ДІН ӨКІЛДЕРІ ЕКПЕ САЛДЫРДЫ

647 көрілім

Түркістан қаласының дін өкілдері ХҚТУ-дің клиника-диагностикалық орталығына келіп, «Спутник V» вакцинасын салдырды. Таңнан егу кабинетіне келгендер алдымен дәрігердің тыңғылықты тексеруінен өтті. Екпе алғаннан кейін медбикелер сақтық шараларын түсіндірді. Жалпы дін өкілдерінің айтуынша, өздерін және жақындарын қауіпсіздендіру үшін ғана емес, сонымен қатар пандемиямен күресте Қазақстан халқының бірлігін көрсету үшін екпе салдыру қажет деп шешіп, екпенің дінге қайшы келмейтінін алға тартты.

– Құрметті, мұсылман жамағат! Өзімнің және халықтың денсаулығы үшін алаңдап, алдағы уақытта жағдай жақсарсын деген жақсы ниетпен бір топ имам болып екпе салдырдық. Алдағы уақытта жағдайымыз жақсарып, қалыпты өмірге келуіміз үшін жұмыла күресуіміз керек. Әр облысымыздың имамдары яғни әріптестеріміз екпені алып жатыр, тіпті ҚР Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының өзі осы іске ұйытқы болды. Харам еш нәрсесі жоқ. Тек қана біздің еліміз емес, басқа да ислам дінің ұстанатын араб мемлекеттері де өзінің тиісті пәтуасын берген.

Мемлекетіміз ешқашан халқы үшін дұрыс емес нәрсені насихаттамайды. Бұл жер бетін шарпыған індеттен біздер бірігіп, екпе алып сақтануымыз керек. Мешіттер ашылып, құлшылық ғибадатымызды жасасақ. Соңғы кезде бұл жағдай «дінге қайшы келеді»,- деген алып қашпа әңгімелер желдей есіп тұр. Бірақ олай емес. Вакцинация денсаулықты сақтауға басқаларды қорғауға көмектеседі. Дін бұған қарсы келмейді, – деді Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Қарақұлов.

– Бүгін әріптес имамдармен келіп коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компанентін салдырдық. Қазіргі таңда екінші жылға созылған коронавирус пандемиясының салдарынан бүкіл әлем қатаң шектеулер режимінде өмір сүруде. Бүгінгі күні бұрынғы өмірге тез оралуға көмектесетін жалғыз құрал ол «екпе» болып отыр. Жалпы екпе салу әркімнің өз денсаулығы үшін керек. Барлық адам ерікті түрде салдыру керек. Мәжбүрлі түрде емес. «Дінде болады, не болмайды» – деген алып қашпа әңгіме бар. Алайда діни тұрғыдан өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы екпе алу науқаны басталған кезде тиісті пәтуасын шығарып қойған.

Қоғамдағы алып қашпа әңгімелерге мән берудің қажеті жоқ. Тойтарыс беру өз қолымызда. Еліміздің әрбір азаматы бас тартпастан екпені алып, ұрпақ болашағын ойлау қажет. Мысалы, Сауд арабиясы қажылыққа баратын болса бірнеше екпені салдырады. Бұны харам деп айтудың өзі қиын. Егер қажылыққа баратын адам харам болса екпені қабылдамас еді. Сондықтан, ел басқарып отырған ағаларымыз халықтың жағдайын ойлағаннан кейін екпені ерікті түрде алуды көздеп отыр. Имамдарымыздың 80% екпе салдырып қойды. Ендігі кезекте 21 күннен кейін екпенің екіншісін қабылдауға келетін боламыз, – дейді Түркістан қаласының бас имамы Ұлықбек Алиакбарұлы.

Сондай-ақ, екпе алушылардың қатарында ерікті түрде жастарымыз да бой көрсетті. Соның бірі Түркістан музыкалық драма театрының актері Болатбек Оспан өз ойымен былайша бөлісті:

– Пандемеядағы індеттің өршуіне байланысты одан құтылудың жалғыз бірден бір жолы ол екпе болып отыр. Сондықтан, мен ерікті түрде өзімді және жақындарымды қорғау мақсатында екпе салдыруға келіп отырмын. Ең біріншіден, денсаулық өзімізге керек. Қазіргі таңда екпеден қашатындарды мүлдем түсінбеймін. Және олардың теріс көзқарастарына да келіспеймін. Сол үшінде сіз болып, біз болып мемлекет тағайындаған ұсыныстан бас тартпауымыз керек. Сонда ғана індеттің өршуін жеңілдетеміз.

Мен өз құрдастарымды ерікті түрде екпе алуға шақырамын. Өйткені, болашақтың кілті жастардың қолында. Жастар көбіне жаспыз, бізде ауру жеңіл өтеді, «ауырып тұру қалыпты» деп ойлайды. Бірақ, әр отбасында үлкен кісі бар, ата-әжесі бар. Сол үшінде біз тек өзімізді ойламай ата-анамызды, жақындарымыздың қауіпсіздігін ойлауымыз керек, – дейді.

Балдәурен ЖҰМАБЕКОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы