ТЕМІР ЖОЛДА ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАЙЫҚ

1  358 көрілім

Темір жол қашаннан аса қауіпті аймақ болып саналады. Себебі, мыңдаған тонна жүк тиеп алып жүйіткіп келе жатқан пойыздың алдында болу ешкімге де жақсылық әкелмейді.

Темір жол ыңғайлы және қолжетімді көліктің бірі болып саналады, оны күнделікті миллиондаған адамдар пайдалануда. Темір жол көлігінің жылдамдығының өсуі жолаушылардың жолда болу уақытын азайтып, жүктің жеткізілуін тездеткенімен, адамдарға көптеген қауіп төндіретін проблемалар тудырды. Ең басты қиындық адамдардың немқұрайлылығында, балаларға деген жауапкершіліктің аздығында. Ата-ананың бақылауын сезінбеген балалар вагондар үстіне мініп, темір жол арасында жүріп, темір жолды ойынға айналдырады.

Негізінен, темір жолда бөгде адамдармен жарақаттану жағдайларының болуына себеп, олардың темір жолда қауіпсіздік ережелерін білмеуі, сақтамауы, асығыс жүріп, арнайы аспа көпірді пайдаланбауы және де балалардың бұзақылық істерге барып, ойын ойнауы.

Жүріп келе жатқан поездың қажет кезінде дереу тоқтауы мүмкін емес, ол поездың салмағына, жолдың саласына байланысты орташа есеппен алғанда 1000 метрдей жүріп барып тоқтайды. Жылдамдығы 100-120 км/сағ жүріп келе жатқан поезд секундына 30 метр жерді жүріп өтетінін ескерсек, жолаушының жолды кесіп өтуіне 5-6 секундтай уақыт кетеді. Жас жігіттер мен бойжеткендердің әуендерді жақсы көргені сонша, темір жолдан кесіп өтіп жатса да құлағынан плеер, құлаққаптарын шешпегендіктен локомотивтің гуілін естімейді, ал көру сезімі рельсты ыңғайлы аттап өтуге ғана бағытталған.

Бір қарағанда тұрған вагондар қауіп төндірмейтін сияқты, бірақ тұрған вагонға 5 метрден кем арақашыққа жақындауға, астынан өтуге болмайды. Өйткені станцияда тұрған әрбір вагон жұмыс үстінде тұр деп есептеледі, әр секундта ол қозғалысқа келуі мүмкін. Вагоннан шығыңғы әрбір зат киімге ілініп қалса адамды дөңгелек астына тартып әкетеді.

Сондықтан, темір жолдан уақытты қысқартып, өзіңе ыңғайлы жерден өтуге болмайды. Жарақаттануды болдырмау үшін ең бастысы темір жолда арнайы белгіленген орындардан өту керек. Темір жолдан аспа көпірлер арқылы ғана қауіпсіз өтуге болады. Аспа көпір жоқ жерлерде азаматтар темір жолды кесіп өтуге арнайы төсемелерді пайдалануға болады. Адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ. Сондықтан, темір жолдың қауіпті аймақ екенін ұмытпайық, өз өмірімізді өзіміз қадірлейік!

Ләззат РЫСБАЕВА,

Түркістан станциясының еңбек қорғау инженері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы