КІТАПХАНАШЫ – КИЕЛІ МАМАНДЫҚ

3  313 көрілім

«Кітап – алтын қазына» десек, кітапхана іші қазынаға толы алтын сандық іспеттес. Тағылымы мол тәрбие ошағы саналатын кітапхананың алар орны орасан зор. Өкініштісі, интернет дамыған заманда кітапхананың оқырман саны азайып, соның көлеңкесінде қалып бара жатқандай. Кітапхана ісі мамандарының біраз ой-пікірлерін сіздердің назарларыңызға ұсынбақпыз.

Күлзада Малдыбекова, Түркістан қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры: – Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын киелі орда.

Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбаев «Мен кітапханаларды білім, адамгершілік, парасат ордасы деп білемін, ал кітапханашыларды сол ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары деп санаймын» дейді. Иә, қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі мол.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының мәдениет ұйымдары мен мемлекеттік мұрағаттар қызметкер-лерінің жекелеген санаттарына қосымша ақы белгілеу бөлігінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгеріс-тер енгізіліп, мәдениет ұйымдарындағы еңбек жағ-дайлары үшін басқарушылық және негізгі персонал қызметкерлерінің айлық жалақысы 35 пайызға артты.

Қазіргі таңдағы кітапханашылардың орташа жа-лақысы – 94117 теңгені құрайды. Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 13 кітапхана жұмыс жасайды. Атап айтсақ, 1 орталық кітапхана, 1 балалар кітапханасы, 11 қалалық кітапхана-филиалдары. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша жалпы 51 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде шығармашылық қызметкерлер саны – 39. Нақтырақ тоқталсақ, балалар кітапханасы мен №4 кітапхана-филиалында – 1 меңгерушісі мен 2 кітапханашы, 4 кітапхана-филиалдарының әрқайсысында 1 меңгеруші, 1 кітапханашы, ал 6 кітапхана-филиалдарында 1 меңгерушіден ғана жұмыс жасайды.

Соның ішінде балалар кітапханасына тоқталып өтсек: 3 кітапханашы жұмыс атқарады. 1 меңгеруші, 2 кітапханашы. Айлық жалақысының көрсеткіштері еңбек өтіліне, категориясына байланысты балалар кітапханасының меңгерушісінің айлық жалақысы – 108256 теңге, көмекші кітапханашының айлық жалақысы – 101064 теңге.

Айлық жалақыға, коммуналдық қызметтерге жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, қамтамасыз етіліп отырады. Сонымен қатар кітап қоры жергілікті бюджеттен, мемлекеттік тапсырыстан, сондай-ақ сыйға келетін кітаптармен толықтырылады. Жүйе бойынша кітап қоры – 348618, оқырманы – 12970, келушілері – 122025.

Барлық кітапханалар компьютерлік техникамен қамтамасыз етіліп, интернет желісіне қосылған. Кітапхана пайдаланушыларына арналған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жасақталып, заман талабына сай интернет желісі, ноутбук, көшірме көбейткіш құралдарымен жабдықталған.

Жүйе бойынша барлық кітапханалар кітапханалық серіктестік қарым-қатынастарын кеңейтіп, бірлесіп жұмыс жасауда. Іс-шаралар қала әкімдігі, қалалық, облыстық «Нұр Отан», «Жас Отан» ЖҚ, Түркістан қаласы әйелдер кеңесі қоғамдық бірлестігі, «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығы орталығы, ХҚТУ, колледждер, жалпы орта мектептер, «Тұран-Түркістан» телеарнасы, «Түркістан» газетімен бірлесе жұмыс атқаруда. Кітапханалар оқырмандарды кітапханаға тарту мақсатында «Бір қала – бір кітап» акциясы, «Түркістан – тұнған шежіре», «Жаңашылдық жаршысы – кітапхана» атты библиокеруен жобасы мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасау мақсатында «Шексіз мейірім» атты жоба аясында, сондай-ақ орталық кітапхананың жанынан ашылған шығармашыл жастардың ортасын құру, шығармаларын насихаттау мақсатында «Қайнар бұлақ» әдеби отауы, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында ақ әжелерден құралған «Замандас» клубымен бірлесе жұмыс атқарады.

Қазіргі пандемияға байланысты арақашықтықты сақтай отырып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында таңдалған поэзия, проза, балалар әдебиеті, драматургия, көркем аударма бойынша отыз кітапты насихаттау, «Бір қала – бір кітап», «Түркістанның таңдаулы туындысы» акциясы аясында іс-шаралар ұйымдастырып қала көлемінде насихаттауда.

Марияш Мамирова, Түркістан қалалық орталық кітапхананың меңгерушісі: – Мен Ташкент мемлекеттік мәдениет институтының «Кітапхана ісі» мамандығын 1995 жылы бітіргенмін. 2000-2004 жылдар аралығында Қазақ –Ресей мен Қазақ – Өзбек университеттерінде әдіскер, кітапханашы қызметін атқардым. 2004 жылдан бастап Түркістан қалалық орталық кітапханада кітапханашы қызметін атқардым. Биыл 2021 жылдың наурыз айынан бастап орталық кітапхананың кітапхана меңгерушісі қызметін атқарып келемін. Үкімет тарапынан 2020 жылдың қаңтар айында санатқа байланысты 35 пайыз қосылып, қазіргі таңда 98766 теңге жалақы алып отырмын.

Орталық кітапханада 9 қызметкер жұмыс жасайды. Оқу залының кітапханашылары Досбембатова Аманкүл, Төлбасы Эльвира мен Алишова Индира әрбір оқырманның тілін таба білетін талғамы биік, ойы зерек жан-жақты кітапханашылар. Абонемент бөлімінде Саурбаева Аққаным, Иманбердиева Гүлмира мен Шотаева Ақнұр, жылжымалы кітапхана-ның кітапханашысы Амирова Сабринэ, арнайы кітапхананың кітапханашысы Ибрагимов Ержан өз қызметтерін сапалы атқарып келеді. Кітапханашы-ларымыз жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеу-ге және оларды кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға өз үлестерін қосып келеді.

Оқырман мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана дейтін болсақ, кітапханашылар бүгінгі заман ағымына ілесе отырып, оқырмандардың сұранысы мен талаптарына сай барынша толыққанды ақпараттармен қанағаттандырып, оқырмандардың оқуына қажетті жағдай жасап, келешек жас ұрпақтың өз Отанын, туған жерін шексіз сүйетін, елінің гүлде-нуіне мен өркендеуіне үлес қосатын білімді, парасат-ты, жан –жақты дамыған, тілі мен дінін, салт-дәстүрлерін қадірлейтін, оқырмандардың тұлға болып қалыптасуына, рухани дамуына өз үлестерін қосуда.

Кітапхана заман талабына сай жаңа ақпараттық технологияға көшіп, интернет жүйесіне енгізілген, 2019 жылы «Білім» орталығы ашылып, барлық қызмет түрлерін тегін жүргізіп, оқырмандардың жаңа ізденістер жолындағы игілікті әдістерін іздеуге мінсіз көмек көрсетуде. Оқырмандар кең де жарық, жабдықталған оқу залын, библиографиялық-ақпараттық көмек беру бөлімінің, абонементтік қызмет көрсету қызметін пайдалануда.

Кітапхана жұмысында қаламызда ашылған жоғары және орта арнаулы оқу орындарының сұранымы бойынша келісім шартпен оларға жылжымалы кітапхана ашып, оқырмандар контенгентін толықтырудамыз. Сонымен қатар, кітапханамызда атаулы күндер мен белгілі ақын –жазушылардың мерейтойларына арналып инновациялық –көпшілік іс шаралар, тақырыптық көрмелер, танымдық сағаттар, әдеби вернисаж, шок-урок, әдеби кештер,кездесу кештер, әдеби –музыкалық композиция, жыл сайын жолданатын Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау жұмыстары өткізіліп тұрады.

Камшат Абдрасилова, Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ақпараттық – библиографиялық бөлімінің меңгерушісі: – Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі. Өйткені кітапхананың – әлемдік өркениетте алатын орны ерекше деп нық сеніммен айта аламын. Тақырыбымыз кітапхана төңірегінде болғандықтан, мен өзім қызмет жасап жатқан ақпараттық – библиографиялық бөліміне тоқталғым келді. Бөлімнің қоры анықтамалық әдебиеттерден тұрады. Олар негізінен сөздіктер, анықтамалықтар, әр жақты және салалық энциклопедиялар, библиографиялық басылымдар, кітап және газет мақалаларының жылнамалары. Библиографтардың басты және дәстүрлі жұмыстарының бірі – библиографиялық құралдар шығару. Орталық кітапхананың ақпараттық – библиография бөлімі «Бәйдібек би», «Қасиетті түркі жері – Түркістан», «Қазақ боксының қара нары» атты библиографиялық құралдар шығарды. «Қасиетті түркі жері –Түркістан» атты библиографиялық бетбелгіде қаламыздың жаңадан ашылып жатқан ғимараттары туралы тоқталып өттік. «Қазақ боксының қара нары» атты библиографиялық құралда боксшы Әбдісалан Нұрмаханов ағамыз туралы деректер жазылған.

Кітапхана – этика алаңы. Рухани құндылықтарға бай кітапхана өз бағасын жоғалтпаған. Озық технологиялар дамып, қарыштаған кезеңде де өз оқырманымен бағалы. Адамға білім азығын беріп қана қоймай, ішкі мәдениетін байытады. Этикалық қабілетті арттыруға қауқарлы. Жан сарайыңды ашып, үнсіздікте кітап оқу арқылы айналаңызда отырған жандарды сыйлауға жетелейді. Кітапты парақтап оқығанға ештеңе жетпейді. Қолыңа кітапты алып қарағаныңның өзіңде көзбен есте сақтауды арттырады. Кітап оқитын жастар жоқ деген сөзге қарсымын. Оған дәлел біздің оқырмандар. Ақпараттық – библиография бөлімінде оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Бөлімде «РАБИС» бағдарламасы жұмыс жасап оқырмандар өздеріне керекті мағлұматтарды алып, сонымен қатар «Туған жер, туған ел» жобасы аясында туған қаламыз туралы қажетті деректер электронды түрде сақталған және дәстүрлі картотекада өз оқырмандарына қызмет көрсетуде. Бөлімде екі кітапханашы жұмыс жасайды, айлық көрсеткішіміз орташа. Жаңашылдыққа жаны құмартып тұрған кітапханаға келушілерді көргенде жаның жылиды. Кітап – білім бұлағы екенін ұмытпайық. Ол арқылы керек ақпаратты алып қана қоймай, өскелең ұрпаққа насихаттаймыз. Насихат үйден бастау алады. Ата-ана кітап оқыса, өсіп келе жатқан ұл-қыздары да қолына кітапты алары сөзсіз.

Л.ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы