ҚАЗАҚ КЕЛIНI АТАНҒАН ГҮЛФИНҰР

817 көрілім

Бүгінде 55 жасқа келiп, мерейi тасып отырған қазақ келiнi Гүлфинұр Абдрахманованы көптен танитынмын. Тiптен, оның өзге ұлттың қызы екенiн бiлмеппiз. Қазақ халқының мақал-мәтелдерiн жиi қолданып, әрбiр сөзiн мiрдiң оғындай ойланып сөйлейтiн байыпты да байсалды, әдемi келiншектiң татар халқының қызы екенiн жақында ғана бiлдiк. Бiлген заматта, өзiмiздiң Гуля досымыз жайлы жазуға бекiндiк. Иә, Гүлфинұрды кiшкентайынан барлығы Гуля деп атап кеткен.

Қасиеттi Отырар топырағында дүниеге келген татар қызы киелi Түркiстан қаласында тұратын қазақ жiгiтiне тұрмысқа шығады. Бүгiнде Рабил Асанов екеуiнiң шаңырақ көтергендерiне де 26 жылдан асып қалыпты. Өмiрге әкелген Гүлнұр, Асхат, Венера есiмдi ұл-қыздары жоғары білімді, өз мамандықтары бойынша еңбек етіп жатқан жас мамандар. Тұла бойы тұңғыштары Гүлнұр Ержан есiмдi қазақ жiгiтiне тұрмысқа шыққан, бүгiнде бақытты жас отау иелерi.

– Қайынатам Жұмадiлла Ұлы Отан соғысы кезiнде темiржолда еңбек еткен, тыл және еңбек ардагерi болатын. Жеңiс туы желбiреген 1945 жылы атамның тылдағы еңбегi ескерiлiп, өкiмет үй берiптi. Иә, бiз көп жылдар бойы атамыздың үйінде тұрдық. 2019 жылы жер үй сатып алып, сонда тұрып жатырмыз.Атам Жұмадiлланың жатқан жерi жайлы, жаны жәннатта болсын,-деп тiлеймiн. Қайта-қайта рахметiміздi айтып, Құран бағыштап отырамын атамның рухына,-деп атасы туралы әңгiмелеп бердi Гүлфинұр бiзге.

Иә, Гуля досымызбен әңгiмелесе отырып өмірдерегінің сырларына қанықтық. Ендеше, өзiн тыңдасақ: – Менiң нағашы әжем Ресей елiнен 1947 жылдары келсе, өзiмнiң әкемнiң ата-аналары репрессия кезiнде келiптi қазақ елiне. Әкемнiң есiмi Сейiтахмет екен, жергiлiктi қазақ халқымен тығыз байланыста болғандықтан, есiмдерi де ауысып Сейдахмет атанып кетiптi. Үйде ғана татарша сөйлескенiмiзбен, достарымның барлығы қазақ болғандықтан қазақ тiлiне кiшкентайымнан қанығып өссем, ал, орыс тiлiн бiлмей өстiк. Шәуiлдiрдегi В.И.Ленин атындағы орыс мектебiне бердi менi ата-анам. Бiрауыз орысша бiлмеймiн, қайта қазақша сайрап тұрмын. Содан орыс тiлiн әрең үйрендiк қой. Қазақ тiлi сабағын өте жақсы көретiнмiн, басқа балалар қазақ тiлiне шорқақ болып тұрғанда, қайран қалып отыратынмын, «неге қазақ тiлiнде сөйлей алмайды», – деп. Қазақ тiлi сабағы болайын деп жатқанда, сынып жетекшiмiз: бұлар қазақ тiлiн таза сөйлейдi, өте жақсы бiледi, сабаққа қатыспай-ақ қойсын, – деп бiздi қазақ тiлiн бiлетiндердi баскетбол ойнауға жiберетiн. Сонда қазақ тiлiн бiлетiнiмiзге мақтанып жүрушi едiк. Бүгiнде қазақ, татар, орыс тiлдерiнде еркiн сөйлеймiн. Егер де менiмен сөйлесiп тұрған басқа ұлт өкiлдерiнiң қазақ тiлiн бiлетiнiн, тiптен түсiнетiнiн бiлсем, мен онымен қазақ тiлiнде сөйлесемiн. Өйткенi жаныма қазақ тiлi өте жақын, кiшкентайымнан өзiмнiң ана тiлiм – татар тiлiмен бiрдей қатар сөйлеп келе жатқан тiлiм ғой. Менiң достарымның бәрi қазақтар,-дейдi Гүлфинұр.

Қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, өсіп-өніп, екі немеренің әжесі атанып отырған Гүлфинұр бақытты отбасының отанасы екендігін мақтан етеді.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы