- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өңірдегі эпидемиологиялық ахуал және екпе егу бойынша арнайы брифинг болып өтті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқарма басшысының орынбасары А.Досанова мәлімет берді.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше Түркістан облысында пандемия басталғаннан бері COVID-19 індетімен тіркелген жағдайлар саны бүгінгі таңға 9424 құрап отыр. Жазылып шыққандар саны – 7599, қайтыс болғандар – 58. Облыс бойынша ПТР зертханаларының саны – 14, оның ішінде мемлекеттік ПТР зертханаларының саны – 10 бірлікті құрайды. Зертханаларда зерттеулер бойынша өткен тәулікте 3345 адам тексерілген. Жалпы, 890698 адам тексеруден өткізілген. Бүгінгі таңға ПТР тесттен қалдық 97268 құрайды. Соңғы тәулікте 132 адам КВИ аурушаңдықпен тіркеліп, оның 59-ы науқас симптомсыз түрі. Облыс бойынша 2060 инфекциялық және 300 карантиндік, 315 реанимациялық төсек-орын ұйымдастырылған.
Қазіргі таңда елімізде Түркістан облысы КВИ аурушаңдығының көрсеткіші бойынша сары аймақта орналасқан. Түркістан облысына ақпан айынан бастап жалпы 607100 доза вакцина жеткізілді. Бүгінгі күнге дейін – 569650 (94%) адам 1-ші компонентпен вакцина қабылдаған. Вакцинаны сақтау және тасымалдау шарттары сақтала отырып, жалпы 141 егу пункттерінде вакцинация жасау жоспарланған. Барлық 141 егу пункттерінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жүргізілуде. 109 дана термоконтейнермен қамтамасыз етілген. Көшпелі егу бригадалардың саны – 80. Тиісті контингентке вакцинация жүргізу үшін даярланған мамандармен (237 – дәрігер, 252 – орта буын медициналық қызметкерлер) қамтамасыз етілген.
Бұдан соң Түркістан облысының санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Б.Елемесов хабарлама жасады. Оның айтуынша Түркістан облысы эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша сары аймақта. Өңірде эпидемиологиялық жағдай күрделеніп, 28 шілде күні 132 коронавирусқа шалдығу жағдайы тіркеліп, бір күндік өсім 2,3 пайызды құраған. Соңғы екі аптада аурушаңдық 2,5 есеге артып, ал пневмония 33 пайызға өскен. Жыл басынан бері облыста індет жұқтырған 5754 адам тіркеліп, жыл басынан бері 12 адам қайтыс болған. Зерделеу нәтижесінде коронавирусты жұқтырып, ауруханаға түскендердің басым бөлігі вакцина алмағандар болып отыр.
Мәселен, үй карантиніне жатқызылған азаматтар жауапкершілікті сезінбестен қоғамдық орындарға шығу фактілері жиілеуде. «Ashyq» бағдарламасы арқылы 20-мамырдан 28-шілде аралығында коронавирус індетін жұқтырған 29 науқас «қызыл» мәртебесімен анықталып, әкімшілік шара көрілген. Карантин режимін бұзып жұмыс жасаған объектілерге және жеке тұлғаларға мобильді топ және аумақтық полиция басқармалары қызметкерлері тарапынан 3500-ге жуық хаттама толтырылып, оларға 200 млн. теңге айыппұл салынған. 34 тойхананы 1 айға жабу бойынша сот шешімі шыққан. Карантин режимін сақтамау фактілерінің арасында көш бастап тұрған отбасылық, мерекелік іс-шаралардың өтуі болып отыр. Бүгінгі күнге дейін 590 тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шаралардың ұйымдастырылғаны белгілі болған.
Сонымен қатар, брифингте Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков облыс орталығындағы эпидемиялық ахуал бойынша ақпарат берді. Бүгінде Түркістан қалалық ауруханасында ковидпен 16 науқас, пневмониямен 44 адам ем алуда. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникалық-диагностикалық орталығында коронавирус диагнозымен 4 адам, пневмониямен 51 адам оқшауланған. 21 науқас аса ауыр жағдаймен реанимация бөліміне жатқызылған. Осылайша, жыл басынан бері COVID-19 диагнозымен тіркелген науқастар саны – 799-ға, пневмония диагнозымен тіркелген науқастар саны – 224-ке жетіп отыр. Түркістан қаласында COVID-19 инфекциясының кезекті толқынына дайындық бойынша, қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде (инфекциялық стационар) 50 төсек орын қарастырылған.
Мамандар ауруды жеңудің бірден-бір жолы вакцина қабылдау екенін айтып келеді. 28-шілдеге дейін қаламызда вакцинаның 1-ші компонентін алған азаматтар – 40240 адам болса, 2-ші компонент бойынша 22700 адам екпе алған. Тұрғындардың саулығын қамтамасыз ету үшін Түркістанда 13 вакцинациялау бекеттері ұйымдастырылды, оның ішінде облыстық департаменттер үйінде мемлекеттік қызметшілерді вакцинациялау үшін егу бекеті ашылған. Сонымен қатар, тұрғындарға өзін-өзі алдын-ала «Egov» электрондық жүйесі арқылы тіркеліп, ерікті түрде вакцинамен егілу мүмкіндігі бар екені түсіндірілуде. «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген. Осы ретте, отбасылық мерекелік жиындардың әлі де тиылмай отырғаны қынжыл-тады. Әр азамат жеке жауапкершілікті сезінбей, бұл дертті жеңу қиынға соғатыны белгілі.
Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында Түркістан қаласында коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша 10 мобильдік топтың құрамы қайта бекітіліп, бақылау артқан. Аталған мобилдік топ мүшелері қаланың 6 мөлтек ауданында және 3 базар мен «Керуен-Сарай» кешенінде («Бекзат», «Шавгар», «Сауран», «Отырар», «Яссы», «Бірлік», «Қуаныш орталық базары», «Жауғашты базары», «Алтын бұлақ базары», «Керуен-Сарай» кешені) эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, коронавирустық инфекцияның таралуын төмендету, қала тұрғындары тарапынан карантин талаптарының сақталуын қадағалауда. Атап айтсақ, күнделікті мобилдік топтың рейдтік тексеру жүргізуі барысында бүгінге дейін 13 298 нысан араланып, 662 хаттама толтырылған.
Облыстық Бас санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, Түркістан қаласында сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көліктер мен базарлар өз жұмысын тоқтатады. Сондай-ақ, саябақтардың, субұрқақтардың жұмысы шектеледі. Туристік нысандар карантин талаптарын сақтай отырып, жұмысын қалыпты жағдайда жалғастырмақ. «Керуен-сарай» кешені келушілерді қабылдайды, алайда ондағы қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы мен ойын-сауық шаралары тоқтатылатын болады. Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, оған жауаптар берілді.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.