болатын.

Алайда, арада бес жыл өтсе де, осы күнге дейін билік өкілдері: «бұған бөлінген қаржы жоқ, өздеріңіз инвестор іздеп табыңыздар» дегеннен жаңылмай келеді. Басқа да қордаланған жайларды ортаға салып шешетін уақыт жетті. Себебі, ҰОС ардагерлерінің дені өмірден өтті. Ендігі жас ұрпаққа әскери патриоттық бағыттағы ақыл- кеңестерін беретін Ауған соғысының ардагерлері, түрлі локальді соғыс ошағындағы қантөгіске қатысқандар арамызда бар.

Ендеше, еліміздің Тәуелсіздігі арқылы жабылған адамзатқа қауіп төндірген аждаһаның аузында әскери қызмет еткендердің ерлік істері неліктен ескерусіз қалуға тиіс?

Оның сыртында Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл өткенімен, оның зардабы жүздеген жылдарға кетеді. Әлі алда осы полигонның қазақ жеріне, еліне әкелген зардабы мен радиоактивті заттардың залалын таразылап, келмеске кеткен Кеңес Одағының мирасқоры Ресейден өтемақы талап етудің, немесе бірлескен түрде зерттеп, зерделеп жерді халық шаруашылығына пайдаланудың мүмкіндіктерін қарастыратын да кез болар.

Қалай болғанда да, қазақ халқына ауыр қасірет әкелген сынақ полигонындағы жарылыстарды көзімен көрген ардагерлермен жалпыхалықтық кездесулерді ұйымдастыру міндетіміз. Оны Конституция күні, алғашқы қоңырау алдындағы мәдени іс-шаралармен көмкеріп, жылы жауып қоюға әсте болмайды.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы