ҚҰРЫЛЫСШЫ – МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ

4  550 көрілім

Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай мәртебелі мамандықтардың бірі құрылысшы мамандығы екендігі баршамызға аян. Құрылысшы – адамзат өркениетiнiң бастауында тұрған мамандық. Тұңғыш Президентiміз Нұрсұлтан Назарбаев тамыз айының екiншi жексенбiсiн «Қазақстан құрылысшылары күнi» деп жариялаған болатын.

Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Мемлекет басшысының қолдауымен Тәуелсiздiк жылдары елiмiзде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндiрiс орындары көбейдi.

Иә, Түркістан облыс орталығы болғалы құрылыс алаңындағы жұмыстар бір сәтке бәсеңсіген емес. Карантин режимі кезінде де шаһардағы құрылыс жұмыстары жалғасып жатты. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев «Сақтық шараларын сақтай отырып, құрылыс қарқынын үдете түсу керек», – деген болатын. Осы талаптың үдесінен шыққан құрылысшылардың ерен еңбектері бүгінде өз жемісін беруде.Үш жыл ішінде түрленіп, келбеті келісе түскен облыс орталығы әлі талай тамсандыратын болады.

Түркістанды түрлендіріп, жаңа келбетін қалыптастырушы – құрылысшылар. Яғни, көне қаланың жанынан жаңа ғимараттар салып, тарихқа өз қолтаңбасын қалдырып жатыр.

Аз уақыт ішінде адам танымастай өзгерген Түркістанның басты себепкерлері де осы мамандық иелері екені даусыз. Қалаға көрік беріп, туристтерді тәнті етіп отырған ғимараттар саны күн санап артуда. Көркіне көз тоймайтын «Керуен сарайы», әкімшілік-іскерлік орталықтар, Конгресс холл, «Алатау Медиа» орталығы, қонақ үйлер, театрлар, тағысын тағы тізіп айта беруге болады. Қаз қатар тізілген тұрғын үйлердің сыртқы келбеті де көз сүрінердей.

Қаланың көркеюіне Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің қосып жатқан үлесі зор. Нұрсұлтан Жақсылық басшылық ететін бөлімде оннан аса қызметкер жұмыс жасайды. Бүгінге дейін бірқатар тұрғын үйлердің жобасын жасап, облыс болғалы 17 үйді ел қолданысына берді. Сонымен қатар, Инженерлік инфрақұрылым нысандарын, саябақтардың, 310 га алып жатқан индустриялық аймақ аумағын кеңейту және инфрақұрылым тарту, автомобиль жолдарын, сыртқы жарықтандыру сияқты мәселелерін шешуге аянбай тер төгіп жатыр.

– Алдағы уақытта бірінші құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын нысандарды пайдалануға беру жоспарлануда. Атап айтқанда, саябақтар құрылысынан «Тұңғыш Президент саябағы» нысанын, «Әзірет Сұлтан қорық мұражайын абаттандыру жұмыстарын, «Әкімшілік іскерлік орталықтағы қалалық саябақты және Б.Саттарханов даңғылы бойынан желілік саябақты жыл соңына дейін қабылдаудан өткізіп, халық игілігіне беру басты талап болып отыр. Пәтерге мұқтаж азаматтар мен кезектегі азаматтарға пәтерлерді үйлестіру мақсатында құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлердің жыл соңына дейін 3000-нан астам пәтерін пайдалануға беруді қамтамасыз етпекпіз. Тұрғын үйлерді сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік-іскерлік орталықтағы 7 қабатты 24 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру (су мен кәріз, электр мен газ, көгалдандыру) жұмыстары аяқталуға жақын, – дейді Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жақсылық.

Қаламыздағы ірі көпфункционалды «Керуен-Сарайы» орталығы аумағындағы «50 га аумаққа инженерлік инфрақұрылым құрылысы» нысанын жыл соңына дейін пайдалануға беру үшін автокөлік жолдары, көше жарықтары, жасыл желектер, электрмен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл биылғы жылы құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс нысандар ғана.

– Алда жаңадан әзірленген жоба-сметалық құжаттарды сараптамадан өткізіп, құрылыс жұмыстарын бастау міндеті тұр. Атап айтқанда, қалалық саябақтың 2 кезеңіндегі жасанды көл жобасын, «Парасат» саябағын реконструкциялау, драматеатрдың қосымша ғимаратын, айналма жолдың бойындағы «Тұран» саябағы нысанын және т.б. қаламыздың дамуына арналған бірқатар ірі жобаларды қолға алу керек, – дейді бөлім басшысы.

Құрылысшылардың жұмысы мұнымен тоқтамақ емес. Алда атқарылатын іс қаншама. Бүгінде қарқынды жұмыс жүріп жатқан нысандардың құрылысы аяқталса, қайтадан жаңа жобалар дайындалып, қаланың көркеюін одан әрі жалғастырмақ. Қазіргі таңда Түркістан үшін ең маңызды мамандық иелерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарына толағай табыстар тілейміз. Қаламыздың өркендеуіне қосып жатқан үлестері еселене бергей.

Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы