ӨЛШЕУСІЗ ЕҢБЕК ЕТКЕН ӨЗАҒА

1  312 көрілім

Түркістан облысында дүниеге келген, мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтың биыл 90 жылдығы. Санаулы ғұмырында сарқылмас із қалдырып үлгерген ұлт жанашырына киелі Түркістан төрінде «Ұлт рухын ұлықтаған Өзбекәлі Жәнібеков» атты үлкен көлемде іс-шара ұйымдастырылды. Аталмыш жиынға, Елорда төрінен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы келіп, қатысты.

Түркістандағы Халықаралық меймандостық университетінде материалдық және рухани жетістіктерін көпшілікке көрсету үшін көрме қойылды. Өзбекәлі Жәнібеков қолданған бұйымдары, кітаптары мен қолжазбалары, киген киімдері, фотомұрағаттары көпшілікке таныстырылды. Өзбекәлі Жәнібеков мәдениет саласына жауапты болып жүрген уақытта бірнеше өнердің қайта жандануына үлкен септігін тигізді. Тіпті бишілердің қазақы нақыштағы көйлектерін, камзолдарын арнайы ақша бөліп, тіктірткен. Бір қызығы, немере қызына арнап сәукеле, қазақша көйлек сынды сәнді киімдерді өз қолымен тігіп беріп отырған. Жоғарыда аталған қайраткердің көрмесіне қолынан шыққан бүкіл туындысы қойылды. Әсіресе қызына арнайы тіккен қазақша көйлегі мінсіздігімен көпшілікті таңғалдырды. Одан әрі шара барысы, «Өзбекәлі Жәнібеков мемлекет және қоғам қайраткері» атты тақырыптағы дөңгелек үстелімен ұласты. Жиында Ақтоты Райымқұлова Түркістандағы бұл сапардың қаншалықты маңыздылығын айтып, жылы лебізін білдірді. Еліміз үшін аянбай тер төгіп еңбек еткен ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына орай «Өзбекәлі Жәнібеков» қорының президенті әрі өз немересі Әзел Бауыржанқызы сөз сөйлеп, қонақтар жағы қайраткердің мәрттігі, ұлтқа деген сүйіспеншілігі жайлы естеліктерімен бөлісті. Тау тұлғалы азаматтың ескірмейтін естелігі мен ұлылығын айқындайтын біраз естеліктер дөңгелек үстел барысында ақтарылды. Мұндай талғамды істер мен ұлағатты қозғалыстар болашақ ұрпаққа мәңгі мұра болып қалуға тиіс деген ниетпен, Өзбекәлі Жәнібеков туралы айтылған біршама ойды келтіріп отырмыз.

Сейдулла САДЫҚОВ, Түркі әлемінің үздік педагогы, Қазақстанның Құрметті азаматы:

«Өзбекәлі Жәнібековтің ізгілігін сезінген жан ретінде менің өзімді бақытты санайтыным да рас»

«Университетте жігіттерді қосымша алты айлық комбайнерлер дайындайтын арнайы курста оқытып, стипендия төлеген. Бәріміздің де «комбайнер» деген куәлігіміз бар. Қайбір жарытып оқыды дейсіз. Астық комбайнын көрмей-ақ құжат алдық. Сонымен, не керек, Жаңадала ауданының Нахимов атындағы кеңшарына қоныс тептік. Үш мезгіл тамақ береді. Екі студентке тозығы жеткен бір комбайн бөлінген. Астық орағы басталғанша жөндеп бітіріп, науқанға қатысуымыз керек. Гаражға улап-шулап барып қайтамыз. Дәл былтырғыдай тіршілік басталды. Екі студентке бір комбайн. Жөндеу. Егін орағына әзірлік. Командир мен комиссар бір бөлмедеміз. Күнде ерте тұрып, іргеміздегі Есіл өзеніне жүгіріп барып қайтамыз. Арадан оншақты күн өткенде мазасыздана бастадым. Бұл қалпымызбен былтырғыдай қарыз болып қайтатын түріміз бар. Жергілікті басшылардың бізге жандары ашып, қамқорлық жасайтын түрлері көрінбейді. Бұған көзім әбден жеткен болатын. «Жүнісбек, – дедім түнгі ұйқының алдында, – мен ертең шаруамен Арқалыққа кетемін. Екі күн болмаспын…». Ол кезде обкомның идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков екен. Алдына бардым да, келген жөнімді айттым.

– Айтыңызшы, Өзаға, біздер, Журналистика факультетінің бірінші курс студенттері, тоғыз ай бойы айына 25 сом қосымша стипендия алып, комбайншы мамандығын игердік, бұл жерге, ең болмаса, комбайншыға көмекшілікке жарамасақ несіне келдік… Бізге беретіндері тозығы жеткен ескі комбайн, «өздерің жөндеп алыңдар» дейді. Қамқорлық жасап жатқан ешкімді көрмедік. Жылда ішіп-жеген тамағымызға қарыз болып қайтамыз. Мұндай студенттердің механикаландырылған отрядтарының қажеті бар ма?…

Сөз төркіні осы болды. Өзағаң телефон құлағына қол салып, Жаңадала аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымен қатқылдау сөйлесіп, студенттерге жағдай жасауға пәрмен берді. – Өзің естідің ғой, – деді Өзағаң қабақ қыртысы жазылмаған күйі. – Жағдайларыңды жасауға уәде берді. Отрядыңа аман-сау жеткейсің, айналайын. Бұл –ұлтының «Өзағасы» атанған, қазақ мәдениетінің дамуы жолында қажымай-талмай қызмет еткен, артына өшпестей мұра қалдырған ұлы тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің студент-жастарға деген шапағатының бір сәттік қана көрінісі болатын. Жетпісінші жылдардың студенттері, біздер, болашақ журналистер асыл ағаны көзімізбен көріп, мейіріміне бөлендік. Мұндай жүздесуді ұмыту мүмкін емес. Кеңестік кезеңде ұзақ жылдар бойы Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі, ұлт мәдениетінің ұйымдастырушысы, көрнекті қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің қанаттастарыма ортақ шарапатын көріп, ізгілігін сезінген жан ретінде менің өзімді бақытты санайтыным да рас».

Көпен ӘМIРБЕК, журналист, сықақшы:

«Үш бөлмелi үйге қызықпай, «итаяққа» көзi түскен көкемiз»

«Есiме Арқалықтан шыққан арқалы ақын Серiк Тұрғынбековтiң әңгiмесi түстi. Сонау жетпiсiншi жылдардың басында Торғай облысы ашылғасын, Өзекең сол өлкенiң идеология жөнiндегi хатшысы боп барады. Iстеген iсi, атқарған шаруасы қыруар. Малшы ауылды аралап жүрiп, бiр шопанның киiз үйiне кiредi де, кетер кезiнде:

– Анау есiк алдында жатқан ағаш ыдыс не ыдыс? – деп сұрайды.

– Итаяқ! – дейдi шопанның әйелi.

– Итаяқ болса… Сол итаяқты маған берiңiзшi! – деп сұрайды.

Айналасындағылар «Обкомның хатшысы итаяқ сұрағаны несi?» – деп аң-таң болады. Сол «итаяқ» Өзағаңның өзi ұйымдастырған Арқалықтағы мұражайдың төрiнде тұр. Сөйтсе сол «итаяқ» ХVIII ғасырда ағаштан ойып жасалған аса құнды астау екен. Бабалардың көзiн көрген жәдiгердi қалай таныған! Үш бөлмелi үйге қызықпай, «итаяққа» көзi түскен көкемiздiң елге атқарған еңбегi, әсiресе ұлттық дәстүрiмiздi ұлықтау жөнiндегi атқарған iсi ұшан-теңiз.

Кейiнiрек Өзағаң Мәскеуге барып, Нұртас Оңдасыновқа сәлем берiп қайтты. Сырласты. Мұңдасты. Сұхбаттасты. Не деп? Белгiсiз. Бiзге белгiлiсi Өзағаңның өз аузынан естiген әңгiмесi. Нұртас ата:

– Мен үш нәрсемен мақтанам! – дептi. Ешқашан да ешкiмнiң қолынан ақша, пара алған емеспiн. Қолым таза. Бiреуге жала жауып, нақақтан күйдiрiп, әсiресе 1937–38 жылдары бiр құжатқа қол қойған емеспiн. Арым таза. Руға, жүзге бөлiнген емеспiн. Жүзiм таза.… Па, шiркiн! Мiне, тұлғаның таза бейнесi! Нұртас ата өзiн емес, Өзбекәлi Жәнiбековтi айтып тұрғандай».

 Сондай-ақ жиынға онлайн түрде қатысып, қоғам қайраткері жайлы өз ойларын білдірген жандар да болды. Аталмыш іс-шараның себепкері Құлбек Сарсенұлы арнайы баяндама оқып, қайраткердің 90 жылдығына арналған шараны ескерусіз қалдырмай келіп отырған ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға алғысын білдірді.

«Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Біз осындай қоғам қайраткерлерін ұлықтап, өскелең ұрпаққа баяндап отыруға міндеттіміз. Баршаларыңызды осындай айтулы күнде көріп отырғаныма шын жүректен қуаныштымын» – деді Ақтоты Райымқұлова.

Қазақ қайраткерінің ең үлкен жетістіктерінің бірі – қасиетті Тайқазанның Эрмитаждан Ахмет Ясауи кесенесіне оралуы. Дәл Ө.Жәнібековтің тұсында қазақстандық көне жәдігерлерді түгендеу ісі өрге жүріп, мемлекеттік деңгейдегі музейлер арасында ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Елге сіңірген еңбегі үшін реформатор ғалым Еңбек Қызыл Ту ордені мен медальдармен марапатталған. Түркістанда өткен тағлымы мол іс-шара, Құлбек Сарсенұлының «Ұлттың ұйытқысы» атты Өзбекәлі Жәнібеков туралы ескелік кітабының тұсауын кесумен аяқталды. Жиын соңы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне экскурсия, «Тұран» этнографиялық тобының концертімен жалғасын тапты.

Ұлтымыздың өткені мен бүгінін өзектестіре қарайтын болсақ, Кеңестер Одағының қылышынан қан тамып тұрған қытымыр кезеңінде ұлт руханияты үшін қыруар іс атқарған дара тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі бүгінгі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Аталған біртуар тұлғалар қазақ халқының дүние дидарында сақталып қалуы жолында қалтқысыз қызмет етті. Қолдарынан келген бар қажыр-қайратын аяған жоқ. Айта берсе, Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Сырт жұрт қандай елді де мәдениетіне қарап таниды, мәдениет қайраткеріне қарап бағалайды. Өзбекәлі Жәнібеков еліміздің ішінде де, сыртында да мейлінше танымал тұлға, қайталанбас мәдениет қайраткері болып өткені баршаға аян.

Ғалия БИСЕЙІТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы