СУЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ БАСТАМА, БАРДЫ ҰҚСАТА БІЛУДІҢ НӘТИЖЕСІ

1  000 көрілім

Өткен қыс мезгілі күтпеген тосын оқиғаларға толы болғаны белгілі. Екі тәулік бойы Түркістанда толассыз борандатып қар жауып жарықсыз қалдық. Одан кейін көкке іліндік пе дегенде қар аралас жауын Отырар мен Ордабасы жұртшылығын біраз әбігерге салды. Электр бағаналары құлап, көршілес аудан тұрғындары біршама уақыт жарықсыз отыруына тура келді. Сөйтіп «Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап келіп қалған» қыстың қаһары жылымыққа үйренген түркістандықтарды састырып, тіпті үрей құшағына алды десе болады.

Сол бір үскірік аяздың қайтарымы шығар, жаздың аптап ыстығы да оңайға соғып тұрған жоқ. Желкілдеп өсіп келе жатқан көкмайсаның өңі сарғылт тартып, бойындағы сөлін ыстық жел суыртпақтап барады. Дәл осы шақ Түркістанды жасыл желекке айналдырамыз деп жүрген мамандардың сыналар сәтіне айналды. Бір дарақты артық отырғызудан бұрын, бар дарақты сақтап қалу мәселесі әлі күнге күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл жөнінде «Түркістан» газетінің соңғы уақыттағы әр санында жазылып келеді. Әріптестеріміздің де назары аталмыш мәселеден тыс қалған емес.

Осы аптада облыс әкімі Ө.Шөкеев апталық мәжілісте Түркістанның ажарын ашатын өзекті тақырып аясында жағымды жаңалықпен бөлісті. Атап айстақ, «Түркістанды көгалдандыру, суару мәселесі бойынша жаңа жүйе енгізіліп жатыр. Бұл жүйемен қала аумағындағы барлық 32 сектор түгел қамтылуы тиіс. Біз ағаштарды ағын сумен суару арқылы, Түркістанды жасыл желегі тербелген, бау-бақшасы жайқалған қалаға айналдыруымыз керек», – деген ойымен бөлісті. Енді қаланы суландыру барысында су ұңғымаларынан бөлек, «Арыс-Түркістан» каналының ағын суы шаһар ішін шарлап жатса, оған Қосқорған су қоймасынан келетін «Қотырбұлақ» арнасы қосылып отыр. Облыс басшысы осы бастамаға өзінің оң бағасын беріп, жаңа жүйе бойынша әр көшеге қосымша қуатсыз су жеткізілетін әдістер енгізіліп жатқанын, оның тиімділігі – су шығыны азайып, суғару тәсілі жеңілдейтінін және қаладағы «Жасыл белдеу» аумағы 2 есе ұлғайып, 13 500 гектарға жетенін алға тартты.

Енді бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 20 мың гектарға жеткізу көзделген. Қолымыздағы ұялы телефонға күн райы туралы келген СМС хабарламалар ауа температурасын 46 градусқа дейін көрсетті. Сол кезде желілерде асфальт жолдың үстіне қойылған арнайы ыдыста жұмыртқаның шыжғырылып жатқанын көрдік. Осылайша, жұмыртқа қуырылып жатқан ыстықта қала әкімі Н.Тұрашбеков мамандардың басын қосып жасыл желекті сақтап қалудың жайын қарастырып жүр еді. Соның соңғысы қалыптасқан ауа қолайсыздығына байланысты әкімнің бастамасымен қалалық мәслихат хатшысы М.Таңғатаров, қалалық мәслихаттың депутаты Т.Мұсаев, еңбек ардагері Т.Әбдрахманов және тиісті бөлім басшылары қала іргесіндегі «Қотырбұлақ» арнасының бастауына барып, ағын су мөлшерін арттырудың жолдарын қарастырды.

Нұрбол Әбдісаттарұлы мамандарды тыңдай келе:

– Қолдан келетін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз шарт. Қаланы суландыруға қатысты барлық ұсыныс пен пікірді назарға алып, тиімділігіне қарай қолданысқа енгізуіміз қажет. Сондықтан, суға қатысты кез-келген мәселені үлкен-кішіге бөлмей, басты назарда ұстаңыздар, – деп жауапты сала өкілдеріне міндет жүктеді және оны тікелей өз бақылауында ұстайтынын да ұмыт қалдырмады.

Мамандардың айтуынша, «Қотырбұлақ» арнасы арқылы келетін ағын су «Парасат» саябағындағы 14 гектар өскінді суғарып, саябақ айналасындағы көшелердің арығына да жететіні сөз болды.

Бұл жөнінде қалалық мәслихат депутаты, ауылшаруашылығы саласының маманы Т.Мұсаев өз сөзінде: «Қосқорған су қоймасынан «Қотырбұлақ» каналы арқылы су келеді. «Парасат» саябағы осы арна арқылы суландырылатын болса, екіншіден аталған шағын канал «Арыс-Түркістан» каналына құяды. Енді осы жерде «Қотырбұлақ» арнасын үлкен каналға қоспай, өз ағысымен алып өтіп, «Ақсүмбе» («Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізі бойында) мейрамханасының маңынан қала ішіне қарай жіберетін арна көзі бар. Қала басшысы осы нұсқаны іске асыруға қолдау көрсетіп отыр. Жобаның нәтижесінде «Қотырбұлақ» каналы арқылы қала ішіндегі арық-атыздармен ағын су ХҚТУ-дің шығыс бөлігіндегі аумақ, орталықтағы «Наурыз» ойын-сауық кешенінің маңы және «Мерей» автобекетінің тұсына дейін ағын су баратын болады. Бұл ретте «Қотырбұлақ» арнасының су қоры жетпейтін болса, оған «Арыс-Түркістан» каналынан су беру мүмкіндігі бар», – деп жобаның ұтымдылығын жеткізді.

Сол сияқты барлық үлкен көшелердің бойын көгалдандыру мақсатында «Арыс-Түркістан» каналының суын тиімді пайдалану жобасы іске асырылып жатқаны белгілі. Нәтижесінде, ағын суды қандай да бір қосымша қуатсыз өскіндерге жеткізу, сол арқылы суару тиімділігін арттыру көзделуде.

Айта кетейік, бүгінде қала аумағында саябақтар мен демалыс орындарында құрылыс және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 423 га жерге – 42 саябақ, сквер, аллея мен 19 көшеде – 20 мыңнан астам ағаш пен 1 млн 200 мың шаршы метр газон егілген. Жалпы алғанда, шаһарда 2019-2021 жылдар аралығында 4 млн. шаршыметр газон мен 395 мың дана ағаш отырғызылған. Бұл аумақтарды күтіп баптау мақсатында автоматтандырылған суғару жүйелері орнатылып, су ұңғымалары қазылған. Енді, оған аталған каналдың ағын суын пайдалану қолға алынып отыр.

Облыс басшысы қолдаған жаңа бастама – каналдағы ағын суды қала ішіне әр жүйекпен жөнелтіп, суландыру көзін молайту. Қарап тұрсақ, бұл бір елең еткізер тың бастама емес. Ескі жүйені жаңғырту жолындағы істің көзін табудың нәтижесі. Осы жүйені жетілдіріп, оңды-солды жұмсалатын қаржы ысырапшылдығының алдын алу. Міне, бастаманың мәнісін сын сағатта ұтымды қадам жасап, келешекте артық шығынды қажетсінбейтін ағын суды діттеген жерге жеткізу деп ұғынғанымыз абзал. Ендеше, жаңа бастама баянды болсын деп тілейік.

М.ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы