ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ

631 көрілім

Ата салтымызда «бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» деген қағида бар. Соғыс ауыртпалығынан есін жиған жылдар шама – шарқына қарай тұрмыс тіршілігін бастан кешті. Құрқылтайдың ұясындай шағын үйде әкелі бала, келін бірге тұруға болар еді.

Өмірбектің анасы құдай қосқан қосағы Алдабергеннің қамын ойлап тұла бойы тұңғышы Өмірзақты келіні Жайнамен бірге бөлек тұруға белін буып еншісін берді. Одан беріде отағасы Алдабергенді дендеген дерт мәңгілік тұрағына алды. Жанұя тіршілігіндегі жүк ана Сараның арқасына батты. Мұны сезген кіші баласы Өмірбек:

– Апа, мен ержеттім ғой. Ел қатарлы еңбек етейін.

– Балам-ау, белің қатып, буының бекіген жоқ. Әлі жассың, оқуыңды оқи бер, – деді. – Түсінем апа, оқу мен еңбек егіз. Еңбек етіп жүріп-ақ, оқимын. Еңбектің наны тәтті, еңбек етейін, – деді.

– Бетіңнен қақпайын, қолыңнан келетін жұмыс істесең істе, ағаң Өмірзақпен бірге бол, – деді. «Ағасы бардың жағасы бар», – демекші ағасы екеуі сол кезде жаңадан құрылып жатқан ПМК-6 құрылыс мекемесіне келді. Мекеме басшысы Михайл Дель Өмірбекке таңырқай қарап, балам-ау, сен әлі жассың ғой, он беске жаңа толыпсың, жұмысты әзірге қоя тұрсаң болады.

– Иә, ағай мен жаспын, еңбек еткеннің наны тәтті. Үйдегі анама ауыртпалық артпай еңбек еткім келеді.

– Жарайсың сөзің тас кесетін жігіт екенсің. Жанұяңды ойлап отырсың, ынта бар жерде, талап бар, талапты ерге нұр жауар. Сағыңды сындырмайын. Үйдің тас қалаушыларына жәрдемші бол деп арқасынан қағып, жұмысқа қабылдаймын, өтінішіңді жаз, – деді. Тасқа таңба басқандай өтінішін жазып берді.

Сол күннен бастап жұмысқа кірісті. Бұл 1963 жылдың жадыраған жазы болатын. «Жас келсе – іске» демекші, тепсе темір үзетін Өмірбек іске бейім, ықыласпен кірісті. Тас қалау да өнер. Алғашқы да екінші разрядты қалаушы болса келе, келе жоғары дәрежелі қалаушы болып көзге түсті. Оқу мен еңбек егіз демекші оқуға деген ынтасын жоғалтпай кешкі мектепте оқып орта білім алды. Өмірге деген құлшынысын, сүйіспеншілігін бағалаған мекеме басшысы Михаил Дель құрылысшылар бригадасының бригадирі етіп бекітті. Талантты жігерлі жас оқу мен еңбекті бірге ұштастырып, Шымкент гидромативтік құрылыс техникумына сырттай оқуға түсті.

Еңбекте шыңдалған Өмірбектің ықылас талабына сүйсінген оқу басшылары: «Сіз оқымай-ақ құрылыс шебері екенсіз» деп құрметтеді. Адамды есейтетін еңбек. Өмірбектің Түркістан төңірегіндегі құрылыста өз қол таңбасы бар. Солардың қатарында қалалық полиция ғимараты, ауылдағы жаңадан салынған мектеп мекемелері, өзі оқып білім алған қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова мектебі бар. Ол кездері еңбек майталмандары бесжылдықтың жеңімпазы белгісімен марапатталатын. Сонымен қатар, әр жылдың социалистік жарыстың жеңімпазы атанатын. Өмірбек бұл сияпаттың бәрінен құр алақан қалған емес. Еңбегінің арқасында құрылыс бөлімінің басшысы қызметін де атқарды.

Адамды құрметке бөлейтін еңбек. Әр кісі өз ісінің қаһарманы. Сол еңбегінің арқасында орталық кәсіподақ комитетінің құрылысқа еңбегі сіңген «Алтын қол» орденімен марапатталды. Өмекең жанұяда да өнегелі шаңырақ иесі. Үйдегі өмірлік жары, елі сүйер құрметті дәрігер Айымхан екеуі 2 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген бақытты жанұя. Осы ұрпақтарынан 14 немере өсіріп отыр. Бүгінде сол ұл-қыздарының қызығын Айымхан анаға көруді жазбапты. Сексеннің сеңгіріне жақындаған Өмірбек Құдайбергенов жанұясының тірегі, ұрпағыңызбен мың жасай беріңіз құрылыс саласының қаһарман қариясы деп, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы