ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 3000-НАН АСА ТҰРҒЫН ПӘТЕРЛІ БОЛМАҚ

508 көрілім

Экономиканың ең негізгі көрсеткіші – адам. Сондықтан әр тәуелсіз мемлекеттің ең бірінші байлығы тұрғындары екені даусыз. Оның тұрмыстық жағдайы, ойы, сөзі, еркіндігі мен қауіпсіздігі қарқынды дамыған экономиканың айғағы болмақ. Күні кеше Қазақстан халқының саны 19 миллион болғаны туралы көңіл қуантатын жаңалық естідік. Демографияның өсімі – кез келген дербес ел үшін ең басты талаптың бірі.

Әрине, осындай демографиясы қарқынды өсіп келе жатқан мемлекетте әрбір адам үшін баспаналы болудың орны бөлек. Қазіргі кезде қарапайым халық үшін баспана алудың мемлекет тарапынан түрлі жолдары қарастырылған. Тұрғын үй мәселесі қазіргі уақытта ең өткір мәселелердің бірі болып отыр. Оны шешудің сатып алу, банктердің ипотека бағдарламалары, қызметтік тұрғын үй алу, жалға алынған пәтерді белгілі бір мерзімде сатып алу, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу немесе әкімдіктен азаматтардың жекелеген топтары үшін баспана алу сияқты жолдары бар. Ал тұрғын үй алуға кезекке тұру үшін тиісті елді мекенде тұрақты тұру қажет.

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетiм балаларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға жататын Қазақстан Республикасы азаматтарына мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға мүмкіндігі бар.

Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы көптеген тұрғын үйлер бой көтеріп, бүгінде 17 тұрғын үйдің кілті тұрғындарға табысталып үлгерді. 2019 жылы әкімшілік-іскерлік орталықтан құрылысы басталған 7 қабатты 24 тұрғын үйдің 7 үйі (336 пәтер) 2020 жылдың қараша айында, 2021 жылдың қаңтар айында 7 қабатты 4 тұрғын үй қабылдаудан өтті (300 пәтер). Ал 2021 жылдың басынан бері 7 қабатты 10 тұрғын үй қолданысқа беріліп, 780 отбасы пәтермен қамтылды.

Жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеруде. Қазіргі таңда 82 тұрғын үй (5 353 пәтер), соның ішінде 12 қабатты 45 үй (3277 пәтер), 9 қабатты 5 үй (225 пәтер), 7 қабатты 15 үй (735 пәтер), 7 қабатты 17 үй (1116 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, пәтерге мұқтаж азаматтарға және кезектегі азаматтарға пәтерлерді үйлестіру мақсатында жыл соңына дейін 3000-нан астам пәтерді пайдалануға бермек. Тұрғын үйлердің құрылысы ағымдағы жылдың қазан айында қабылдаудан өтіп, халыққа беріледі деп жоспарлануда. Пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға беріледі және банк арқылы сатылымға шығады. Әзірге нақты қаншасы сатылып, қаншасы кезектегі азаматтарға берілетіні белгісіз. Бүгінде тұрғын үйлердің құрылысын «ARIYA kz» ЖШС, «Генеральный план KZ» ЖШС, «JER Group» ЖШС, «ТурПроектСервис» ЖШС, «Инженерные Системы-А» ЖШС мекемелері өз жауапкершілігіне алған.

Тұрғын үй бойынша мәселелер де жоқ емес. Бұған дейін де болған дау қазір жоқ деп айтуға келмейді. Халық игілігіне берілген тұрғын үйлердің қабырғалары жарылғанын былай қойғанда, көршінің әңгімесін өз үйіңде бірге отырып тыңдағандай боласың дейді тұрғындар. Жауапты орындардың басшыларына бұл мәселе бойынша сауал тастағанымызбен мардымды жауап ала алмадық. Тек халықтан қандай да бір шағым түсетін болса, тұрғын үй қатынастар бөліміне хат жазу арқылы, мердігер мекеменің тарапынан қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп береді екен. Бірақ, жөндеу жұмыстарын жүргізуде де белгілі бір заңдылықтар бар. Тек қабырғаларынан, су, электр жүйелерінен, тағы сол сияқты күрделі жөндеуді қажет ететін қандай да бір ақау шыққан жағдайда қайта жөндеуден өтеді. Алайда, қабырғасынан көршінің дауысын естуге болатын үйлерді бұзып қайта салмаса, жөндеу қиынға соғады-ау деген ой түйдік.

Жалпы тұрғын үйдің сапасына ең алдымен мердігер мекеме, одан кейін техникалық қадағалаушы мекеме, авторлық қадағалаушы мекеме, тапсырыс беруші мекемелер жауапты. Осыншама мекеме өз жауапкершілігіне алған үйлердің таң атқаннан кеш батқанша дастарқаны жиналмайтын қонақжай халық үшін көлемі жағынан таршылық ететіні де рас. Үйлердің жобасын жасағанда қазаққа баспана салғалы жатқанын білді ме екен?

Иә, айта берсең түйткілді мәселелердің шыға беретіні рас. Сыртынан қарасаң көз тоймайтын тұрғын үйлердің ішкі күйі сол баспанаға сағына-сарғая қоныс тепкен тұрғындарға аян. Не болса да, бастысы ел игілігіне берілетін дүниелердің санынан сапасы жақсы болса екен дейміз. Қаншама уақыт кезекте тұрған халықтың «қолымыз жетті ме» дегенде, сапасыз үйлерді көріп, қуанышы су сепкендей басылмаса екен.

М.КЕНЖЕТАЙҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы