САЯБАҚ ЕРІККЕНДЕРДІҢ ЕРМЕГІНЕ АЙНАЛМАСА ЕКЕН

807 көрілім

Заман өзгерген сайын адамзаттың тәрбие жолдары да өзгеруде. Дегенменде біз қазақ елі ежелден ұрпағын тәрбиелеп, оның бойына адалдық пен тазалықты, имандылықты дарытып, ата-ана мен салт-дәстүрді құрмет тұтқан халықпыз. Алайда, бүгінгі күнде жастарымыздың келбеті өзгеріп отырғандығы баршамызға аян. Ол батыс елдердің мәдениетіне еліктеушілік ырқынан шыға алмауы. Әрине, барлығына бірдей топырақ шашпаймыз. Бірақ көзіміз көріп, көңілімізді түсіретін жастардың бұл қылығына үнсіз отыра алмадық.

Бүгінде «Жеңіс» орталық саябағына демалуға келетіндердің қарасы көп. Саябақтың оң жағалауында балақайлар күндіз-түні аттракциондарда көңіл көтереді. Сол саябақтың ішінде қаламыздың жылнамасын жазып жүрген төртінші билік өкілдері мен қалалық «Nur Otan» партиясының ғимараты орналасқан. Алайда, соңғы кезде замандас құрбыларымның бойындағы теріс қылықтарын, қазақи бояуға мүлдем ұқсамайтын жат бейнелерін көріп, қынжыламын. Қаламыз көркейді, саябағымыздың іші баққа толды деп жүргенде кейбір «Әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы жоқ» жүгенсіздердің саябақтың ішін ластап жүргені көңіліңе кірбің ұялатады.

Тіпті кейбірі ғимараттың маңайында қазақтың уыздай жас ұлы мен қызының көзге оғаш әрекеттері, әр орындықтың түбінде арсыз қылықтарын көрсетіп қымсынбайды да. Ондайда көрсең де көрмегендей болып басыңды төмен салып, аузыңа құм құйылып кете бересің. Қисынсыз әрекеттері үшін біздер ұялып жүргенде олар болса сиқысыз әрекеттерін тіпті ерсі санамайды. Кейде маған сол жастардың ардан безген қылықтарынан өздерін ғана емес бүкіл қоғамды улап жатқандай көрінеді. Көпшілік адам шоғырланатын жерде өздерін бұлай әдепсіз ұстау орынсыз дер едім. Бұл алғаш рет орын алып жатқан жәйт емес.

Өзекті тақырып бұрын да айтылып жүрген шешімі жоқ мәселе. Бұлай жалғаса берсе қоғам бұзылып, арты жақсылыққа апармасы анық. Саябақта жастарға демалмасын, қыдырмасын демейміз. Бірақ әр нәрсенің жөні болады. Мәдени ошағы қалыптасқан сәні мен салтанаты жарасқан «Жеңіс» орталық саябағы еріккендердің ермегіне айналмаса екен. Тым болмаса сая тауып келетін егде тартқан қарттарымыз бен балғын балалардың санасын уламаса екен. Сондықтан қоғамдық демалыс орындарды тәртіпке келтіріп, талапты күшейтпесек небір сорақылық істердің алдағы уақытта орын алмасына кім кепіл. Осы орайда, қоғамдық орындарда тәртіпті бұзғандарға қатаң шара көріліп, тиісті сала мамандары мен қалалық полиция басқармасы тарапынан шара қолдануларын сұранған болар едік.

Б.РАХМАНБЕРДІҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы