ГУМАНИТАРЛЫҚ БІЛІМ ИЕЛЕРІ НЕГЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕР БОЛЫП САНАЛУДА?

821 көрілім

2020 жылы қала мектебінің де, ауыл мектебінің де айлығын көбейткен кезде ескерілмей қалған мамандар бар. Олар – кітапханашылар. Мектепте мұғалімдермен бірдей қызмет етіп, бала тәрбиесіне де, қоғамдық іс-шараларға да белсене араласып жүретін кітапханашылар неге ескерілмей қалды? Жалпы халыққа қызмет көрсететін кітапхана қызметкерлерінің жалақысы көтерілген кезде де, мектеп мұғалімдерінің айлық жалақысы өскен кезде де мектеп кітапханашыларының айлығы ескерусіз қалды. Мектеп мұғалімдерінің айлығы көтерілгенде неге көтерілмеді? Мәдениет саласындағы кітапханашылардың жалақысы көтерілгенде неге ескерілмей қалды? Біз бүгін осы сауалдардың төңірегінде әңгіме қозғайтын боламыз.

Гүлнар Куленова, Абай атындағы №31 жалпы орта мектептің кітапхана меңгерушісі:- Орталықтандырылған кітапхана кітапханашылары сияқты мектеп кітапханашылары да мәдени – ағарту оқу орындарында оқып «кітапханашы- библиограф» мамандығын алып шыққан. Мектеп кітапханашыларының біразы алғашқы еңбек жолдарын орталықтандырылған кітапханадан бастаған. Бірақ мектеп кітапханаларының орталықтандырылған кітапханалардан ерекшелігі көркем әдебиет қорымен бірге 1-11 сыныптарға арналған оқулықтар қоры бар және бүгінгі таңда мектеп кітапханалары тек оқулықтармен ғана толықтырылады, көркем әдебиеттермен аз жабдықталады. Қазіргі кезде жаңартылған оқу бағдарламасына келетін оқулықтар тоқсан сайын берілетін болған . Әр оқулық 2 бөлім немесе 4 бөлімге бөлінеді. яғни жаңадан келген 4 сыныптың бір оқушысының оқулық топтамасы 18 дана болса, 9 сынып-24 дана, қосымша үш тілділіктен 8 түрлі оқулық, 10 сыныптар үшін екі бағытта 20 данадан келеді. Әр мектепке жылына кем дегенде 1000-1500 оқушыға оқулық келеді. Жоғарыда көрсетілгендей осы оқулықтарды қорға енгізіп, тоқсан сайын ауыстыруды кітапханашылар орындайды. 2000-2010 жыл аралықтарында мектеп кітапханашыларына оқулықтар қорына айлық көрсеткіштің 10 пайыз көлемінде төленетін. Ал, қазіргі кезде осы істелінетін жұмысымыздың барлығына төленетін ақы БДО 17697 теңгенің 30 пайызы яғни 5309 теңге ғана.

Осы уақытқа дейін педагог мұғалімдерге айлық жалақылар қосылғанде мектеп кітапханашыларына да қосылып отыратын. Алайда 2019 жылдан бастап педагог статусын көтеру туралы заңында мектеп кітапханашылары педагогке кірмейді деп олар мәдениет министрлігіне жатады деп сыртта қалдырды. Әрине мектеп кітапханашылары мектепке қарағандықтан орталықтандырылған кітапхана кітапханашыларына қосылған 35% айлық жалақыдан да құр алақан қалды.

Егер де Білім және ғылым министрлігі мектеп кітапханашыларын педагог санатына жатқызғысы келмесе және кітапхана қорын толықтыра алмайтын болса мектеп кітапханашыларын мектептегі медбикелер секілді мәдениет министрлігіне беру керек шығар деген ойдамыз. Егер мектеп кітапханашылары ҚР Білім және Ғылым министрлігінің қарамағына өтсе – 1. Мектеп кітапханашылары осы уақытта жасап жатқандай қорға келіп жатқан кітаптарды өздері редакцияламайды, кітаптар дайын номерленіп печатталып құжатымен келер еді. 2. Көркем әдебиеттер қорға толықтырылар еді. 3.Мектептегі оқырмандарды қалалық облыстық іс шараларға қатыстыруымызға толық жол ашылар еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында берген тапсырмасы негізінде «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асырылуда әрине осы жоба барысында мектеп кітапханалары қорының жағдайы сын көтермейдіндігі туралы және кітапханаға көркем шығармаларды төрт жылда яғни жыл сайын 25% қамтылуы туралы айтылған. Алайда кітапхана қоры оқырмандардың кітапханаға кітап сыйлауы арқылы ғана толықтырылып отыр.

Осы орайда «Қазақтың құлдан да бір тілек» деген мақалы ойға оралады. Әрине Білім министрі мектептегі оқушылардың жағдайы үшін қаржы қарастырса кітапханашыларды техникалық қызметкері қатарынан көтерсе деген ойдамыз.Бүгінгі таңда Мәдениет министрлігіне қарайтын кітапхана меңгерушілерге А3 категориясымен төленсе, мектептегі кітапхана меңгерушілердің санатын С1 және кітапханашылардың санатын С.2 төлеп отыр.Түсінбейтініміз мектеп кітапханашыларын неге төмен бағалайтыны? Мектеп кітапханашылары С категориясына әбден лайықты деп ойлаймыз.

Қандай жағдай болмасын мектеп кітапханашыларының жұмысын ешкім жоққа шығармайды. Себебі, мектепте әрбір оқырманның көңілінен шығып оқырман сұранысын қанағаттандыру үшін орталық кітапханалармен жылжымалы кітапхана ұйымдастырып жүрген, кітап келсе тасымалына дейін өз қаржысын аямай жүрген кітапханашының мұңын кім тыңдап, құқығын кім қорғар екен. Біздің болашағымыз балалар десек балаларымыздың кітап оқуы үшін бірінші кітапхананың мәртебесін таптамау керек деп ойлаймыз. «Оқуға құштар мектеп» жобасы осы жағдайда ғана толық күшіне енеді деп ойлаймыз.

Айгүл Қамбарова, М.Әбенова атындағы жалпы орта мектептің кітапхана меңгерушісі: – Мектеп кітапханашылары «Кітапхана ісі» нұсқаулығы бойынша жалпы 3 бағытта жұмыс жасайды. 1.Білімділік, 2.тәрбиелік, 3.танымдылық. Жұмыс жоспарында осы бағыттарға басты көңіл қойылады.

Орталықтандырылған кітапханада жұмыс істегеннен гөрі мектеп кітапханасында жұмыс жасаған ауыр дер едім. Себебі мектеп кітапханашысы: мұғалім, нұсқаушы, тәрбиеші, бухгалтер, тасымалдаушы қызметтерін қоса атқарады. Біз кітапханаға келген оқырманның сұранысына сай жұмыс жасаймыз. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында да жұмыс жасап жатқан мектеп кітапханашылары. Өкінішке орай көп мектеп басшылары бұл жоспардың мектепшілік екенін түсінбей кітапханашыларға жоспар жасатып, отыр. Әрине жоспарға сай жұмыс жасап отырған да сол мектеп кітапханашылары.

Иә, осынау материалды дайындау барысында жалпы халыққа қызмет көрсететін кітапхана қызметкерлері мен мектеп кітапханашыларының ой-пікірін кеңінен беруге тырыстық. Соның ішінде түрлі себептерге байланысты аты-жөндерін айтқысы келмеген мектеп кітапханашыларының да ой-пікірлерін білуге тырыстық.

– «Еліміздегі барлық кітапханашылардың атқаратыны бір жұмыс. Жоғарыдағылардың неге бөліп жаратынын түсінбедік. Қайта көпшілік кітапханашылардың жұмысы жеңіл. Өйткені, әр бөлімді жеке адам атқарады. Нақтырақ тоқталсам, мектепте кемі екі адамға жүктелген жұмысты ол жерде 5-6 адам атқарады. Оған қоса олардың оқулықпен жұмысы жоқ. Қанша мәрте айтылды бұл мәселе. Мен күдерімді үздім. Басқа оқу оқып, мамандығымды ауыстыруға тырысамын Құдайқаласа.

Айтылмаса сөз жетім дегендей, негізі балалардың кітап оқуы тек қағаз жүзіндегі жай жар салу, оған ешқандай жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мысалы: Биылғы жылы еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына 30 кітапты насихаттау жолға қойылды емес пе? Бірақ кітапханамызға сол 30 кітаптың 1-уі де берілмеді.

Көркем әдебиетті оқу үшін мектеп жасындағы бала қала кітапханаларына бармайды, іздеген көркем әдебиетін мектеп кітапханасынан іздейді. Бұл рас нәрсе. Мемлекет басшысының Жолдауларында кітапхананы қолдау жөнінде игілігі мол жақсы ұсыныстар айтылып жатса да, іске асыруға келгенде ешкім қимылдап жатқан жоқ.

Мектеп кітапханаларының көбісі тар қапас бөлмелерде орналасқан, ол аздай кітапхана бөлмелерінің жартысын сыныпқа айналдырған мектептер де бар.

Мектеп ашылғанда келген сөрелерді бүгінде көрсетуге ұяламыз, ағаштары құрғап, сынып жатыр. Дамыған елдердің кітапханалары қандай керемет. Негізінде көп оқыған адам ғана дамиды, баланы жастай дамытпаса кейін кеш болады» деп жанайқайларын жеткізді өздерінің аты-жөндерін көрсетуді қаламаған мектеп кітапханашылары.

Шынында, мектеп кітапханашыларына заң тұрғысынан да, адам факторы тұрғысынан да қолдау көрсетілмеген. Оның айқын дәлелі мектеп кітапханашылары бір уақытта – мектеп кітапханасының меңгерушісі, мектеп кітапханашысы, абонемент библиографы, оқу залының кітапханашысы, мектеп кітапханасына кітап тасушы, мектеп кітапханасының тазалаушысы қызметтерін атқарады. Мектеп кітапханашылары гуманитарлық білім ала отырып, мектеп ұжымында техникалық қызметкер боп табылады.

Осы қоғамда өмір сүріп жатқан әрқайсымыз да мектепте білім алдық. Әр мектепте бір кітапханашы немесе екі кітапханашы болатынын жақсы білеміз. Олардың қызметі де оқушының көз алдында. Яғни айтайын дегеніміз, біз олардың бір өзі бір­неше міндетті атқаратынын өз көзімізбен көргенбіз. Оның үстіне өзімнің де мамандығым кітапханашы-библиограф болғандықтан осы салада қызмет еткен жылдары «кітапханашы болу – таңертеңнен кешке дейін қанша тірлік атқарсаң да істеген жұмысың бітпейді әрі көзге көрінбейтін қиын, жауапкершілігі мол қиын мамандық екені туралы көп айтатынбыз. Әйтсе де, көп жылдардан бері баспасөз саласында қызмет ететіндіктен, олардың «педагог» болмағандықтан, мектеп мұғалімдерімен мәртебесі бірдей еместігін білмейді екенбіз.

Мектеп кітапханашыларын техникалық қызметкерге теңестіріп, мәртебесін соншалықты түсіріп жібергені түсініксіз жағдай… Содан болса керек, олардың айлығы өте аз. Жаңа жылдан бастап мектеп мұғалімдерінің жалақысы өскен кезде мектеп кітапханашысының айлығы жалақысы сол күйі өзгермей қалған. Мектеп кітапханашыларының айлығы еліміздегі орташа айлық жалақының шеніне де маңайлай алмайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа арнаған Жолдауында «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен кітапхана, музей мен театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлдем көбейген жоқ», деп айтқан болатын. Мемлекет басшысының өзі кітапханашылардың жағдайы­нан хабардар.

Ендеше, алдағы уақытта мектеп кітапханашыларының жағдайы жақсарып, олардың мәртебесі техникалық қызметкерден көтеріліп, педагог-кітапханашы мәртебесін иеленеді деген ойдамыз.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы